Елде қанша майнинг ферма заңды жұмыс істеп жатыр

2918

Жыл басынан бері заңсыз биткоин өндірген 51 ферма анықталған. 

Елде қанша майнинг ферма заңды жұмыс істеп жатыр

Бүгінде Қазақстанда 240-тан аса майнинг фермаcы тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елде цифрлық майнинг заңды кәсіпкер ретінде мойындалғанына 2 жыл ғана болған.

"2020 жылғы 25 маусымда Мемлекет басшысы "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №347-VI заңға қол қойды. Бұл елімізде криптоиндустрияны заңнамалық реттеудің негізін қалауға мүмкіндік берді. Осылайша, цифрлық майнинг заңды кәсіпкерлік қызмет ретінде танылып, цифрлық активтер мен блокчейн ұғымдары анықталды", – деп жазылған министрлік жіберген хатта.

 

Ведомство елде қанша майнинг фермаcы заң бойынша жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

"Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидаларын бекіту туралы" Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 13 қазандағы №384/НҚ бұйрығы (бұдан әрі – бұйрық) негізінде цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы хабардар ету тәртібі айқындалды. 2022 жылғы 5 сәуірдегі жағдай бойынша бұйрық шеңберінде министрлікке 245 ұйым цифрлық майнинг қызметін бастағанын ресми түрде хабарлады", – деп жазылған хатта.

 

Қанша ферма заңсыз биткоин өндірген?

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің өкілі Әлібек Әбділов ҚМА Президенттің тапсырмасына сәйкес майнинг фермаларының қызметіне кешенді тексеру жүргізіп жатқанын жеткізді.

"Жыл басынан бері 55 майнинг фермасы қызметін өз еркімен тоқтатты. Тағы заңсыз жұмыс істеген 51 майнинг фермасы анықталды. Олар қызметін бастағаны туралы уәкілетті органға хабарламаған немесе техникалық шарттарсыз энергиямен жабдықтау көздеріне заңсыз қосылып, арнайы экономикалық аймақтардың аумағына негізсіз орналастырылды, сондай-ақ салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды. Бүгінде заңсыз жұмыс істеген барлық майнинг фермасы электрмен жабдықтау көзінен ажыратылды", – деді Әлібек Әбділов.

Танымал кәсіпкерлер

Биыл 15 наурызда ҚМА Қазақстанда жұмыс істеген 55 майнинг фермасы елдегі танымал тұлғалармен байланысты болғанын хабарлаған. Биткоин өндірген фермалар Болат Назарбаев, Александр Клебанов, Ерлан Нығматуллин сынды танымал кәсіпкерлер мен QazaqGaz ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі болған.

"Бүгінде бұл деректерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексі 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге мәліметтер жарияланбайды", – деді ҚМА баспасөз қызметінің өкілі.

Тәркіленген жабдықтар

Ол майнинг фермаларынан құны шамамен 100 млрд теңге болатын 67 мыңнан аса жабдық тәркіленгенін атап өтті.

"Аталған құрал-жабдықтар мемлекет пайдасына тәркіленіп, соттың шешімі шыққан соң жойылады немесе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің сәйкес құрылымдық бөлімшелері арқылы сатылады", – деді Әлібек Әбділов.

 

Сөз соңында ол заңсыз майнинг фермаларды анықтау Қазақстанда электр энергиясын тұтынудың өсуін тежеуге ғана емес, энергия қуаттылығының босатылуына да ықпал ететінін жеткізді.

"Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елдегі электр энергиясын тәуліктік тұтыну 600 Мегаватт/сағатқа төмендеді", – деп түйіндеді сөзін ҚМА баспасөз қызметінің өкілі.

 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу