Елдегі базалық мөлшерлеме қандай болуы керек?

1328

Бүгінде базалық ставка 14,25 пайыз деңгейінде.

Елдегі базалық мөлшерлеме қандай болуы керек? Фото: online.fingramota.kz

Бейсенбі күні Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша шешімі белгілі болады. Монетарлық реттеушінің алдағы шешіміне қандай фактор әсер етуі мүмкін? Қазақстанда базалық ставканың мөлшері қандай болуы керек? Осы тақырып төңірегінде экономист Мақсат Халық пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

"Мен өзім бақылайтын ең бірінші фактор АҚШ-тың Федералдық резервтер жүйесі және оның басшысының жасаған баяндамалары. Олар да соңғы уақыттарда қыркүйектен бастап базалық ставканы түсіреміз деген шешімге келіп отырғаны бар. Егер АҚШ-та доллардың пайыздық мөлшерлемесі көтерілетін болса, онда дамушы елдердің барлығының орталық банктері көтереді. Олар түсірсе, бізде де төмендейді. Соған қарағанда бізде де жеңілдетілген ақша-несие саясатына қарай бір табан жақындай бастайды деуге негіз бар. Бірақ бізде басқа да факторларға қарайды. Атап айтқанда, елдің экономикалық жағдайы, мұнай бағасы. Осыған талдау жүргізе отырып, Ұлттық Банк елдегі инфляциялық деңгейге де қарайды. Ең негізгі көрсеткіш сол. Егер инфляция жоғары болса, онда базалық пайызды түсіруге асықпайды. Ал егер инфляция тұрақталып, төмендей бастаса, онда базалық пайызды түсіре бастайды", - деді сарапшы редакция тілшісіне берген жауабында.

Мақсат Халықтан елімізде базалық ставканың мөлшері қандай болуы керек екенін сұрадық.

"Қазір Ұлттық Банктің инфляцияны таргеттеу деген саясаты бар. Оған қарайтын болсақ, 2025 жылдан әрі қарай 5 пайыздық инфляция болады деп отыр. Егер оған сүйенсек, онда базалық пайыздық мөлшерлеме 7 пайыз бен 9 пайыздың арасында болу керек деп есептеймін. Қазір бұл 14 пайыздың үстінде", - деп атап өтті ол.

Экономист жоғары пайыздық мөлшерлеме экономикаға кері әсер тигізетінін айтады.

"Бірінші кезекте бұл несие пайыздарының жоғары болуы, елде арзан несиенің болмауы. Ол ипотекалық несиелер мен бизнес үшін несие. Қазіргі уақытта бізде бизнес 20 пайыздың деңгейінде несие ала алады, бұл өте жоғары. Сондықтан да ондай несиеге ешқандай кәсіпкер бармайды, керісінше бізде іскерлік белсенділік төмен, экономикалық өсім жоқ. Ең негізгі мәселе осында. Барынша төмен пайыздық мөлшерлеме болған жағдайда несиелердің пайызы төмендейді де, іскерлік белсенділіктің жандануына әкеледі. Базалық ставканың жоғары болуы көп жағдайда елдегі инфляциямен күреске ықпал етті деп айтуға болады. Бірақ онда да көп емес. Алайда базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы несиелердің қымбат болуына әкелді, ол бизнестің дамуына кері ықпал етіп отыр. Бізде арзан ипотекалық бағдарламалар да жоқ. Демек мұнда белгілі бір дәрежеде әлеуметтік мәселе де жатыр", - деді экономист Мақсат Халық.

Жақында Halyk Finance талдау орталығы Ұлттық Банктің базалық ставка бойынша алдағы шешіміне қатысты өз болжамын ұсынды. Онда "басқа да факторларды ескере отырып, базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетуге болады деп санаймыз" деп жазылған.

"Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда жыл аяғына дейін базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейі 13,5%-ды құрайды, тиісінше базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуін жалғастыруға болады. Алдағы отырыста Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады және монетарлық реттеуші одан әрі консервативті әрекет етеді деп сенеміз", - делінген Halyk Finance болжамында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу