Елдегі эпидемиологиялық ахуал қалай құбылуда?

17518

Таңдаулы бес дәрінің тізімі жасалып жатыр.  

Елдегі эпидемиологиялық ахуал қалай құбылуда?

 Пневмония мен коронавирусты үйден емдеуге арналған 5 негізгі дәрі бекітілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. 

"Осы шаралармен қатар біз тікелей пневмония мен коронавирустық пневмонияны, коронавирусты үй жағдайында, амбулаторлық тәсілмен емдеуге мүмкіндік беретін  5 негізгі фармацевтикалық дәріні енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 

Осының арқасында науқастар асқынудың алдын алып, қажет дәріні нарықтан іздеп әуре болмайды. Қазір процедура жүріп жатыр, емдеу қаулылары енгізілуде. Тіпті аталған дәрілерді жеткізу жұмыстарын пысықтап жатырмыз.  Бұл науқастардың көмекті үйден алып, өз сырқатын ауруханға дейін жеткізбеуі үшін керек", – деді министр. 

Алексей Цой ғалымдармен бірге үйден ем алушылар мен амбулаторлық түрде емделіп жатқан науқастарға берілетін дәрілердің тізіміне тоқталды.  

"Қазір бұл дәрілердің тізімін талқылап жатырмыз. Негізінен ол антикогулянттар, ыстық түсіретін құралдар, антибиотиктер болады. Қазір тізімін жасақтап жатырмыз. Жағдайы жеңілірек науқастар дәрігердің бақылауымен осы дәрілерді қолданатын болады. Қазір комиссия талқылап жатыр. Дәрілер тобы белгілі. Енді нақты аталымдарды біздің ғалымдар пысықтап жатыр. Осымен бірге фабрикаларға осы топтағы дәрі-дәрмекті жедел жеткізу бойынша хат жолдап жатырмыз", – деді ол. 

Министр онлайн-брифинг кезінде  ел арасында наразылық туғызған ақпарат туралы  да толық түсініктеме берді. 

"Негативті ақпарат мөлшерін 10 пайызға азайту деген сөз контекстен қиып алынған. Бұл біздің жұмыстың мақсаттық индикаторларының біріне кіретін көрсеткіш болатын. Негативті ақпаратты қысқарту деген халықпен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, елдің көңіл-күйін өлшеуге бағытталған барометр еді. Өңірлер ішінде жүйе қаншалықты халыққа жақын, соны анықтау үшін жасалған жоба болатын. Кейбір өңірлік комиссиялар деректерді кешіктіріп беріп жатыр. Тіпті бір айға дейін созып жатқандар бар. Оның үстіне деректерді өте сауатты жасалуы керек. Әрі ашық болуы керек. Осы ақпараттарды беретін комиссиялардың ашықтығын ішкі сапаны бақылау органдары қамтамасыз ететін болады", – деді Алексей Цой.

Әлеуметтік желіде күзге қарай балалар арасында коронавирустық пенвмония көп тарауы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят осы ақпарат туралы пікірін айтты.

"Күзде вирустық инфекциялардың бас көтеретіні белгілі. Тұмау бар, басқа да вирустар бар. Олардың көбі асқынған кезде вирустық пневмонияға әкеледі. Соған байланысты, маусымдық инфекцияның көтерілуіне байланысты айтылып жатқан әңгіме шығар.  Осы балалардың арасында індет көп таралмауы үшін Үкіметтің балалардың мектепке апармау, оқшаулау жөнінде шешімдер қабылдап жатыр. Балалар арасында аурудың таралуын күшейтпеу, балалар арасында өлім-жітімді болдырмау мәселелесі маңызды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят Қазақстанда коронавируспен қайталап ауырған жағдайлар болмағанын айтты.

"Қазақстанда коронавируспен қайта ауыру жағдайы тіркелмеген. Күрделі кезеңін өткеріп, тест тапсырғанда оң нәтиже шыққан жағдайлар бар. Мұны мамандар бұрынғы инфекцияның қалдықтары деп бағалап отыр. Сондықтан Қазақстан аумағында бұл індетпен қайталап ауырған дерек жоқ деуге болады. Ал иммунитеттің қанша уақытта пайда болатыны туралы әлем ғалымдары да нақты жауап таба алмай отыр. Оны мамандар әр науқастың инфекцияны қаншалықты ауыр өткергеніне байланысты деп отыр",  – министрлік өкілі.

Коронавирустық пневмония салдарынан тыныс алуы ауырлаған науқастарға жалғанатын оттегі баллондарын үйде қолдануға болмайды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят осындай секерту айтты.

"Оттегі баллонын үйде қолануға болмайды. Бұл жарылысқа әкелуі мүмкін. Ауруханада оттегінің мөлшерін сырқаттың салмағына, жасына, өкпенің күйзелісіне қарап дәрігер анықтайды. Үйде оттегі баллонын ұстауға болмайды. Оттегі концентраторының 5 литрлік түрлері бар, сол апппаратты үй жағдайында қолдануға болады",  – деді вице-министр.

Брифингті қорытындылаған Алексей Цой халықты локдаун біткеннен кейін, босаңсып кетпеуге үндеді.

"Шектеу шаралары алынғаннан кейін босаңсып кетпеу өте маңызды. Осы кезеңдерде қалыптастырып үлгерген сақтық әдеттерін әрі қарай жалғастыра беру керек. Бәріміз жауын жауса, қолшатырмен қорғанамыз. Күн суытса, жылы киіне бастаймыз. Бұл бізде автоматты түрде болады. Инфекцияға қарсы сақтық шаралары да осындай нормаға айналуы керек. Қашықтықтық сақтау, маска тағу, жақындарға қамқор болу шаралары қалыпты өмір салтына айналатын кез ежтті. Әрбір азаматқа айтқым келеді. Денсаулық сақтау жүйесіне барынша көмек жасап, жеке гигиеналық тазалықты сақтайық, карантин шарттарына бағынайық. Спортқа ден қойып, имуннитетімізді көтерейік. Сонда ғана бұл ауыр кезеңді өткереміз.",  – деді ол.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу