"Елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты" - Абзал Құспан

1012

Депутат Ұлттық банктің базалық ставкасын төмендетуді ұсынды. 

"Елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты" - Абзал Құспан Фото: t.me/mazhilis_kz

"Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ биыл сәуір айында жүргізген статистикасына сәйкес, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген. Бұл – елдегі экономикалық белсенді халықтың 77%-ы. 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 күннен кешіктіріп төлеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

"take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болады. Дереккөздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75% (биылғы сәуір айы) екені көрсетілген. Бұл 159 елдің ішінде 143 орыннан көрінуге септігі тиді. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германияда – 3,75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% деңгейінде белгіленген. Шетелдердегі қаржылық институттар шағын және орта бизнестің дамуына мүдделік танытып, бизнес жобаларды көптеп қаржыландырып жатады. Посткеңестік елдерге келсек, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14%-ды құраса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25%-ды құраса, Камбоджада 0,88% екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұнған Қазақстан халқы несиені 16,75% мөлшерінде неге алады?", - деді депутат.

Сарапшылардың сөзінше, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. 

"Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз. 2023 жылдың 19 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз деп сынаған еді. Әрине, бұған Үкіметпен бірге екінші деңгейлі банктер де жауапты екені анық", - деп толықтырды ол.

Мәжілісмен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтерін мысалға келтірді. Оған сәйкес ВТБ Банк пен "Bereke bank" АҚ жылдық пайыздық ставкасы 21,5%-ды құрайды. 

"Банк ЦентрКредит" АҚ – 23,6%, "Еуразиялық банк" АҚ – 23,7%, "Kaspi bank" АҚ – 24,4%, Home credit bank" АҚ 28,5% көлемінде несие береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз халықты қанаумен тең ғой. Шын мәнінде, Ұлттық банк жылына 56% пайыздан аспауы керек деген шектеу халықшыл шешім емес! Бұл – халықты тығырыққа тірейтін шешім", - деп атап өтті ол.

Абзал Құспанның айтуынша, салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25%-ға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56 пайызға дейін көтеріп, халықты белшесінен қарызға батырып отыр.

Депутат қарапайым халыққа қымбатшылық пен жоғары пайыздық мөлшердегі несие ауыр тиіп жатқанын алға тартты.  

"Қазақстанда 7,1 миллион адам несиемен өмір сүріп жатыр. Яғни халықтың 36%-ы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі. Біз әлем елдерінің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшерін (базалық ставканы) төмендетуді ұсынамыз. Бұл халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болар еді", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу