Елдегі тұңғыш сайлаудан бері дауыс берушілер саны қаншаға өсті?

1532

Сайлаушылар тізімін қалыптастыру да мемлекеттік маңызды іс.

Елдегі тұңғыш сайлаудан бері дауыс берушілер саны қаншаға өсті?

Республикада президенттік немесе парламенттік дода жарияланғанда билік алдынан дәстүрлі түрде үлкен бір мәселе туындайды. Әділін айталық, бұл түйткілге тіпті дүниежүзіндегі демократияның ұстыны дейтін державалар да тап болады. Мысалы, Францияда президенттік аламанда сайлаушылар өздерінің түрлі тізімге бірнеше рет қосылып кеткенін хабарлап, жанжал көтерілген.

Сайлаушылар тізімінің нақты, өзекті болуы – кез келген cайлаудың ашық, адал өтуінің басты алғышарты. Кандидаттарға қатысты өз ықтияр білдіруді қалап, дауыс беру учаскесіне асыққан азамат тізімнен өз атын таба алмаса, дұрыс болмайды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізімдерін жасауды сайлау процесінің маңызды элементі деп атады. Өйткені азаматтар сайлаушылардың тізімдері негізінде конституциялық құқығын іске асырады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы олардың толық тізімін құру мәселесін өз жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр.

"Бұл науқанның ерекшелігі сол, республиканың барлық аумағында да, сондай-ақ жекелеген аумақтық сайлау округтері аясында да орталық және жергілікті өкілді органдардың депутаттарын сайлау бір мезгілде өткізіледі. Осыған байланысты уәкілетті органдардың алдында азаматтарды тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етудің және оларға азаматтардың өтініштері негізінде әрбір сайлау округі шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізудің ерекше міндеті тұр. Әкімдер келіп түскен барлық өтінішті ескере отырып, сайлаушылардың дұрыс және өзекті тізімдерін қалыптастыру бойынша барлық түбегейлі шараларды қабылдауы қажет", – деді ОСК басшысы.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Республика сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11 миллион 976 мың 406 азамат енгізілді.

Бір қызығы, азат Қазақстан тарихында ұйымдастырылған тұңғыш бүкілхалықтық сайлауға – 1991 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақ КСР Президенттін таңдауға 8 788 726 қазақстандық қатысыпты.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң Кеңес одағы күштеп көшірген өзге ұлт диаспоралары тарихи отандарына жаппай қайта бастады. Нәтижесінде, 1995 жылғы 9 желтоқсанда тұңғыш кәсіби Парламенттің бірінші шақырылымын қалыптастыруға бағытталған Мәжіліс сайлауында 7 153 443 сайлаушы ғана дауыс берді.

90-шы жылдардың ортасында миграция алапат сипат алды. Бір жылда екі миллиондай қазақстандық шетелге қоныс аударған кезең болды. Тарихи атамекендеріне оралуды қалаған өзге ұлт өкілдері сыртында экономикасы ауыр дағдарысқа душар болған елден кетіп, төрткүл дүниенің өзге бұрышынан өмірге қолайлы мекен іздеген қазақстандықтар да көбейді. Салдарынан, 1999 жылғы 10 қазандағы Парламент Мәжілісі сайлауында дауыс бергендер қатары небары 5 253 864 азаматты құраған. Бұл азат Қазақстандағы тарихи минимум болатын.

Дегенмен ХХІ ғасырдың басында елдегі әлеуметтік, экономикалық ахуал жақсарып, оның шапағаты демографияға жайылды. Соның арқасында 2004 жылғы 19 қыркүйектегі Парламенттік сайлауда дауыс берушілер тізіміне 8 662 188 қазақстандық енгізілді. Бірақ одан тек 4 893 204 адам немесе 56,49%-ы ғана дауыс беруге барған. Бұл да бір тарихи минимум.

2007 жылғы 18 тамызда төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін қалыптастыруға қатысуға 8 039 210 сайлаушы құқылы деп танылды. Бірақ сол кезде азаматтардың тізімнен өзін таба алмауына қатысты біраз дау болған. Билік бұл олқылықты түзеуге тырысты.

2012 жылғы 15 қаңтардағы парламенттік додада Ортсайлауком сайлаушылар тізіміне 9,2 миллион адамды қосты.

2016 жылы 20 наурыздағы алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттық корпусын құруға атсалысуға 9 791 165 қазақстандық құқылы болды. Оның тура 7 млн 500 мыңы дауыс берді.

2021 жылғы 10 қаңтарда тұңғыш рет кезектен тыс емес, өз мерзімінде өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы тұсында Қазақстанда сайлаушылар қатары 11 миллионнан асты.

Енді міне, сегізінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына 12 миллионға жуық қазақстандық қатыса алады.

Осылайша, 1991 жылдан бері еліміздегі сайлаушылар саны 3 187 680 адамға көбейіп отыр.

Қазақстан бойынша сайлаушылардың саны

және өңірлер рейтингі (2023 жыл)

Өңірлер

Сайлаушылар саны

Түркістан облысы

1 177 507

Алматы қ.

1 176 138

Алматы облысы

944 550

Астана қ.

772 039

Қарағанды облысы

754 206

Жамбыл облысы

721 159

Шымкент қ.

638 361

Ақтөбе облысы

562 776

Қостанай облысы

553 404

Ақмола облысы

515 030

Павлодар облысы

512 933

Шығыс Қазақстан облысы

493 499

Қызылорда облысы

492 443

Батыс Қазақстан облысы

449 165

Жетісу облысы

447 541

Маңғыстау облысы

417 595

Атырау облысы

405 634

Абай облысы

404 469

Солтүстік Қазақстан облысы

382 007

Ұлытау облысы

138 277

Барлығы

11 976 406

Inbusiness.kz

Қазіргі кезде сайлаушылар тізімі ары қарай нақтылануда, сондықтан бұл сан шамалы өзгеруі мүмкін.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, қазақстандықтар нақты бір сайлау учаскесіне тұрғылықты жері бойынша тіркеледі. Егер алдын ала тексеріп, тізімнен өзін таба алмаса, онда азамат жергілікті әкімдікке тиісті тізімге енгізу жөнінде жазбаша өтінішпен жүгінуі қажет.

Уақытша тіркелген азаматтар, тіркеусіз азаматтар, сондай-ақ сайлауға дейін 30 күннен кешіктірмей оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға баруға мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған сайлаушы жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Бүгінде сайлаушылардың жекелеген санаттарын – уақытша тіркелген азаматтарды, студенттерді, вахташыларды, әскери қызметшілерді, тіркеусіз азаматтарды да сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

"Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жатақханаларда тұратын күндізгі оқу нысанында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша білім алушылар жатақхананың орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдар өңірлердің оқу орындарының басшыларымен бірлесіп, студенттерге болу орны бойынша дауыс беруге мүмкіндік беруі қажет. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың тұратын жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік беру жөнінде алдын алу шараларын қабылдау қажет. Олар жазбаша өтініш негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі және Мәжіліске бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі, сондай-ақ егер осы аймақта тіркелген болса, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша дауыс беруі мүмкін", – деді К.Петров.

Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне ондағы әскери қызметшілердің барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi.

Әскери бөлімдердегі сайлаушы-әскери қызметшілердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлімдері орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар тізімдері әскери бөлімдер командирлері ұсынатын мәліметтер негізінде жасалады.

Азаматтардың болу орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге 17 ақпанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күніне отыз күн қалғанда ұсынылуы тиіс.

Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 4 наурыздан кешіктірмей, сайлау учаскелері тізімдерді сайлаушыларға танысуға ұсынады. Тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізуді тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.

Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын.

"Сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі сіздің сайлаушылар тізіміне енгізілуіңіз болып табылады. Тізімдерді әкімдіктер жасайды. Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар тізімдерге олардың орналасқан жері бойынша әкімдіктерге берген өтінішінің негізінде енгізіледі. Дауыс беру күні өзінің тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын әрбір азамат дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, өзінің нақты орналасқан жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Өтініш түскен кезде әкімдік азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны дауыс беретін учаскенің тізіміне енгізуді ұйымдастырады. Осы құқықты:  

  • дауыс беру күні тіркелген жері бойынша болмайтынын білетін азаматтар;
  • басқа қаладан келген, арнаулы жоғары және орта оқу орындарында оқитын, жатақханалардан тыс тұратын студенттер;
  • вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.

2023 жылғы 4 наурыздан бастап Сізге өз учаскеңіздегі сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексеру мүмкіндігі беріледі", – делінген ОСК үндеуінде.

Ведомство азаматтарды құқықтық сауаттылық танытып, сайлауға қатысуға деген конституциялық құқығын іске асыруға шақырады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу