Оны ашып қарағандар "шок болғандарын" айтып жатыр.
Өйткені кейбір отбасыға келген шоттың зорлығы сонша, ол елдегі ең төменгі жалақы (2025 жылы 85 мың теңге) мөлшеріне дейін жеткен. Мысалы, Алматы тұрғыны есі шыға жаздап, эмоцияға ерік беріп, бар ойын әлеуметтік желідегі видео арқылы таратты.
"Қаңтардың квитанциясын алдыңыздар ма? Мен шок болып отырмын. Менен коммуналдық қызмет үшін бір айға 76 896 теңге төлеуді талап етіп отыр! Отбасымыз 4 адамнан ғана тұрады. Сене аласыз ба? Менде айтарға сөз табылмай тұр! Бұрын ең көп дегенде 30 мың ғана төлейтінмін. Енді ай сайын 76 мыңнан төлеу керек болады", – деп ашуланды әйел.
Осы және басқа да бейнежазбалар әлеужеліде талқыға түсіп жатыр.
Қазақстандықтардың бір бөлігі квитанцияларда жаппай қателік кеткен шығар деп күмәнданды. Алайда үйлерін сумен, электр қуатымен, жылумен жабдықтайтын ұйымдарға хабарласқан тұрғындар ешқандай қате кетпегенін, тарифтер былтырдан қымбаттап жатқанын білді.
Мысалы, елордалық коммуналдық қызметтер ақпан айынан бастап, тарифтер тағы жоғарылайтынын ескертті. Бұл жерде ең үлкен өсім негізінен, ЖЭО-лар өндіретін электр қуаты мен жылуға келіп тұр. Оларды жылу-электр орталықтарынан халыққа энергия беруші ұйымдар (ЭБҰ) таратады.
Энергетика министрлігінің мамандары Қазақстан былтырдан бері монополиялы нарықтарда толығымен "Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясатына көшкеніне назар аудартты. Осы жаңа саясат аясында "желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15%-ға азайту" міндеті қойылды.
Себебі, елде электрмен жабдықтау желілерінің 3-тен 2 бөлігі, жылу коммуникацияларының 57%-ы, су құбыры желілерінің жартысына жуығы әбден тозды. Оларды жаңартуға инвестиция салатын компанияларға тарифін көтеруге рұқсат етілді.
Дегенмен, Энергетика министрлігінің сарапшылары бір гәпке алаңдаушылық білдіріп отыр. Соның кесірінен тіпті инвестицияға айырбасталған тарифтер де елімізде тозығы жеткен коммуникациялардың жаңаруына әкелмейді.
Өйткені коммуналдық қызметтерді көрсететін ұйымдардың жауапкершілігі төмен. Салдарынан мұндай жағдай түбіртектегі жұртқа жаға ұстатқан сомалардың әрі қарай тоқтаусыз өсуіне соқтырмақ.
Энергетика министрлігі сала алпауыттарын жөнге келтіретіндей қолында пәрменді жазалау тетіктері жоқтығын ашық мәлімдеді.
Мәселен, "Электр энергетикасы туралы" заңына сәйкес, егер энергия беруші ұйымдар (ЭБҰ) өз қызметіне қойылған талаптарға сәйкес келмесе, онда тарифін көтеру арқылы алған ақысын қайтаруы керек. Бұл "өтемақы тарифін" (компенсирующий тариф) енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Алайда министрліктің дерегінше, республикада 70-тен астам ЭБҰ заң талаптарына сәйкес, келмесе де қызметін жалғастыруда.
"Бұл өтемақы тарифін енгізу тетігінің тегеуріні тым шектеулі екенін көрсетеді және күтілген нәтиже бермейді. Оның үстіне өтемақы тарифін енгізу елдегі электр желілерінің техникалық жағдайының одан әрі нашарлауына алып келеді. Мысалы, барлық өңірдегі 76 ЭБҰ-ның 31-і – бір талапқа, 23 ұйым – бірден екі талапқа сай келмейді. Бірақ жеке меншіктегі жосықсыз ЭБҰ-ларға қатысты шара қолдану мүмкіндігі заңнамамен қатаң шектелген. Жосықсыз ЭБҰ-ларға ықпал ету шараларының болмауы кесірінен электр желілерінің тозуы жыл сайын артады, сондай-ақ халықты электрмен, жылумен жабдықтау сапасы құлдырайды", – деп ескертті Энергетика министрлігі.
Ведомство сарапшылары басқа да шешімін таппаған мәселелерге назар аудартты. Атап айтқанда, бүгінде электр энергиясын беру қызметтерін көрсететін ұйымдарды "Табиғи монополиялар субъектілерінің тізіліміне" (Регистр) енгізудің нақты талаптары жоқ.
Бұл техникалық жабдықтармен, білікті кадрлармен еш қамтамасыз етілмеген осындай ұйымдарға аталған регистрге қосылып, электр беру үшін бұқара мен бизнестен ақы жинауына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ұйымдар сапалы қызмет көрсетуге еш қауқарсыз. Соған қарамастан, олар түпкілікті тұтынушылар үшін тарифін тоқтаусыз, тез өсіреді.
Бұдан бөлек, ведомство заңнамадағы осы олқылықты көптеген желі иелері де пайдаланатынын жеткізді. Олар өз меншігіндегі және бір ғана технологиялық тізбектегі желілерін қағаз жүзінде екіге бөледі.
Ол үшін бір сым мен бағанда "отырған" екі және одан көп компания құрады. Осының арқасында бір инфрақұрылымнан, бірдей энергия көлемінен екі еселенген кіріс алады. Ведомство мұның сорақы бір мысалын келтірді.
"Электр энергиясын беру қызметтерін көрсету саласындағы көрнекі мысал ретінде Қостанай облысын келтіруге болады. Онда бір ғана аймақта бір-бірімен сыбайлас-аффилирленген екі энергия беруші ұйым жұмыс істейді. Бұлар – "Межрегионэнерготранзит" ЖШС және "ЭПК-forfait" (ЭПК-форфайт) ЖШС. Олар сымдағы кернеу деңгейлері бойынша бөлінген: біреуінің балансында 220 кВ – 35 кВ аралығындағы, ал, екіншісінің балансында – 10 кВ–0,4 кВ желілер", – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Оның мәліметінше, мұнда осы энергия беруші ұйымдардың әрқайсысы электр қуатын жеткізу қызметтеріне жеке-жеке тариф бекітіп алған. Бұл "Қостанай облысының тұтынушылары үшін электр энергиясының негізсіз қымбаттауына алып келді".
"Осыған ұқсас мысалдар еліміздің басқа аймақтарында бар. Салдарынан, қазақстандықтар бір меншік иесіне электр жеткізу үшін екі еселенген тариф төлейді. Бұған қоса, ол тариф көтеріліп жатыр. Сонымен бір мезгілде салаға жауапты уәкілетті органда осы меншік иелеріне ықпал ету шараларын қолдануға немесе олардың қызметін шектеуге мүмкіндігі жоқ, құзыреті жоқ", – деді Энергетика министрлігінің сарапшылары.
Олай болса, коммуналдық қызметтердің түбіртектеріндегі талап етілетін қаржы сомасы әрі қарай да үрейлендіре беруі ғажап емес.
Tengrinews сарапшыларға сілтеме жасап, коммуналдық қызметтердің "Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясаты аясында өсіп жатқанын мәлім етті. Сондықтан биылғы жылы тарифтердің өсуі тек қысқы маусыммен ғана байланысты емес. Тиісінше, қыс біткенімен квитанциялардағы сома көп азаймайды.
Қайта өседі. Мысалы, 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2025 жылғы қаңтарда жылу құны бірден 25 пайызға артыпты. Ал, ақпан айында тағы 15 пайызға қымбаттады.
Ең жоғарғы өсім – суық су тарифінде тіркелді, орта есеппен бірден 2 есеге өсті. Ақпан айында тағы үштен бірге жоғарылады.
Бұл ретте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері алда тарифтердің өсуі бұдан да үлкен болатынына "анонс" жасады. Өйткені коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға және қолданыстағысын ұстап тұруға ақша керек көрінеді.
Экономист Марат Әбдірахманов тарифтердің қымбаттауын қолдамайтынын жеткізді. Өйткені монополистер өздеріне бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізген жоқ.
Олар түскен қаражат желілерді жаңғыртуға бағытталғаны туралы есеп береді. Алайда оның шын-өтіріктігін ешкім тексере алмайды.
Заң бойынша бұл инвестициялардың қайда жұмсалғанын қоғамдық бақылау қарастырылмаған. Монополистер қоғам белсенділерін табалдырығынан әрі аттатпайды. Ал, олардың құжаттары коммерциялық құпия аясында заңмен қорғалады. Оны рұқсатсыз қараған адамдарға жаза қарастырылған.
"Тұспалдауымша, алдағы уақытта электр энергиясының тарифтері өседі. Тарифтерді 15-тен 25 пайызға дейін өсіруге рұқсат етілгені жарияланды. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетте әлеуметтік төлемдерді, зейнетақыны және басқасын соншаға көтеру көзделмеген. Бұл дегеніміз – қазақстандықтардың кем дегенде 10-15 пайызы жаңа шоттарын төлей алмайды деген сөз! Сондай-ақ тарифтерді инфляцияға байлауға ниетті", – деді экономист Әбдірахманов.
Салдарынан, инфляция шарықтаған сайын коммуналдық қызмет тарифтері де ырық бермей, құрықталмай, өсе беруі мүмкін екен.
Экономистің айтуынша, тарифтерді қалыптастырғанда қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қатар ескеру керек. Монополистердің үстінен қоғамдық бақылау орнату, тұтынушылардың құқықтарын кеңейту маңызды.
Мұндай ұсыныстарды Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті жанындағы өңірлік кеңестің жұмыс тобы сонау 2021 жылы енгізіпті.