Елена Рыбакина Қазақстанда 39 жасында "пенсияға" шыға алады

2350

Асхат Оралов командасының бастамасы шу шығарды. 

Елена Рыбакина Қазақстанда 39 жасында "пенсияға" шыға алады Фото: banker.kz

Мәдениет және спорт министрлігі ведомство басшысы Асхат Оралов қол қоятын жаңа бұйрықтың жобасын жариялады. Ол "Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу туралы" деп аталады.

Құжат спортшылар мен бапкерлер арасында дау туғызды.

Әрине, бір жағынан олардың бәрі оны бірауыздан қызу қолдап отыр. Неге олай етпеске? Бұйрыққа Оралов қол қойысымен спортшыларда және оларды тәрбиелеуші мамандарда көркем тілмен айтқанда, "бейнетінің зейнетін" ертерек көре бастауға жол ашылады.

Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2023 жылғы ақпанда зейнетақының орташа мөлшері небәрі 120 659 теңге (265 доллар) болды.

Ал спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына бюджеттен төлене бастайтын сома бұдан үш еседей көп болады.

Оның үстіне әлгі азғантай зейнетақысына әйелдер 61 жаста, ал ерлер тек 63 жаста ғана қол жеткізе алады.

Спортшылар мен олардың жаттықтырушылары өмірінің соңғы күніне дейін алатын қомақты соманы орта есеппен 35 жастан бастап қол жеткізуі ықтимал.

Сонымен, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың жаңа бұйрығы жобасына сәйкес, біріншіден, Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары бекітіледі.

Екіншіден, Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшері белгіленеді.

Алдымен, бірінші құжаттың жай-жапсарына тоқталайық. Ол бойынша материалдық қамсыздандыру деп аталатын төлемді алудың шарттары келесідей:

  • Спортшы не жаттықтырушы Қазақстан азаматы болуы не ел азаматтығын алуы қажет;
  • Оның Қазақстан аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде 20 жыл еңбек өтілі болуы керек;
  • Ол Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы, жүлдегері болуға, немесе спорттың кез келген олимпиадалық түрлері бойынша кез келген елде өткен әлем чемпионатында чемпион атағын жеңіп алуға тиіс;
  • Жаттықтырушы дәл осы айтылған чемпион немесе жүлдегер спортшыны дайындауы шарт.

Қағиданың "қызықты" тұсы бар және сол арқылы жаһандық байрақты бәсекелерде олжа салып жүрген жалғыз ғана спортшы бірден бірнеше бапкерін өмір бойғы төлемге жеткізе алады екен.

Себебі қағида жобасында атап көрсетілгендей, "1 спортшыны дайындағаны үшін материалдық қамсыздандыру 1 жаттықтырушыға төленеді". Ал егер спортшы "осы қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген белгіленген талаптарды қайталап орындаса", яғни басқа бапкердің басшылығымен тағы да Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы, жүлдегері болса, немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы атағын қайталап жеңіп алса, онда "материалдық қамсыздандыру төлемі басқа жаттықтырушыға да төленеді".

Материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның, яғни қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағдарламалары арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.

Материалдық қамсыздандыру көлемі қанша?

Чемпион спортшыға және оны даярлаған бапкерлердің бәріне ай сайын және өмір бойы төленетін ақша көлемі 2023 жылы 345 000 теңгені құрайды және жылына бір немесе екі рет өсуі мүмкін. Өйткені оның көлемі айлық есептіп көрсеткішпен бекітілмек. Ал АЕК жылына екі ретке дейін өсіп тұрады.

Мәселен, 1 АЕК көлемі 2022 жылдың 1 қаңтарында 3063 теңгені құраса, ал сол жылғы 1 сәуірде 3180 теңгеге дейін, яғни 4% өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарында ол 3 450 теңгеге дейін тағы ұлғайды.

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойғы және ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мынадай мөлшерде төленеді:

  • Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне, немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш;
  • Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін немесе олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы болған спортшыны дайындаған жаттықтырушыға – 100 айлық есептік көрсеткіш.

Жаңа төлем түрін еліміздегі қазіргі ең танымал спортшы, әлемдік деңгейдегі жұлдыз Елена Рыбакина мысалында түсіндіруге болады. Ол қазір 23 жаста. 1999 жылы Мәскеуде дүниеге келген. 2018 жылғы маусымға дейін Ресей туының астында өнер көрсеткен. Яғни, қамсыздандыруды 2038 жылдан бастап ала алады. Ол кезде Елена ару небәрі 39 жаста болады екен.

Бірақ төлем спортшыларға одан да ерте төлене бастауы ықтимал. Өйткені министрлікке хат жаудырған спорт өкілдері материалдық қамсыздандыруды төлеудің салмақты жалғыз шартының өзін жұмсартып, "Қазақстан аумағында дене шынықтыру және спорт саласындағы еңбек өтілін" 20 емес, 10 немесе 15 жылға төмендетуді сұрап жатыр.

"Менің ойымша, спортшылар мен жаттықтырушылардан 20 жылдық спорт тәжірибесін талап етуді алып тастау керек. Жалпы, спорттық еңбек өтілі дегенді жою керек. Өйткені 20 жыл бойы тек спортпен ғана айналысу мүмкін емес. Оның үстіне спортшылардың тәжірибесі еш жерде есептелмейді, еңбек кітапшасы жүргізілмейді. Мысалы, спортшы басқа салаға жұмысқа орналасса ғана оның жұмыс өтілі сол жерде есептеле бастайды", – деп пікір жазды спортшы Сағат Нұргелді.

Параспортшы, еркін күрестен есту қабілеті бұзылған cпортшылар арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері Жамбыл Әділет спортшылар мен бапкерлерден 20 жыл спорттық стаж талап етуге болмайды деген ойын жеткізді.

Спорт шенеуніктерінің өз ұстанымда табандайтыны, әлде табаны таятыны әзірге белгісіз.

Айта кету керек, "Еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру" бұрындары да төленетін. Бірақ ол әлдеқайда төмен еді және 24 АЕК-ті құрайтын (73 512 теңге).

Айтпақшы, 345 мың теңгелік ай сайынғы жаңа төлемді жаңа Мәжілістің депутаты, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та ала алады.

Әрине, осы спортшылар мен жаттықтырушылар бұдан бөлек, зейнетақы да алатын болады.

Дарынды спортшылар жасындай жарқылдап, жаһандық жарыстарда жеңіс тұғырларына көтеріліп жүрсе, ол мемлекеттен құрмет, қошемет және сыйақы алады. Нақтыласақ, Олимпиададағы алтын үшін 250 мың доллар, күміске – 150 мың, қолаға – 75 мың доллар және пәтерлер беріледі. Бұған қоса, ай сайын айлық төленеді. Даңқты спортшы карьерасын табысты аяқтаған соң оны мемлекет қолдаудан қақпайды. Олардың банктік шотына аталған өмір бойғы төлем аударылып тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу