Елге жүздеген мың мигрант қайта ағылады

4583

Келімсек жұмысшылар 2 күндік карантинге жабылмақ. 

Елге жүздеген мың мигрант қайта ағылады

Қазақстанға биыл 400 мыңдай шетелдік маман әкелінетін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2020 жылға арналған квотаны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу туралы" тиісті бұйрық жобасын жариялады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс берушілердің шетелдік жұмыскерлерді тартуына арналған квота 40%-ға қысқартылды. Мысалы, 2019 жылы 48 мың 700 экспатты шақыруға рұқсат етілсе, 2020 жылға бұл сан жартысына жуық азайтылып, 29 мың 292 адамды құрады. Бұл отандық жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Соның ішінде "мамандар" аталатын 3-ші санат бойынша квота – 37%-ға, "білікті жұмысшылар" делінетін 4-санат бойынша 23%-ға ауқымды түрде азайтылды. Бұлардың барлығы – жоғары жалақылы лауазымдар.

"Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4-ші санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартудан толық бас тартты. Олар жұмыс берушілердің қажеттілігін жергілікті мамандар есебінен жабады", – деп мәлім еткен еңбек министрлігі.

Ведомство басшысының жаңа бұйрығында шетелдік жұмыс күшін тартуға 0,32% мөлшеріндегі квота өзгеріссіз сақталды. Бірақ одан бөлек және әлдеқайда көп – 3,9% көлемінде еңбек иммигранттарын тартуға рұқсат етілгелі тұр. Бұлар – еңбек ету үшін Қазақстанға ұзақ уақытқа немесе тұрақты көшіп келушілер. Олардың жалпы саны 360 мың адамды құрайды.

Енді осы квоталар облыстар мен 3 мегаполис арасында бөлінеді.  

Қазақстанда осылар секілді ұзақ тұрып қызмет жасауды емес, бір маусым уақытша еңбек етіп, ақша тапқасын кетіп қалуды мақсат тұтатын шетелдік жұмыскерлер жайына тоқталсақ, оның ең көбін – 10 мың 567-сін Атырау облысы еншілеп отыр. Тарата айтсақ, өңір 3-санат бойынша 1-санатта 88, 2-санатта 2 369, 3-санатта 6 858, 4-санатта 641, сондай-ақ 611 маусымдық жұмысшыны тартуға ниетті.

Өзге облыстардағы жағдай келесідей: Маңғыстау облысына – жалпы саны 2 мың 530, Алматы облысына – 2 мың 238, ШҚО-ға – 2 мың 189, БҚО-ға – 1 мың 440, Ақтөбе облысына – 1 мың 305, Қарағанды облысына – 1 мың 192, Жамбыл облысына – 801, Павлодар облысына – 717, Түркістан облысына – 376, Қызылорда облысына – 356, Ақмола облысына – 161, Қостанай облысына – 111, СҚО-ға – 55 шетелдік жұмыс күшін шақыруға мүмкіндік беріледі.

3 мегаполис арасында Алматы қаласы – 1 мың 897 (оның ішінде І-санат – 304, ІІ санат – 884, ІІІ-санат – 660, IV санат – 49,), Нұр-Сұлтан қаласы – 1 мың 843 (тиісінше, 194, 479, 873 және 297 адамнан), Шымкент – 583 (15, 40, 471 және 57) шетелдік жұмыс күшін алдырта алады. Республикалық маңыздағы үш қалаға биыл маусымдық жұмысшыны сырттан тасуға тыйым салынды. Ондай жұмыстарға тек жергілікті тұрғындар шақырылуға тиіс.

Әлеуметтанушы, әрі HR-саласының маманы Ренат Каримов уақытша жұмысшыларға да, көшіп келетін экспаттарға да теріс көзқараспен қарамаған жөн дейді.

"Ең үлкен қауіп заңсыз мигранттардан келуі мүмкін. Ал заңды түрде шақырылатын мамандар мен жұмысшыларға оның жұмыс берушісі жауап береді. Оларды шақырмас бұрын эйч-ар (кадр) бөлімінің мамандары әр үміткердің жеке және кәсіби қасиеттерін, еңбек жолын, біліктілігін мұқият бағалайды. Әлдебір қылмыскерді, жауапсыз маманды елге шақыруға бірде бір кәсіпорын немесе персонал аутстаффингімен айналысатын фирма бармайды. Өйткені кейін маман шақыру құқығынан айырылуы, бұдан әрі рұқсат ала алмауы мүмкін", – деді сарапшы.

Оның байламынша, бұлардың елге пайдасы бар. Біріншіден, ірі бизнеске елімізде жоқ, отандық ЖОО-лар мен колледждер даярламайтын маманды сырттан алғызуға, сөйтіп, ісін, өндірісін дөңгелентуге мүмкіндік береді. Екіншіден, шетелдік білікті маман өзімен бірге компанияға озық білімді, инновация мен технологияны ала келуі мүмкін. Мысалы, отандық зауытта қандай заманауи қондырғыны пайдаланса, өндіріс өнімділігі артатынына ақыл береді. Үшіншіден, қасында еріп жүрген қазақстандық маман одан жаңаны үйренуі ықтимал. Төртіншіден, әрине, осындай мамандар арқылы қазақстандық кәсіпорын-компаниялар халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.

Алайда заңды миграцияның теріс жақтары да байқалуда. Біріншіден, қасында жүрген шетелдік мамандар мен жұмысшыларға жоғары жалақы төленуі жергілікті жұмыскерлердің қызғанышын, ашу-ызасын тудырып жатады. Екіншіден, жұмысшылар арасындағы тіл, дін және түр айырмашылығы ұлтаралық қақтығысқа соқтыруы мүмкін. Үшіншіден, әсіресе, шетелдік инвесторлар жергілікті маманды даярлауға мән бермей, қажетті қызметкерді тек шетелден шақыртуға әдеттенеді. Төртіншіден, шетелдік миграция өркен жайған өңірлерде қылмыс та белең алады. Қазақстанның мигранттар квотасын шектеуі де осыдан.

"Негізі, шетелден жұмыс күшін көп тартқан ел шығынға отырады. Айталық, қылмыс жасаған экспаттарды мәжбүрлеп депортациялау, сырқаттанса, мысалы, коронавирус жұқтырса емдеу секілді шығындар бюджетке және жергілікті медициналық ұйымдарға жүктеме болып түседі. Экспаттар үшін шекараны мүлдем жауып тастауға да болмайды. Сонымен бірге, жергілікті жұмысшылар арасынан тапшы мамандық иелерін даярлау мәселесіне көзбояу емес, шынайы көңіл бөлген жөн", – деді Р.Каримов.

Қазіргі кезде Қазақстанға кіруге рұқсат алу үшін Үкіметке, әкімдіктерге компаниялардан тізім түсе бастады. Онда шетелден шақырылатын жұмыскерлердің нақты аты-жөні, басқа да деректері келтірілген.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, бүгінде бұл мәселе Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) құзырына берілген.

"Яғни, шетел азаматтарының Қазақстан аумағына кіруіне рұқсат беру жөнінде ақырғы шешімді де сол қабылдайды. Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастыру рәсімі бойынша облыс және республикалық маңызды қала әкімдігі ВАК-қа өз аумағына шетелдік жұмыс күшін енгізу туралы мәселені шығаруға тиіс. Сондықтан енді кәсіпорындар осы мәселені ВАК қарауына шығару туралы өтінішпен жергілікті әкімдікке жүгінуі керек", – деп түсіндірді министр.

СІМ басшысының айтуынша, шетелден келетін тұлғалардың қолында өзінде COVID-19 жоқтығын растайтын ПТР анықтамасы болуы міндет. Оның мерзімі 5 күннен асып кетпеуі тиіс. Егер мұндай анықтамасы болмаса, ол адам 2 күндік карантинге жабылып, қазақстандық дәрігерлер оны коронавирусқа тексереді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу