Сенатта геодезия, картография және кеңістік деректері туралы заң жобасы мақұлданды. Бұл өзгеріс тұтынушылардың электронды деректерге қолжетімділігін арттырады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сенат депутаттары екі оқылымда "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заң жобаларын қарап қабылдады.
Құжатты таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанның қолданыстағы "Геодезия және картография туралы" заңы 2002 жылы қабылданғанын атап өтті.
20 жыл ішінде геодезия және картография саласында үлкен өзгерістер болды, цифрлық технологиялар мен спутниктік құрылғылар енгізіліп, өндірісте кеңінен қолданылды, кеңістік деректерінің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қолжетімділігіне қойылатын талаптар артты.
"Осыған байланысты олқылықтар мен қайшылықтарды жою мақсатында заңның жаңа редакциясын және оған ілеспе заң қабылдау қажет. Геодезия және картография саласының жай-күйі мемлекеттегі кадастр мен жер-мүліктік қатынастардың сапасына тікелей әсер ететіні, әрбір азаматтың мүддесін қозғайтыны өте маңызды. Сондықтан экономиканың барлық саласының дамуы мен мемлекеттік міндеттерді шешу осы саладағы жұмыстың сапасына байланысты", – деді Бағдат Мусин Сенаттың жалпы отырысында.
Заң жобаларының негізгі міндеттері елімізді жоғары дәлдікті геодезиялық координаттар жүйесімен қамтамасыз ету және оның негізінде бірыңғай цифрлық картографиялық база құру.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда 1942 жылғы (СК-42) мемлекеттік координаталар жүйесі қолданылады, ол бізге Кеңес Одағынан қалған, ескірген және дәлдік, тиімділік және прогрессивтілік талаптарына сай келмейтін, ал ТМД елдерінің барлығы өздерінің мемлекеттік координат жүйесін енгізді", – деп түсіндірді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, әртүрлі жүйелерде, форматтарда жасалған мәліметтер саланы интеграциялау процестерін қиындатады, кейде тіпті тежейді.
"Координаталық жүйелердің бөлшектенуі оларды бір жүйеден екінші жүйеге қайта есептеу қажеттілігіне әкеледі, алайда қайта есептеу тәртібі де реттелмеген, бұл өз кезегінде халықтың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің жер қатынастары саласындағы рәсімдерге кедергі", – деді.
Ілеспе заң жобасын қабылдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасының жаңа заңына сәйкес келтіру, сондай-ақ олқылықтар мен қайшылықтарды жою.
"Қабылданған заңдар еліміздегі геодезия, картография және кеңістік деректерге қатысты заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жаңа нормалар кеңістіктік деректер, геодезия және картография саласындағы қызметтің жетілдірілген тетіктерін енгізеді. Сондай-ақ ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және қолдану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл инфрақұрылым тұтынушылардың электронды деректерге қолжетімділігін және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістіктік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпаратты жедел өңдеуге, экономиканың салаларында және мемлекеттік басқару жүйесінде ұтымды шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз", – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.