Елімізде 51 мыңдай адам су тасқыны мен құлаған тастың астында қалуы мүмкін

14553

Сондықтан ұлттық табиғи парктерде қарқынды құрылыс жаппай басталмақ. 

Елімізде 51 мыңдай адам су тасқыны мен құлаған тастың астында қалуы мүмкін Фото: canva.com

Үкімет бұл ретте табиғат аясында тыныққан халықты селден, жартастардың құлауынан қорғауды "қалқан" етіп отыр.

"Біз жанұямызбен биылғы жазда Қазақстандағы Алакөлде демалдық. Табиғаты тамаша. Тамақ та дәмді. Қонақүйдің бөлмелері таза. Кешке би кеші, дәмі тіл үйірер шашлық күтіп тұрады. Демалыс базасы ұнады. Салтанат Мәкетайқызына рахмет. Тағы келеміз. Тек жолдары өте нашар екен", – дейді Беларусьтен келген қонақ Марина.

Қырғызстан азаматы Умар алғаш рет қазақстандық "Алтынемел" ұлттық табиғи паркінде, соның ішінде әлемге мәшһүр "Әнші құмдарда" болып қайтқанын жазады. Бірегей, тұмса табиғатқа тәнті болыпты, тіпті ашық аспан астында түнемелге қалған. Балаларын да әкелуге дайын. Тек жолсыздық шаршатқанына шағымданады. Тек жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады, оның өзінде дизелді, бензинді "запасымен" алуға кеңес береді, жетпей қалуы мүмкін. Тастақ жол көлігінің дөңгелектерін жеміріп тастапты.   

Әлеуметтік желілерде, форумдарда Қазақстанның ұлттық парктеріндегі жолдардың нашар жағдайына шағымдар жетерлік. Үкімет жауапкершілікті Парламентке сырғытады. Ұлттық парктерде қандай да бір құрылыс жүргізудің машақаты көп, заңнама кедергі мен тыйымға толы.

Содан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жаңа жылда заңнаманы түбегейлі өзгертуге ниетті.

Осы мақсатта комитет "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі туризм объектілеріне инженерлік және жол инфрақұрылымын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұған Үкіметтің "ақ батасы" алынды.

Ведомствоның хабарлауынша, 2023 жылғы 7 желтоқсанда Премьердің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында тиісті заңнамалық түзетулер жобасын Үкіметке енгізу жөнінде хаттамалық тапсырма берілген.

Оған сәйкес, жауапты меморган "елді мекендерден қашықта және мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің территориясында орналасқан туристік объектілерге дейін инженерлік және құрылыс инфрақұрылымын салу, соның ішінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды тасқыннан, тас құлауынан қорғайтын құрылыстарды жүргізу процедураларын оңайлататын" заң жобасын дайындайды.

Бұған дейін ұлттық парктер ішіндегі туризм нысандарына дейін тақтайдай түзу жол төсесе, Үкіметтің қолын кім қағыпты?

"Қолданыстағы заңнамада инженерлік инфрақұрылымды құру шаралары, соның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен туристік объектілердің территориясында су құбырларын, кәріз бен тазарту құрылыстарын, жылу және электр желілерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жобалау мен салу жөніндегі шаралар қарастырылмаған. Сонымен  бірге, өңірлерде туристік саланы дамыту бойынша бекітілген Жол карталары аясында инженерлік инфрақұрылымды дамыту іс-шаралары көзделген және бұл жергілікті атқарушы органдарға жүктелді", – деп түсіндірді комитет мамандары.

Сондықтан ведомствоның ұстанымынша, қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу қажет. Нәтижесінде, жергілікті әкімдіктерге туристік объектілерге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра нысандарына дейін жолдарды, инженерлік желілерді салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндік беріледі.

Жоғарыда айтылғандай, ұлттық парктер, қорықтар сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) жол салуға, инженерлік желілерді тартуға қолданыстағы заңнама да рұқсат етеді, тек оның кедергілері көп, қиыншылығы зор. Мысалы, туризм объектілеріне жол және басқасын тарту үшін ЕҚТА жерлерін "босалқы жерлерге" (запастағы жерлерге) ауыстыру рәсімін жүргізу керек.

Ал ЕҚТА жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру үшін қаржы шығарып, техникалық-экономикалық негіздемені дайындау, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу және басқа талаптарды орындау қажет. Соның ішінде мемлекеттік экологиялық сараптаманының өзі 45 күнтізбелік күнге созылады. Жалпы, ол шаруалар біткенше, бірнеше жыл өтуі мүмкін.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің ұстанымынша, "мұндай ұзақ рәсім қысқа мерзімде инфрақұрылымды дамытуға тосқауыл".

Сол себепті, жаңа заң аясында рәсімдер, рұқсат етулер оңтайландырылмақ. Нәтижесінде, мемлекеттің айрықша қорғауындағы парктер мен қорықтарда санаторийлер, қонақүйлер, демалыс базалары және басқасы қаптап ашылуы мүмкін. Себебі, бұған тоспа болып келген жолдың, ауыз судың, кәріз жүйесінің және басқасының жоқтығына қатысты мәселелер бюджет есебінен шешіледі.

Үкімет заңды өзгертпесе, қорғалатын аумақтарды жаяу не машинамен кезетін адамдарды қорғау мүмкін болмайтынын алға тартады.

Ресми мәліметке жүгінсек, республиканың таулы аудандарында 1 613 сел, көшкін, су тасқыны, тас құлау қаупі бар учаскелер анықталыпты. Бұдан бөлек, 970 мореналық мұздық көлдер (моренно-ледниковые озера) орналасқан.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, бұлар 51 мыңнан астам адамға және 9 мың объектіге қауіп төндіреді екен.

Сондықтан олардың бәрін бекіту, инженерлік нығайту және басқа шараларын жүргізген жөн. Оған тағы да заңнамадағы тыйымдар кедергі көрінеді.

"Әлемде, елде климаттық жағдайлардың кұрт өзгеруіне байланысты ұзаққа созылатын жауын-шашындар жиіледі. Олар қар көшкіндеріне, сел жүруіне, тастардың құлауына түрткі болады. Ал мұздықтардың қарқынды еруі таулардағы жаңа мореналық көлдердің пайда болуына әкеледі: олар кенеттен төгілген кезде апаттық салдарларға соқтыратын тасқынды тудыруы мүмкін. Бұған соңғы бес жылда сел қаупі бар учаскелер санының 584-тен 609-ға дейін өсуі, тас көшкіні қаупі бар учаскелердің 168-ден 394-ке дейін, қар көшкіні қаупі бар учаскелердің 542-ден 610-ға дейін, мореналық көлдер санының 694-тен 970-ке дейін көбейгені дәлел", – деп дәйектеді комитет мамандары.

Олар ЕҚТА аумақтарында келесі іс-шараларды жүргізуді – кезек күттірмейтін мәселе деп атады:

  • Алматы қаласындағы Мохнатая тауындағы кішкентай Алматы өзені бассейнінде қар ұстайтын қалқандар салу;
  • Алматы қаласындағы Эдельвейс тауында қар ұстайтын қалқандар салу;
  • Алматы облысындағы Түрген өзенінде селден қорғау құрылысын салу;
  • Жамбыл облысындағы Мерке өзенінде селді ұстайтын бөгет-плотина салу;
  • Осы облыстағы Көксай шатқалында қар ұстайтын қалқандар салу және басқасы.

Комитеттің байламынша, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар учаскелерінде жылдан жылға сырғып келе жатқан осы азаматтық қорғау объектілерін салу мерзімдерін қысқарту үшін аталған заңнамалық норманы енгізген жөн.  

Сонда Үкімет туризм объектілеріне жол және басқасын салу үшін ЕҚТА жерлерін запастағы жер статусына ауыстыру рәсімінің жеңілдеуіне қол жеткізеді.

"Бүгінде селден және тас құлаудан қорғау объектілерінің болмауы салдарынан туристерге, жекелеген елді мекендер мен автокөлік және жүргінші жолдарының бөліктеріне қауіп төніп тұр. Ал инженерлік инфрақұрылымды құру, оның ішінде елді мекендерден тыс орналасқан туристік объектілердің аумағында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу және электр желілерін салу, сондай-ақ селден қорғайтын, тас пен қарды ұстайтын қалқандар, суды ұстайтын бөгет салу туризмді дамытуға, сонымен қатар жекелеген учаскелерді қауіпсіздендіруге және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді", – деп дәйектеді ведомство.

Шенеуніктер бұл сөзінде тұрып, қауіпсіздікке мән берсе, тиісті шараларын қабылдаса жөн. Әділетті Қазақстанда заң өзгеріп, артынан табиғи ұлттық парктерде сәулетті тұрғын үйлер, қымбат қонақүйлер және басқа да жекеменшік нысандары еселеп көбейіп кетпесе, игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу