Елімізде 800 мың гектар орман қараусыз қалған

2143

Павлодар облысында тәлімбақ салынады. 

Елімізде 800 мың гектар орман қараусыз қалған

БҰҰ-ның даму бағдарламасы Қазақстандағы экологиялық жобаның қаржысын қадағалайды. Ақпараттар қорын жинақтаумен айналысатын Bitfuri Group компаниясы бөлетін 1 млн долларға Павлодар облысында тәлімбақ салынып, есепте жоқ орман қорын түгендеу жүргізілмекші. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде осы жобаның таныстырылымы өтті. 

Орман және жануарлар әлемі комитетіне қарасты Орман және ерекше қорғалатын аумақтар басқармасының басшысы Мақсат Елемесов бұл жоба Париж келісімін орындау мақсатында қолға алынғанын айтады.

"2016 жылы Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған болатын. Келісім бойынша еліміз көмірсутек шығарындыларын қысқарту туралы міндеттеме алған. Оның бір жолы – жалпы өндірісті қысқарту болса, екіншісі – өндіріс көлемін сақтай отырып, ауаға шығатын зиянды газдарды сіңіретін орман алқабын ұлғайту. Бүгінгі жоба сол екінші бағытқа жатады. Үшжақты келісім бойынша  Bitfuri Group компаниясы 2020 жылы шамамен 1 млн АҚШ долларын елдегі орман алқабын ұлғайтуға бөлуі тиіс. Ол қаржының негізгі бөлігіне Павлодар облысында тәлімбақ салынады. Себебі 20 гектардан астам орман алқабын егу үшін тәлімбақ керек. Тәуелсіздік жылдарында есепке алынбаған орман алқаптары пайда болды. Қаржының қалған бөлігіне осы алқаптарды түгендеу жүргізіліп, мемлекет қамқорлығына алынады", – дейді министрлік өкілі. 

Bitfuri Group компаниясының өкілі Вадим Крутов бұл жобаға қаржы құю арқылы қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті орындауды көздегендерін айтады. 

"Мақсат – экологиядағы өндірістік әсерімізді бәсеңдету. Екінші кезеңде басқарусыз қалған ормандарды мемлекет қамқорлығына өткізуге күш саламыз. Яғни, бұған дейін есепте болмаған орман алқаптары тіркеуге алынып, инспекторлар бөлінеді, өрттен күзетіледі деген сөз. Біздің DATA-орталық жоғары технология бойынша жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір мөлшерде электр энергиясын тұтынады. Шартты түрде алсақ, экологияға әсер етіп отырмыз деуге болады. Тұтынған энергияның ақысын төлеп отырсақ та, бизнестің әлеуметтік жуапкершілігі аясында қоршаған ортаны жақсартуға үлес қоспақшымыз. Жобаға қайтарымсыз ақша бөліп отырғанымыздың себебі осында. Ал оның тиімді игерілуін БҰҰ-ның даму бағдарламасы оператор ретінде қадағалайды", – деді ол.

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев есепке алынбаған ормандарды "иесіз алқаптар" деп атап, бүгінде ондай алқаптардың бейберекет оталып жатқанын жеткізді.

"Қазақстан аумағындағы қараусыз қалған орманның нақты есебі жоқ. Бір деректерде 300 мың гектар делінсе, тағы бір деректерде  800 мың гектар екені айтылып жүр. Бұл алқаптарды қамқорлыққа алсақ, жылына 3,5 млн тонна көміртегі газын сіңіретін болады. Қазір аталмыш алқаптар бейберекет кесіліп, жиі өртке ұшырап жатыр.  Үшжақты келісім осы мәселені түбегейлі шешеді. 2030 жылы еліміздегі орман көлемі 4,7%-дан 5%-ға жетуге тиіс деген жоспар бар. Осының арқасында орманды алқапты көміртегі газын сіңіру әлеуеті қазіргіден 3 млн тоннаға артады", – дейді министр.

Министрдің сөзіне қарағанда, Bitfuri Group компаниясы экологиялық жауапкершлігін ерікті түрде қаржылай өтеп отырған тұңғыш кәсіпорын болмақ.

Еске салсақ, елімізде Экология кодексінің жаңа жобасы дайындалып жатыр. Жаңа құжатта қоршаған ортаға елеулі мөлшерде зиян келтіріп отырған кәсіпорындардан алынатын төлемнің бір бөлігін нақты экологиялық жобаларға бағыттау міндеттелмек.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу