Соңғы бес жылда кен қазушы компаниялар 5 мың гектардан астам орманды отаған

3459

Қазақстан орман астындағы қазба байлықты алуға тыйым салуды қарастыруда.

Соңғы бес жылда кен қазушы компаниялар 5 мың гектардан астам орманды отаған

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 29 миллион 843,3 мың гектарды алып жатыр. Алайда Қазақстан аумағының ормандылығы небәрі 4,74%-ды құрайтын көрінеді.

Мемлекетімізде орманның жауы көп:оны жыл сайын "тілсіз жау" – өрт жалмайды. Заңсыз ағаш әзірлеуші топтар, кейде отын іздеген кейбір жергілікті тұрғындар кеседі. Сел, қар көшкіні, су тасқыны секілді табиғи апаттар жайпайды. Оларға жер қойнауын пайдаланушылар қосылды.

Кейінгі бес жыл ішінде ғана жер астындағы пайдалы қазбаларды алушы компаниялардың отауына 5 мың 255,645 гектар орман бөлінген. Салыстыру үшін айтсақ, бұл Люксембург, Гонконг, Доминика, Бахрейн, Сингапур, Мальта секілді мемлекеттердің жерін қоса алғандағыдан да көп.

Сарапшыларды бұл ауқымның алда еселеп артқалы отырғандығы қатты алаңдатады.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы ауданы 13 мың 267,031 гектар болатын орман қорын қопаруды қарастыратын 70 жобаны әртүрлі сатыларында қарастыруда. Оның ішінде 4 мың 743,723 гектар – уран өндіру, тағы 4 мың 483 гектар – газ өндірісі үшін сұралған.

Қолданыстағы тәжірибе және заң бойынша мұндай өтініштер қанағаттандырылса, онда мемлекеттік орман қорының жері жер қойнауын пайдалануға көшіріледі. Әрине, тегін емес: қазынаны игеруші компания орманды жоқ қылғаны үшін мемлекетке қомақты алым төлейді. Талап бойынша бұл қаражат жаңа орман отырғызуға бағытталуы қажет. Алайда бюджетке аударылған миллиардтар артынша Үкіметтің басқа "көкейкесті" шығындарына жұмсалып кетеді.

Мұны жауапты құрылымдар растайды.

"Мемлекеттік орман қоры жерлерінің астынан пайдалы қазбалар табылған жағдайда оларды басқа санаттағы жерлерге аудару –ағаштарды және бұталарды кесуге, қоршаған ортаны қорғау талаптарының бұзылуына, жануарлар дүниесiнің мекендейтiн ортасын және олардың көбею жағдайларын, жануарлардың өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiнің бұзылуына, Қазақстанның орман қоры жерлерінің азаюына соқтырады. Үкімет қаулыларымен жер қойнауын пайдалану үшін орман қорының жерлерін басқа санаттардағы жерлерге аударған кезде орман шаруашылығы өндірісінің шығыстары мен шығындарын өтеудің қаражаты республикалық бюджетке түседі және ол қаражат ормандарды қалпына келтіруге бөлінбейді, орман қоры жерлерін қалпына келтіру механизмі жоқ. Яғни, орман қорының орны толықтырылмайды", – деп түсіндіреді АШМ.

Демек әлгі 70 жоба бекітілсе, еліміздегі орман еселеп кемімек.

Сондықтан мемлекет екі тәсілді қарастыруда. Оның бірі – орман астындағы пайдалы қазбаларды игеруге тыйым салуды қарастырады.

Бұл жайында "Жаңа реттегіш құралдарды енгізу және реттеуді қатаңдату кезіндегі реттеушілік әсерді талдау" атты құжатта көрсетілген.

"Қазақстанның ормандылығы 4,74%-ды құрайды. Елдің орманды алқабының аздығын ескере отырып, орман қоры жерлерінде жер қойнауын пайдалануға тыйым салу ұсынылады. Жер қойнауын пайдаланушылар орман қоры жерлерінен тыс жерлерде жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыра алады", – делінген министрліктің осы құжатында.

Дегенмен АШМ-ның өзі басқа баламаға ыңғай білдіріп отыр. Оған сәйкес, жер астындағы қазба байлықты алғысы келетін алпауыттар өздері отайтын орманының көлемінен екі еседей ауқымда басқа жерге көшеттер отырғызады және мұнымен іс бітпейді: жаңа орманды бірнеше жыл күтіп-баптап, ағаштарды жерсініп, жайқала өсіп кететін деңгейге жеткізіп, мемлекеттік орман қорына тапсыруға міндеттенеді.

"Жер қойнауын пайдаланушыларға өздеріне аударылатын жер көлемінен екі есе мөлшерде орман екпелерін отырғызуды және оларға отырғызылғаннан кейінгі үш жыл бойы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуді жүктеу ұсынылады. Орман егілетін жер, егу уақыты, қандай ағаш тұқымы отырғызылатыны жергілікті атқарушы органның орман шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын органымен келісіледі. Орман егу жұмыстарын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары штат бірліктері негізінде және жоспарлы тексеру шеңберінде жүзеге асырады. Мемлекеттік бақылауға бюджеттен қосымша қаржы қажет етілмейді", – дейді министрлік.

Талдауда айтылғандай, алдыңғы балама таңдалса, "бизнес субъектілеріне, оның ішінде инвесторларға мемлекеттік орман қоры жерлерінде пайдалы қазбаларды өндіруге мүмкіндік болмай қалады".

Оның үстіне, орман қорын көбейту толығымен мемлекеттің мойнына артылады. Ал Үкіметте қазір басы артық қаржы жоқтығы мәлім.

Ал мына баламада жойылған орманды екі есе артық егу бизнестің күшімен жүзеге асырылмақ.

"Бұл жағдайда мемлекеттегі орманның аумағы артады. Ағаш өңдеуге мүмкіндік туады, орман шаруашылығы, ағаш өңдеу, жер қойнауын пайдалану саласында қосымша жұмыс орындары пайда болуы, салықтардың түсуі, экономикалық өсу көзделеді", – дейді АШМ.

Бұдан бизнесмендер мен инвесторлар шығыны қаншаны құрауы мүмкін? Үкімет оның да есеп-қисабын шығарыпты. Министрлік есебінше, орман астынан қазына қазып алатын инвесторлардың республикалық бюджетке аударатын шығыны 16 миллион 429,8 мың теңгені, ал екі есе артық көлемде орман егу бойынша қосымша шығындарының жалпы көлемі 56 миллион теңгені құрайды.

Талдау құжатында айтылғандай, бұл есептеме 506 гектардай жапырақты ағаштар орманы мысалында есептелген. Себебі, жапырақты екпелерді құру шығындарды ең көп талап ететіні болып табылады. Жапырақты ағаштардың 1 гектарын егуге 43 мың 857 теңге қажет етіледі екен. Бұдан бөлек, кәсіпорын орман екпелеріне күтім жұмыстарын жүргізу үшін жалдайтын жұмысшылардың айлығына 8 миллион 640 мың теңге көлемінде шығын шығарады деп саналады. Тағы 3 миллион теңге осы күтім жұмыстарына қажетті техниканың шығындарына керек болады.

Осылайша, алда инвесторларға 4 мың 659,97 гектар орманды астаң-кестең етуге рұқсат етілсе, оның орнына, әрине, егер кепілдендірілген 3 жылдан кейін солып қалмаса, онда 9 мың 319,94 гектар орман жаңадан пайда болуы ықтимал деп жоспарлануда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу