Екібастұзда егілген көшеттер жерсінбей жатыр

3366

Биыл отырғызылған 100 мыңнан астам көшетті күтіп-баптауға 3 бірдей мердігер жұмылдырылып отыр.

Екібастұзда егілген көшеттер жерсінбей жатыр Фото: Дария Ерғазина

Екібастұз өңірінде өндіріс ошақтары көптеп шоғырланғандықтан, экологияны тазарту үшін ағаштарды көптеп отырғызу – маңызды әрі құптарлық іс.
Осы күнге дейін Екібастұз өңірінде көшет отырғызу және оны күтіп-баптау жұмыстарымен монополист компания – "Флора" ЖШС айналысып келді.

Жасыратыны жоқ, қалада жыл сайын көше бойына, мекемелер мен ұйымдардың, балабақшалар мен мектептердің, жоғары оқу орындарының аулаларына көшеттер егілгенімен, шаһар  жасыл желекке айналмай отыр.  

Биыл Екібастұзда көгалдандыру мен абаттандыруға байланысты тендерге 9 мердігер қатысып, соның 3-еуі жеңімпаз атанды, олар – "Ибраев" жеке кәсіпкерлігі, "Кулаков" және "Эстетик" ЖШС-лары. "Ибраев" ЖК қаланы абаттандыруға – 13 млн 800 теңге, парк және саябақтарды күтіп-баптауға – 10 млн 539 мың теңгеге тапсырыс алды. Қаланы абаттандыруға "Кулаков" ЖШС-ге – 11 млн 100 мың теңге,  парктер мен саябақтарды күтіп ұстау үшін "Эстетик"-ке 5 млн 272 мың теңге бөлінді. 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, АЖжЖК басқармасының бас маманы Бауыртай Аманаевтың айтуынша, биыл бюджет есебінен 330 көшет, 110 мың өскін, қураған ағаштардың орнына 85 мың шыбық отырғызылды. Бұдан бөлек, "Шығыс" кеніші өз қаржысы есебінен 100 көшет еккен. Бір ғана сенбіліктің өзінде 22-шағын аудандағы аллея Өскеменнен жеткізілген 50-ден астам шыршамен толықты. Сенбілік айлығында қалада 60 мың жуық көшет отырғызылды. Осы күндері ауласына шыбық отырғызуға ықыласты жандарға көшеттер тегін таратылды.

Бұл – былтырғымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Өткен жылы бюджет қаржысына небәрі 1805 көшет, демеушілік қаржыға 20 мың шыбық егілген. Осы мақсатқа бюджет қаржысынан 24 млн 472 мың теңге бөлінген.

Өкініштісі сол, биыл да сенбілік сайын халықты жұмылдырып, тал еккенімен, отырғызылған шыбықтардың алды қурай бастады.

Мәселен, теміржол вокзалы алдындағы алаңда, "Шахтер" мәдени және демалыс саябағында, Әуезов-Энергетиктер көшелерінің қиылысында, Әуезов-Абай көшелерінің қиылысында көшеттердің қайсыбірі сынып, кейбіреуі қурап қалған.

Теміржол вокзалы маңайындағы және Мәшһүр Жүсіп ескерткіші алдындағы алаң Андрей Банников басқаратын "Эстетик" ЖШС қарайды. Біз қурап қалған шыршалардың суреттерін  көрсеткенімізде, серіктестік басшысы еш таңғалмады.

"Бұл шыршалар бұдан 15 жыл бұрын егілген. Осы аралықта топыраққа тыңайтқыш себіліп, құнарландыру жұмысы жүргізілген емес. Жаңадан егілген қылқан жапырақты ағаштарды он күнде бір рет суарамыз. Қарағай тұқымдастарына жататын шырша жеңіл топырақты, көлеңкені сүйетіндіктен оны жиі суғарудың қажеті шамалы. Мұнда суды қанша құйсаң да, жерге сіңбейді, бетінде көлкіп тұрады. Жерді тыңайту үшін бетіндегі құмды 60 см-ге дейін қазып алып тастап, құнарлы топырақ себу керек. Сол кезде ғана ағаш жерсініп кетеді", – деген ол бұл жерде көшеттерді суарып тұратын құбырлар қарастырылмағанын айтады.

Ресейдегі Сібір технологиялық институтының орман шаруашылығы факультетін бітірген, "Флора" ЖШС директоры Алексей Горбуновтың бұл істе тәжірибесі мол. "Жауын-шашыны аз, жері құнарсыз Екібастұздың топырағына еккен ағашқа көп күтім керек. Ағаштардың қурауына бірден-бір себеп – отырғызу технологиясының сақталмауы және дұрыс суарылмауы. Қылқан жапырақты ағаштарды қысқа дайындау үшін күзде қамдану қажет. Ол үшін ағашты тамырына дейін шылқытып суарып, түбін кепкен жапырақтармен, қыста қармен жапқан дұрыс. Сонда ылғал қыс бойы ағаштың бойында сақталады. Ағашты күтіп-баптаумен айналысатын фирмалар осы нұсқаулықты қаперіне алса деймін", – дейді ол.

Биыл Екібастұзда гүл егу жұмысының көлемі өсті. Гүлдерді күтіп-баптау жұмыстарына жергілікті қазынадан 21 млн 199 мың теңге бөлінді. Гүлзарларды баптаумен айналысатын "Кулаков" ЖШС-ның басшысы Александр Кулаков отырғызылған шыбықтардың бәрін бірдей сақтап қалу мүмкін еместігін алға тартады.

"Өзімізге бекітілген аумаққа – Беркімбаев алаңына және Қосым Пішенбаев ескерткішіне, бәрін қосқанда 65 шырша қададық. Шыршаны отырғызар алдында арнайы шұңқыр қазып, ол жерді құнарлы топырақпен өңдеп, минералды тыңайтқыш септік. Әр ағашты күтіп-баптап келеміз, қурағанының орнына басқасын егеміз. Алайда қысқа таман отырғызылған көшеттердің 10 пайызын жоғалтатынымызды жоққа шығара алмаймын. Өйткені бәрі бірдей жерсінбейді. Қазірдің өзінде өсіп тұрған 3 шыршаны белгісіз біреулер ұрлап кетті. Ол жайында полицияға хабарладық", – деді.

"Ибраев" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қуаныш Ибраев – Павлодар қаласынан.  Керік мүсіні орнатылған паркте 35 шырша отырғызған. "Ағаш егу технологиясын жақсы білемін. Шыршаларды алғашқы айда жиі және шылқытып суару қажет. Жұмыс күші және техника жеткілікті", – деді ол телефон арқылы тілдескенімізде.

Дария Ерғазина 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу