Елімізде ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың арманын орындайтын қор бар

Осы уақытқа дейін жоба авторлары емделмейтін дертке шалдыққан немесе жағдайы ауыр 32 "періштенің" тілегін орындаған.  

Елімізде ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың арманын орындайтын қор бар

Өмірге келген әр сәби бақытты болуға лайықты. 2020 жылы құрылған "Menin armanym" қорының басты қағидасы осы. Паллиативтік көмек көрсету арқылы сырқаттанған балалардың моральдық рухын көтеруге негізделген жоба, осы уақытқа дейін 31 ерекше жанға үміт отын сыйлады.

"2020 жылы карантин басталған тұста көпшілік өмірге деген ынта-ықыласын жоғалтып алды. Сол кезде бір топ белсенді жас көпшілікке мотивация беретін жоба жасауды ойластырдық. Кейін осы саланы зерттей келе елімізде және Орта Азияда материалдық емес, паллиативтік көмек көрсететін қордың жоқ екенін түсіндік. Сонымен қатар АҚШ-та 40 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Make-A-Wish America жобасы туралы білдік", – дейді қор директоры Шамиль Ванкеев.

"Арман үміттен, үміт сенен басталады". Бұл әлемде 500 мыңнан аса ауыр сырқатқа ұшыраған балалардың арманын орындауға мұрындық болған Make-A-Wish America жобасының ұраны. 1980 жылы негізі қаланған қор ең алғаш лейкемия дертіне шалдыққан 7 жасар америкалық  Кристофер Джеймстың тәртіп сақшысы болу туралы тілегін орындаған. 

"Кристофер қайтыс болғанда оның жасы 7 жыл 269 күн ғана болатын. Ол бала болса да, маған осы уақыт ішінде нағыз ер азамат болуды үйретті. Бұл кездесуден кейін мен мүлде басқа адам бола бастадым", – деген екен Make-A-Wish қорының құрылтайшысы Томми Остин.

Осылайша 2010 жылдан бастап АҚШ-та Дүниежүзілік арман күні мерекесі атап өтіле бастайды. Кейін қор бөлімшелері әлемнің 50 мемлекетінде ашылады. Солардың бірі Түркияда орналасқан. Қазақстандық қор өкілдері Анадолы еліндегі штаб-пәтерге барып, тәжірибе жинап, меморандумға қол қойып, екі ел арасында серіктестік орнатады.

"Қайырымдылықтың екі түрі болады. Бірі материалдық көмек. Екіншісі паллиативтік көмек. Мұндағы паллиативтік деп отырғанымыз қатты сырқаттанған, "ақ халаттылар" осынша уақыт қана өмір сүреді деп айтқан немесе айықпас дертке шалдыққан бүлдіршіндерімізге моральдық көмек көрсету, өмірге деген ынтасын ояту. Тіпті арманы орындалған балалар дәрігерлер айтқан уақыттан да ұзақ өмір сүрген, кейде денсаулығында жағымды динамика байқалған жағдайлар болған", – дейді жобаның медиа координаторы Олжас Еспан.

Әлемде әр 20 минут сайын бір сәби аса ауыр дертке шалдығады. Алайда олардың өмірі аурухана қабырғасы мен медициналық процедуралардың арасында өтеді.

"Көптеген адамдар аса ауырдертке шалдыққан балаға өмірде ем қабылдаудан басқа ештеңе қажет емес деп ойлайды. Шын мәнінде оған өмірдің бар бояуларын көрсетіп, қолдай білу де маңызды. Біз ауыр халдегі 3 жастан 18 жасқа дейінгі науқас балалардың армандарын орындаймыз. Оған сыйлық сыйлау үшін қаражат жинамаймыз. Тек балалық тәтті тілектерін жүзеге асырамыз", – дейді Шамиль Ванкеев.

Қор директорының айтуынша жобаға кәсіпкерлер, меценаттар көмек көрсетеді. Бірақ олардың барлығы есімдерін жария етпеуді сұрайды екен. Ал балаларды іріктеу сайт арқылы өтініш қабылдау жолымен жүзеге асырылады. Бүгінде қорға 234 өтінім түскен. Оның 50-і сұрыпталып, жүзеге асырылуға жақын. Бірақ кей адамдар жобаның мақсатын дұрыс түсінбей сау балалардың да өтініштерін жолдап жататын көрінеді. Ал сырқаттанған балаларды іріктеу кезінде олардың дәрігерлеріне, атан-анасына  хабарласып, кейіпкерді толық зерттейді.

"Алғашқы кейіпкеріміз Дидар Бердалиев есімді 12 жасар батыр. Біз оны өзіміз іздеп таптық. Ол Алматыдағы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ем қабылдап жатқан болатын. Дәрігерлермен кездесіп, жобамыз туралы айтып, бір баламен таныстыруды өтіндік. Олар осы Дидармен жолықтырды. Оның арманы блогер болу екен. Бірақ өзінде ұялы телефон да, желіде парақшасы да жоқ болып шықты. Сонымен қатар ННН мен Садраддин есімді блогерлермен кездесуді армандайды екен. Көп ұзамай оның тілегін орындадық. Ал қоштасар тұста танымал блогерлер оған ұялы телефон сыйлады. Сол сәтте Дидар қатты қуанғаннан жылай бастады. Барлық командамыздың да көзіне жас үйірілді", – деп еске алды қор директоры.

Бүгінде қорда 11 адам жұмыс істейді. Олар атқарушы директор Шамиль Ванкеев  бастаған, медиа координатор – Олжас Еспан, психолог – Зәйтүн Малбағар, креативті менеджер – Әйгерім  Маутахметова, армандарды орындау бойынша координатор – Әлішер Тұрғамбай және құжаттар бойынша координатор – Жангүл Алмас. Бірақ күнен күнге жобаға ат салысып, еріктілер қатарына қосылғысы келетіндер саны арытып келеді. Жоба авторлары болашақта бұл жоба республикаға, Орта Азия елдеріне, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан сынды бауырлас мемлекеттеге танылса деп тілейді.

Орындалған арман балаларға қанат бітірері сөзсіз. Ол адамға күш беріп, жігерлендіре түседі. Мұны дәрігерлер мен медбикелерде жоққа шығармайды.  Сондықтан балалардың армандарын орындайық, арманға арман жалғайық...

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу