Елімізде IT-кәсіпкерлік қалай дамып жатыр?

3625

2021 жылдың сәуірінде Astana Hub-тағы компанияларға тартылған  инвестиция көлемі 15,3 млрд теңгеге жеткен.  

Елімізде IT-кәсіпкерлік қалай дамып жатыр?

Шикізат экспортына сүйенген Қазақстан үшін инновациялық технологияларды дамыту маңызды. Себебі, жалғыз шикізат экспортына лайықталған экономика мемлекетті ешқашан тұрақты даму жолына шығара алмайды. Сондықтан еліміз технопарктер мен инновациялық хабтар ашып, IT-кәсіпкерлікті дамытуға қаржы бөле бастады. inbusiness.kz тілшісі Astana Hub халықаралық технопаркінде инновациялық кәсіпкерліктің қалай дамып жатқанын білуге тырысты.

Бүгінде технопаркте салықтық жеңілдік жасалған 449 IT-компания мен 775 стартап, 6 R&D зертханасы жұмыс істейді.

"2020 жылы хаб резиденттері 12 млрд теңге инвестиция тартқан. Ал 2021 жылдың қаңтарынан осы күнге дейін технопарктегі IT-компаниялардың инвестиция көлемі 15,3 млрд теңге болды", - деп жауап берді компания inbusiness тілшісінің ресми хатына.

Сондай-ақ Astana Hub жобаларды қаржыландырумен айланыспайтынын, тек стартаптарға қаржы табуға көмектесетінін атап өтті. Ол үшін технопарк инвесторлар мен стартаптарды бір алаңға жинап, әртүрлі іс-шаралар өткізеді.

Салықтық жеңілдіктер

Мұндағы стартап жобаларды мемлекет салық төлеуден босатқан. Енді резиденттер өз жобасын дамыту  үшін екінші деңгейлі банктерден жылдық мөлшері 6%-бен кредит ала алады.

"IT-компанияларды төмен пайызбен несиелендіру бастамасы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына тиесілі. Мұндағы компаниялар банктерден жылдық мөлшері 6% жеңілдікпен кредит алуға мүмкіндігі бар. Технопарктегі стартаптар мен IT-компаниялар КТС, ҚҚС, тауарлар импортына ҚҚС, роялти салығы, ЖТС және резидент еместер үшін әлеуметтік салықтан босатылған. Бұл IT-кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп отыр. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда Astana Hub-қа қатысушылар саны 50%-ға артты. Бүгінде Нұр-Сұлтанда – 237, Алматыда – 172, Қарағанды облысында 12 резидент жұмыс істейді", - деп жазылды хатта.

Үздік жобалар

Сонымен қатар технопарк 3 үздік стартап жобасына тоқталды.

1. Smart Parking жобасы – автотұрақтарды автоматтандыруға бағытталған. Ол өз шешімін Ресей, Украина, Түркия және АҚШ-қа экспорттаған. Стартаптың табысы – жылына шамамен 300 млн теңге.

2. Zanbar – заңгерлік қызметтерді іздеуге арналған мобильді қосымша. Мұнда 7000 қазақстандық клиент пен 1200 заңгер тіркелген.

3. Smart Remont жобасы – дизайн таңдауға, мердігермен шарт жасасуға және пәтерде жөндеу жұмысы жүргізілген кезде оны қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Стартапқа 90 млн теңге инвестиция тартылған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Astana Hub-тағы стартап жобалардың табысы 20 млрд теңгеге жеткен.

"Бұл – технопарктегі барлық IT-компанияның табысы. Мысалы, Apart X, Kid Security, Sagi, Oquda, Supermomsclub, Clockster сынды стартап жобалар бар. Оның ішінде Apart X жобасына Activat компаниясынан 2 миллион доллар инвестиция тартылған. Бұл жалға берілетін жылжымайтын мүлік иелеріне арналған мобильді қосымша болып саналады", - деп жазылды хатта.

Сонымен қатар технопарк алдағы жоспары туралы айтты.

"Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарк. Осы жазда  Алматыда аумағы 1 мың шаршы метр болатын офисін ашады. Басты мақсат – стартап жобалар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру, IT-кәсіпкерлік пен IT-экспортты дамыту", - деп жазылды хатта.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу