Еліміздегі Беларусь тауарлары күрт қымбаттады

3239

2014 жылы Еуразиялық одақ құрылғалы Қазақстанның нарығын осы одақтастың өнімдері жаппай жаулап алды. "Беларусь есіктері", "Беларусь жиһазы", "Беларусь киімдері", "Беларусь тағамдары", "Беларусь бренді" және басқа да жазулар алыстан менмұндалайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Еліміздегі Беларусь тауарлары күрт қымбаттады Фото: yandex.kz

Қазақстандықтардың беларусь косметикасына көңілі ауды. Себебі, олардың бағасы арзан, ал сапасы – еуропалық. Беларустегі көптеген косметикалық кәсіпорынға Балтық жағалауы елдері, Италия, Франция және басқа еуропалық елдер инвестиция құйып, индустрияның негізін қалауға жәрдемдескен көрінеді.

Бірден айта кетелік, соғыс басталғалы Ресейге қарсы енгізілген батыстық санкциялардың көбі Беларусті айналып өтті. Тиісінше, оларда еуропалықтармен ынтымақтасқан кәсіпорындар да жұмысын жалғастырды. Дегенмен, бір жағынан қайталама санкцияға түсіп қалмау үшін, екінші жағынан қанды қырғынды ұйымдастыруда Мәскеуге көмектесіп отырған Минск саясатына қарсылығы ретінде біраз еуропалық жеткізушілер өнім жеткізуін доғара бастады.

Елордадағы Беларусь косметикасы дүкенінің директоры Светлана Карпович соның салдарынан тауарлар ассортименті күрт азайып қалғанына қапаланады.

"Менің Гомельде шағын бизнесім болды, ірімшік шығаратын цехымды дамыттым. Осыдан жеті жыл бұрын кооперативтен хабарласып, беларустық брендтерді Қазақстанда ілгерілететін делегация жасақтап жатқандарын хабарлады. Менің анам 70-ші жылдары Алматыда тұрған, соңғы күніне дейін аузынан суы құрып, қазақтарды мақтап отыратын. Содан бәрін тастап, Астанаға тартып отырдым. Беларусь тауарларына Қазақстанда сұраныс өте жоғары. Бірақ санкция күшейе берсе, жақын болашақта біз қазақтарға қызықты ештеңе ұсына алмай қаламыз деген қауіп бар. Беларустық тауарлар қымбаттап, өзге елдердің алдында баға бойынша артықшылығынан айырылып барады", – деді Светлана.

Ол Қазақстанға бауыр басып қалғанын, бірақ беларустық дүкендер желісі оңтайландырылып, жабылып жатқанда, қайтудан басқа амалы қалмауы мүмкін екенін жеткізді. 

"Президенттеріңіз Лукашенко өткенде тауардың қымбаттауына тыйым салатынын жариялады емес пе? Ал сіздер неге көтересіздер?", – деп сұрадық.

"Оның бұйрығы Беларусь ішіндегі бағаларға ғана қатысты. Бізге баға көтеруге рұқсат етілген", – дейді Светлана Карпович.

Әйткенмен, қазақстандықтардың осы ел тауарларынан теріс айналмағаны байқалады. Қазақстан беларусь экспорты үшін "топ ел" саналады: еліміз осы республиканың посткеңестік кеңістіктегі үшінші ірі сауда серіктесі саналады. 2021 жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауарайналым 1 миллиард 92,5 млн долларды құрады. Сөйтіп, 2020 жылғыдан бірден 31,9 пайызға артты. Соның ішінде басым көпшілігі, 911,8 млн доллары – беларустердің бізге сатқан экспорты.

Бірақ биыл сауда-саттық қарқыны баяулады: 2022 жылғы қаңтар-тамыз аралығында – 594,3 млн долларды құрап, былтырғы ұқсас кезеңдегіден 3,8% ғана артқан. Мәскеу соғыс ашпағанда, Минск қазақстандық нарыққа экспансиясын еселеп арттыратын еді. Ал енді бұл ел бізге өткізетін тауарының бағасын көтеру арқылы Қазақстанға инфляция экспорттай бастады.

Бұл елдің тауарын осынша ауқымда тұтынады екенбіз, демек, олардағы бизнестің қазір қандай күйде екенін біле жүрген артық болмас. Беларустық әріптесіміз, журналист әрі құқықтанушы Ирина Халип Беларусь басшысы Александр Лукашенконың репрессияны күшейтіп, жергілікті бизнеске қырғидай тиіп жатқанын айтады. Оның қатаң сынынан кейін бизнесмендер үстінен баға көтергені үшін бірден он сегіз қылмыстық іс қозғалыпты.

Соның алдында, 6 қазанда экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте А.Лукашенко төл отандық бизнесті антиинфляциялық заңнаманы айналып өтті, оның олқылықтарын бағаны жоғарылату үшін пайдаланды деп айыптады. Оның пікірінше, айла-шарғының бірі – тауарды басқа қаптамаға салып, болмаса, әлдебір мардымсыз қоспаны қосып, жаңа бағамен сатуды қарастырады.

Құзырлы органдарға осындай алыпсатарлармен күреске дереу кірісуді жүктеді. Беларустің Ұлттық статистикалық комитетінің басшысы Инна Медведева сауда орындарына дәстүрлі өнімді "жаңа өнім" қаптамасымен тауар өндірушілердің өздері ұсынатынын мәлімдеді. Бірақ мұндай ескертпені билік те, құзырлы органдар да елемеді. Себебі, Ирина Халиптің түсіндіруінше, Лукашенко өндірушілерге тиіскізбейді: "Отандық өндірушіні қолдау керек" деп қорғанына алған. Нәтижесінде, Александр Лукашенко кеңес кезіндегі басшылар сияқты басты нысанасына саудагерлерді алып, соларды төмпештеуде. Кеңес заманында саудамен айналысатын коммерсанттарды "спекулянттар" деп күстәналайтын.

"Лукашенко бизнестің бұл секторын керемет жек көреді: оларды бірде "торгаштар", енді бірде "мафиозилер", тіпті "вшивые блохи" деп жамандады. Буржуйларға деген өшпенділік оның қанында бар сияқты. Ол Мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы Василий Герасимовке саудагерлерді шетінен ұстап, қолына кісен салуды, ал бағаларды мәжбүрлі түрде арзандатуды бұйырды. Лукашенко бағалардың өсуіне тыйым салатынын мәлімдеді. Егер ол қудалауды тапсырса, оның жандайшаптары асыра сілтеп жіберуге сақадай сай тұрады. Тіпті мұның жиналысты "қызықты" ету үшін жай айтыла салынған қызыл сөз болуы мүмкін екенін де түсінбейді. Диктатурада өмір сүрген халықтың маңдай соры бес елі", – деп күрсінеді беларустық журналист.

Себебі, қазіргі кезде күштік құрылымдар, милиция, прокурорлар, бақылаушы органдар, жергілікті исполкомдар дүкен аралап, бағаларды суретке түсіріп, хаттама толтырумен әлек.

Беларустық оппозиция бұл қудалау науқаны диктатордың жаңа ермек, басқа нысана тапқанға дейін жалғасатынын айтады. Өйткені сауда саласына дейін Беларусте жарнама индустриясымен, жеке мектептермен, блогерлермен, саяси сарапшылармен аяусыз күрес жүріпті.

Жалпы, осыған ұқсас көрініс бұрын Қазақстанда да жиі қайталанатын. 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге "әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүруге" тыйым салды. Оның орнына "басқа тәсілдер мен жаңа идеяларды табуды" тапсырды. Қынжылтатыны сол, содан бері үш ай өтсе де, Үкімет пен әкімдер жаңа тетікті таба алмады. Елде баға ары қарай шарықтауда. Бұлай бара берсе, халық қайтадан автократияны аңсауы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу