Еліміздегі ең бір бай министрліктің бюджеті жарияланды

21095

Ведомство кеңес алуға қайтадан қыруар қаражат шығындамақ.

Еліміздегі ең бір бай министрліктің бюджеті жарияланды Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінен кейін ең бюджеті мол ведомствоның бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі саналады.

Мысалы, "Ашық бюджеттер" порталының дерегінше, "азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қамсыздандыру және олардың төлемдерін сүйемелдеу" бюджеттік бағдарламасы (зейнетақы, жәрдемақылар төлеу) аясында осы меморганға 2020 жылы 3 триллион 463 миллиард 20,5 миллион теңге бөлінген. Бұл сома жыл сайын тек өсе бермек: 2021 жылы 3 триллион 843,4 миллиард, 2022 жылы 4 триллион 95,9 миллиард, ал 2023 жылы 4 триллион 354,7 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланған.

Осы қызметі үшін ведомство бюджеттен ақша алады: аталған порталдың ақпаратына сәйкес, еңбек министрлігі "зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеуді қамтамасыз ету қызметі" үшін былтыр 28 миллиард 261,8 миллион теңге алыпты. Биылғы жылы шамалы азайған: 24 млрд 663,1 млн теңге сұраған. Келер жылдары өспек: 2022 жылы – 24 млрд 620,2 млн, 2023 жылы – 25 млрд 38 млн теңге.

Меморганның ақысы ел қазынасынан төленетін өзге бюджеттері мен бағдарламалары да жетерлік.

Үкімет "Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зерттеулер, консалтингтік қызметтер және мемлекеттік тапсырма құнын айқындау қағидаларының" жаңа жобасын жария етті. Аты айтып тұрғандай, құжат бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын зерттеулердің, консалтингтік қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындайды.

Онда министрлік мәселен, "мемлекеттік тапсырма" жасау тапсырысын кімге беретінін көрсеткен. Олардың қатарында жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, "Самұрық-Қазына" тобына кіретін ұйымдар, "Атамекен" палатасы, Ұлттық Олимпиада және Параолимпиада комитеттері, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі, "Елбасы академиясы" корпоративтік қоры және басқасы бар.

Тапсырыс "Үкімет айқындайтын жекелеген мемқызметтерді көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын және әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз ететін басқа да міндеттерді орындауға бағытталады".

Құжатта еңбек министрлігі өзі жалдаған компанияның зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету және мемлекеттік тапсырма бойынша 14 түрлі шығынын өтейтіні көрсетілген.

Оған біріншіден, зерттеулерді, консалтингтік қызметтерді және мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын ұйымдар персоналының жалақысы, екіншіден, барлық салықтары, әлеуметтік және медсақтандыру қорларына аударымдары, үшіншіден, ол ұйымдар персоналының іссапар шығыстары кіреді.

Бұған қоса, зерттеуші-консалтингтік компанияның сыртқы сарапшыларды тартуын, шығыс материалдары, кеңсе тауарлары, материалдық қор секілділерді сатып алуын, телефон, пошта және интернет шығындарын бюджет есебінен өтеуге рұқсат етіледі.

Сонымен бірге, ол компанияның көлік қызметтерін, барлық полиграфиялық шығындарын, материалдарды тарату бойынша курьерлік қызметтерін, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу үшін жалдау ақысын, банктік қызметтерін, меморгандардың ақпараттық дерекқорына қол жеткізу ақысын және қазақша-орысша аударма қызметтерін министрлік төлеп беретін көрінеді.

Қағидалар жобасында зерттеу және консалтинг ұйымдарына қандай қызметі үшін қанша миллион қаржы төленетіні, яғни тарифі де, формуласы да ашып айтылмаған.

"Тауарлардың, жұмыстардың құнын айқындау үшін шарттардың көшірмелерімен, прайс-парақтармен расталатын жоспарланған шығыстарды негіздейтін бағалар пайдаланылады", – деумен шектелді еңбек ведомствосы.

Бұдан бөлек, ақыл-кеңес алуға қанша ақша бөлетінін де жазбады. Дегенмен, "Ашық бюджеттер" порталында 2021 жылғы ақпанда жарияланған құжатқа жүгінсек, "Еңбек, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру" бюджеттік бағдарламасы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ағымдағы жылы – 13 миллиард 113,8 миллион, 2022 жылы – 12 миллиард 557,8 миллион, ал 2023 жылы – 11 миллиард 808,3 миллион теңге беру ұсынылып отыр.

Соның ішінде "Социологиялық, талдамалық зерттеулер жүргізу және консалтингтік қызметтер көрсету" үшін 2021 жылы – 34,8 миллион, 2022 жылы – 23,6 млн, 2023 жылы – 23,6 млн теңге жұмсау қарастырылуда.

"Бұл ретте әлеуметтік-еңбек саласындағы барынша өзекті тақырыптар бойынша 2 зерттеу жүргізуге шығыстар көзделген", – делінген құжатта.

Бұл қайта азайғандағысы: мысалы, 2019 жылы 79,1 миллион теңге шығындалыпты. Ал пандемия жайлаған былтырғы жылы зерттеу мен кеңес алу қызметіне қаражат бөлінбеді.

Осы орайда аталған бір бағдарлама (мемлекеттік саясатты қалыптастыру) аясында еңбек министрлігінің әкімшілік шығыстарының көлемі тамсантады: 2021 жылы 3,2 миллиард, 2022 жылы – 3,02 миллиард теңге әкімшілік шығын шығармақ.

Салыстыра кету үшін айтсақ, сол "Ашық бюджеттер" порталының мәліметінше, бүкіл Сыртқы істер министрлігін ұстап тұру ("СІМ орталық аппаратының дипломатиялық қызмет персоналын материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету") Үкіметке небары 3,8 миллиард теңгеге ғана түседі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу