Әлемді қазір жаймашуақ шақ – арзаншылық басуда. Тіпті өткен екі жыл қатарынан рецессияны, яғни экономикалық кері кетуді бастан кештен, енді өсуге ден қойған Бразилияда соңғы 11 жылда болмаған дефляция тіркелген. Бразилияның география және статистика институтының (IBGE) мәліметінше, бағаның ең көп арзандауы азық-түлік тағамдары және электр энергиясы салаларында тіркеліпті. Жалпы алғанда, биылғы маусым қорытындысында бұл елде 0,23%-дық дефляция тіркелген, инфляция мүлдем жоқ.
30 шілдедегі жағдай бойынша Еуропалық одақта инфляция небары 1,3%-ды құрап отыр. Алдыңғы айда бұл көрсеткіші 1,4% болған, яғни араға ай сала арзандағаны байқалады. АҚШ-та да 14 маусымдағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш "-0,1%"-ды құраған. Негізі, инфляция 0,1% болады деп болжанған. Себебі, алдында 0,2%-ды құраған еді. Азия құрлығында да осындай көрініс орнауда. Беларусьтің ұлттық статистикалық комитеті (Белстат) биылғы маусымда инфляция 0,7%-ды құрағанын хабарлады.
Яғни, соқпақ-сүрлеу емес, даңғыл жол салынған, Қазақстанға "әпкем тойға барады, мен де барам" деп, сол бағытқа түсіп, өркениетті елдер көшінен қалмай, ілгері жылжу ғана қалады.
Ал шынында не болуда? Қазақстан мен Ресей жаппай қымбатшылықтың есеңгіретер соққысының астында қалуда. Солтүстік көршіміз дәл солай айтты: "Это шок" деді өз тілінде биік лауазымды тұлғалары.
"Маусым айында Ресейде инфляция 0,6%-ға дейін, ал жылдық шамада 4,4%-ға дейін ұлғайып шыға келді. Бұл шыны керек, естен тандырып отыр. Өйткені бұл көрсеткіш біз күткеннен әлдеқайда көп болып шықты", – деп мәлімдеді РФ Орталық банкінің қаржылық-кредиттік саясат департаментінің директоры Игорь Дмитриев. Ресейлік ақпарат құралдары сауал салған осы ел үкіметінің экономикалық-қаржылық қанатындағы үлкен шенеуніктер де осы бағаға қосылатындарын білдірген.
"Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқтағы етігің тар болса егер" деген екен атам қазақ.
2015 жылы валюта бағамын реттеуді қойып, оның орнына "инфляциялық таргеттеуге" көшкен, қарапайым тілмен айтқанда, инфляцияны құрықтауды басты нысанаға алған үкімет содан бергі уақытта бұл кесір құбылысты тұсаулауды үйренуге тиіс еді.
Алайда осы сейсенбіде өткен үкімет отырысында "ауырмай естен жаңылтар" мәліметтер келтірілді. Тіпті осы орайда білдей екі алпауыт министрліктің басшылығы сөзге келіп қалып, бір-бірін аяусыз сынады.
Қазақстанда, әсіресе халық ауырсына қабылдаған әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының неге қымбаттап бара жатқанын түсіндірген ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов оның бірнеше себебін атады. Оның біразы ауыл шаруашылығына мірдің оғындай қадалды.
"Маусым айындағы бағалардың өсуіне ықпал еткен негізгі себеп – биылғы жаңа шыққан ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттығы және әр жылдың екінші тоқсанында өткен жылғы қорлардың қысқаруы, – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. – Бұдан бөлек, соңғы 5 жылға талдау көрсеткеніндей, 4 тауар түрі – жуа, картоп, сәбіз және қырыққабат бағасы маусымдық қымбаттауға бейім тұрады. Алайда олардың биылғы қымбаттауы соңғы бес жылдағы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары болып шықты. Бұған басқа себептер ықпал етті. Атап айтқанда, жуаның сыртқа экспорты 2016 жылғы 4 айдағы 18,7 мың тоннадан 2017 жылғы 4 айда 25,3 мың тоннаға дейін өсті, соның ішінде Өзбекстанға әкетілген экспорт 22,4 мың тоннаны құрады. Картоп экспорты болса, былтырғы 260 тоннадан биылғы 4 айда 75,8 мың тоннаға дейін еселеп ұлғайды, соның ішінде Өзбекстанға экспорт 75,3 мың тоннаны құрады. Қырыққабат экспорты да 2016 жылғы 4 айдағы 2,2 мың тоннадан биыл 5 мың тоннаға жетті, соның ішінде Өзбекстанға сатылғаны 2,6 мың тонна".
Ол сондай-ақ азық-түлік бағалардың көтерілуіне бензин (+5,4%-ға қымбаттаған), дизельді отын (+6,6%), коммуналдық тарифтердің, соның ішінде газбен қамтудың (+4,9%), жылумен жабдықтаудың (+7,3%), электр энергиясының (+3,2%) өсуі де серпін бергенін қосты.
Соңғы кездері "қойларды үйірімен Қытайға сатып, базардағы қойдың бағасын қымбаттатып жіберді" деп халықтан сөз естіп жүрген ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы өз әріптесінің сынын ауырсына қабылдағандай.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов үкімет басшысына қайырылып, жұрттың көзінше ұлттық экономика министрін "сөкті".
"Біз шетелге экспорттың өсуі кесірінен ішкі баға да қымбаттауда деп сілтеме жасау әдепсіз, қате деп санаймыз. Өйткені бұл фактор – шетелге экспорттың өсуі оңды жайт болып табылады және оған Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшылары арасындағы кедендік кедергілерді азайту бойынша уағдаластықтар арқасында қол жеткізілді. Жағдайды экспорттың артуына сілтеме жасамай-ақ жақсартуға болар еді. Ол үшін әкімдіктер 2016 жылғы картоп пен көкөніс өнімдерінің түсімін дер кезінде контрактімен тұрақтандырушы қорларға сатып алулары керек еді" – деп кейіді Қайрат Айтуғанов.
Бір қызығы, Қазақстанда құзыр бөліс бойынша ауылға, өңірлерге ауыл шаруашылығы министрлігі емес, ұлттық экономика министрлігі жауап береді. Демек, бейнелеп айтсақ, АШМ бұл проблеманың "добын" ұлттық экономистердің қақпасына қарай кері теуіп жіберді.
Бұл аз болса, АШМ үкімет басшысына Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларын жазалау туралы ұсыныспен шықты.
Бұған қоса, Қайрат Айтуғанов ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті (антимонополиялық комитет) әкімдіктермен бірге, сауда саласында бағалардың негізсіз өсуіне қатысты белсенді шаралар қабылдағаны жөн екеніне нұсқады.
Үкімет мүшелерінің бір-бірімен қырқысуы үкімет басшысына ұнамады.
Бақытжан Сағынтаев егін шаруашылығы өнімдерінің ескі қоры таусылған, ал жаңа өсімі әлі жиналмаған өлара, шенеуніктер тілімен айтқанда, "маусымдық кезеңде" көкөніс бағаларының өсуіне АШМ де кінәлі екенін нұсқады. Себебі, бұл министрлік көкөніс сақтау қоймаларының салынуына жауапты. Тиісінше, бизнесмендер көрші елдерден тасып, сақтайын десе, тиісті қойма жоқ.
"Біріншіден, кәсіпкерлерге ол өнімді сақтайтын жер жоқ. Бізде әлемдік стандарттарға сай келетін және өнімді жыл он екі ай сақтауға болатын қанша көкөніс қоймасы бар?" – деп сұрады премьер.
АШМ бірінші вице-министрінің айтуынша, бүкіл Қазақстандағы көкөніс қоймаларының бүкіл ауқымы 1 миллион 200 мың тоннаға есептеліпті. "Оның ішінде төрттен бірі – ҚазАгроның кредиттік ресурстарына салынған заманауи көкөніс қоймалары. Қалғандары – кеңес одағынан бізге көшкендері. Жалпы, бізде тек Маңғыстау және Атырау облыстарында ғана осындай қоймалардың жетіспеушілігі бар", – деді Қайрат Айтуғанов.
"Егер солай ғана болса, онда тек осы екі облыста ғана көкөніс қымбаттар еді. Ал баға бүкіл еліміз бойынша көтеріліп отыр – деген Бақытжан Сағынтаев өз орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке бұрылды: "Сіз сақтауға және сөреге дейін жеткізуге қызмет ететін заманауи логистикалық орталықтар саламыз деп баяндап едіңіз. Әлі күнге олар жоқ!" деп қынжылыс білдірді үкімет жетекшісі.
Бақытжан Сағынтаев "антимонополиялық орган жөндеу жұмыс жасамай отыр" деген байламға да көңілтолмастық білдірді.
"Монополияға қарсы және бәсекелестікті қорғау комитеті белсенді жұмыс жасамайды деген дұрыс емес. Бұл комитет қалай жұмыс жасаса да, жай ғана бағаны бизнесмендердің бағасын күштеп реттеумен еш нәтиже шығара алмаймыз. Нәтиже болу үшін оларға көкөніс сақтау қоймаларын ұсына алуымыз керек. Ал өнім қоры болмаса, әрине, баға да өседі" – деді үкімет басшысы.
Сонымен бірге, Бақытжан Сағынтаев бағаларды тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтардың басшылары болып табылатын әкімдердің орынбасарларын жауапкершілікке тарту ұсынысын қолдады.
"Құрметті әкімдер! Егер жауаптылардың өздері жаза тартса, бұл сіздердің өздеріңізге пайдалы болады деп ойлаймын. Өйткені орындалмай жатқаны – сіздердің шешімдеріңіз, меморандумдарыңыз. Сіздер меморандум бекітіп, жоспар құрып, баға өспейтінін көрсеттіңіздер. Енді не шықты? Сонда не, бізде бағалар жоспар бойынша өсіп жатқан болып шығады ғой?! Жартыжылдық қорытындысы бойынша меморандумдар еш жерде дерлік орындалмай қалды. Сонда бағалар бәрібір өсетін болса, меморандумдар бекіткеннен не қайыр. Ендеше, құрметті әкім мырзалар, әкімдердің осы жұмыс бөлігіне жауап беретін орынбасарларының жауапкершілігін қарауды сұраймын!" – деп нықтады Бақытжан Сағынтаев.
Жалпы алғанда, бағаны тұрақтандыру үшін ұлттық экономика министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, наурызда тұтыну бағасы индексінің міндетті индикаторларының сақталуы бойынша үшжақты меморандум жасалып, қабылдаған.
Ал табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелері инфляция қарқынын тежеу мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында заңнаманың бұзылуын тексеру аясындағы жұмысын жалғастыруда.
Енді орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдардың жұмысы 2017 жылға арналған міндетті дәліздегі инфляцияны тежеу бойынша жедел шараларды қабылдауға бағытталады. Бұл ретте әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтар мен тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру және қайта форматтау бойынша тапсырмалар беріліпті. Штабтарға барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ең маңыздысы, бизнестің, сауда желілерінің, өндірушілердің, жеткізушілердің және нарық өкілдерінің қатысуымен апта сайын жиналуға ұсыныс жасалды. Штабтар проблемалық учаскелерді анықтауға, азық-түлік тауарлары нарығының өңірлік ойыншыларымен кеңесіп, тиімді шараларды жүзеге асыруға міндеттелген.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктеріне бағалар серпініне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету жүктелді. Ал мемлекеттік органдар алдына "әкімдіктермен бірге басым түрде өңірлік базарларды азық-түлікпен молықтыру және сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылдау" бойынша міндет қойылды.
Бақыт Көмекбайұлы