Еліміздегі жолдар сапасының жаман болуы жемқорлықпен байланысты екен

4092

Көлік министрлігі жол сапасындағы анықталған ақауларды жойғызу үшін қажетті құзырдың жоқтығына шағымданды.

Еліміздегі жолдар сапасының жаман болуы жемқорлықпен байланысты екен Фото: gov.kz

Жүк жеткізу мақсатында қиырға қатынайтын жүргізуші Әділет Мырзабек көрші елдерге барған сайын ұялатынын айтады.

"Бұл мәселе көптен мазалап жүр. Жолдары тақтайдай түзу Өзбекстанды, тіпті Қырғызстанды айтпағанның өзінде, үш жылдан бері соғыс жүргізіп жатқан Ресейдің жолдарының сапасына таңғаламын. Бірақ РФ-та сапалы жабынғысы бар жолдар жыл сайын көбеюде. Челябі, Түмен, тіпті Ингушетия мен Ханты-Мансы округінде жолдар түп-түзу. Ешбір шоқалақ кездеспейді, көлік жорғадай желіп отырады. Ресейлік әріптестерімнен сұрасам, жолдарды салуға ақша өңірлік және муниципалдық бюджеттерден, сондай-ақ федералдық қазынадан қатар бөлінеді дейді. Бізде де аз бөлмейді, бірақ асфальті шөгіп, ойқы-шойқы болып жатады", – деді Мырзабек.

Ол апта бұрын Қазақстан аумағында, Көктал жанында аварияға ұшырап, ауып қала жаздағанын, Қытайдан әкеле жатқан қымбат жиһазға зақым келгенін айтады.

Қазақстанның жолдарының нашар сапасы өңірлерге көп сапарлайтын депутаттардың да қанын қарайтып, жүйкесін жұқартып бітті. Оған тісін қайрап жүрген адамдардың бірі – мәжілісмен Ержан Бейсенбаев стратегиялық объекті саналатын жолдар мен көпірлердің жағдайы республиканың ұлттық қауіпсіздігіне тікелей теріс әсер ететінін айтады.

"Мол ақшаға салынған жолдарымыздың сапасы нашар. Өйткені техникалық қадағалау, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" бақылауы жеткіліксіз. Осы орталықтың жұмысына қатысты сұрақ туындайды: 5 жылдағы жұмысыңның нәтижесі қайда? Орталық әр аймақта филиалын ашып алды, оның бәрі қазыналық кәсіпорын ретінде ел бюджетінің мойнында отыр. Алайда жолдардың сапасы әлі күнге жақсарған жоқ", – деді Ержан Алмабекұлы.

Оның айтуынша, мысалы, Жамбыл облысындағы Қордай асуындағы ақылы жол шұрық тесік, қырық жамау. Былтыр бір топ депутат жүргізуші атаулыны азапқа салған Алматы облысындағы 41 шақырымдық жол туралы мәселе көтеріп, сауал жолдапты. Сол бойы жөнделмеген екен.

"Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінен оңға бұрылғанда Шуға дейінгі 60 шақырым жол жоқ! Айналма жолға тас-құм төселе салынған, қалғаны – жеткенше есіңді алар ескі жол. Биылғы жылдың шілде айында "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" Үкімет басшысына өз жұмысы туралы есеп берді. Сонда әшкереленген жөнсіздіктерді теріп айтты. Сапаға жауап беретін орталық өзің емес пе? Ендеше сол олқылықтарға жол бермеуің керек емес пе? Оның орнына кемшіліктерді тапқанына мәз болып отыр", – деді депутат.

Мәжілісмен бұл тұрғыда мүдделер қақтығысын байқапты. Президент өз жолдауында бүкіл ел бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды орташа жөндеумен қамтуды тапсырды. Орташа жөндеудің ведомстволық сараптамасымен дәл осы "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" айналысады. Сонымен бірге оның өзі сападағы кемшілікке жол бермеу керек.

"Логика қайда? Бұл ұлттық орталық ведомстволық сараптама жүргізеді, құрылысқа қатысты ұсыныстар береді және мердігерлік ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді табады. Мұндай қайшылық мүдделер қақтығысына соқтырады. Салдарынан, жолдардың сапасы жөнінен Қазақстан жаһандық тізімнің соңына жақын, 118 ел ішінде 93-ші орында тұр. Бұл жолдар халық қаржысына салынады, демек, оның сапасына қоғамдық бақылау енгізу керек", – деді Мәжіліс депутаты.

Мысалы, жүргізушілер арасында үнемі онлайн сауалнама, әлеуметтік зерттеу жүргізіп тұруға болады. Сондай-ақ жол активтерінің сапасын бақылау процестерін автоматтандырудың заманауи технологияларын қолдану маңызды. Еуропадағы сияқты жолдардың жағдайын тексеру үшін дрондарды немесе датчиктерді пайдалану ұсынылды.

Өз кезегінде Антикор Қазақстанда триллиондаған қаражаттың шығындалғанына қарамастан, жолдар сапасының нашар болуын сыбайлас жемқорлықпен байланыстырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық кеңестің талқылауына жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері шығарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Агенттік Көлік министрлігімен бірлесіп, саладағы коррупциялық тәуекелдерге сыртқы талдау жүргізген.

"Соңғы 5 жылда жол саласына 6 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бірақ жол желісінің жай-күйі халықтың шағымын тудыруда. 2023-2024 жылдары меморгандарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады", – деп мәлімдеді Агенттік.

Жыл басынан бері Антикор осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді. Сондай-ақ сыртқы талдау қорытындылары салада жоспарлаудан бастап, бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде "жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар" екенін көрсетті.

Антикор әшкерелегендей, біріншіден, бастапқы кезеңде-ақ проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды. Жақында ғана салынған жолдарға ізінше жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, ел қаржысы босқа шашылады.

Екіншіден, жобалау кезінде смета жасанды түрде қымбаттатылады. Оған қажетті жұмыс көлемі шамадан тыс көп көрсетіледі, материалдар артығымен жазылады. Кейін көп артылып қалған жол құрылысы материалдарының қайда кететіні белгісіз.

Үшіншіден, Қазақстанда жол құрылысына қатысты келісімшарттар көбінесе тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісім шарттарымен жасалатыны әшкере болды. Қосалқы мердігерлік ұйымдар ретінде кімдерді тартып жатқанын ешкім де бақыламайды.

Төртіншіден, ведомство анықтағандай, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" анықтаған ақаулар туралы қорытындыларын бергенімен, мердігерлерге оны орындау міндетті емес көрінеді. Ал, техникалық қадағалау өз функцияларын формальды, үстірт орындайды.

Бесіншіден, саланы дамыту үшін "Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының" әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына бұл институт қағазбен, нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады. Қаржыны да содан табатыны жасырын емес.

"Жаңа технологиялардың енгізілмеуі, білікті кадрлардың тапшылығы және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына кері әсер етеді. Цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырады. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 миллиард (!) теңге бюджет қаражаты шығындалды. Соған қарамастан, жолдардың цифрлық картасы сол бойы әзірленбеген", – деп хабарлады Антикор.

Талдау қорытындысында агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындады. Оның ішінде жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау, "ҚазЖолҒЗИ-ді" сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге, ірі жол жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеуге қайта бағдарлау, Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ Жолдардың цифрлық картасын жасау шаралары ұсынылды. Антикор жол саласындағы коррупциялық тәуекелдерді жою, ұсынымдарды орындату жұмысының жалғасатынына уәде етті.

Айтқандай, жемқорлықпен күресуші ведомство бақылаудың көп сатылы жүйесі өзін ақтамағанын көрсетті деп отыр. Алайда Көлік министрлігі болса, ары қарай соған иек артпақ. Бұл жүйеде мердігердің өзі би, өзі қожа көрінеді.

"Бүгінде елімізде 5 сатылы тексеру енгізілген. Яғни, Қазақстанда жол сапасын тексеруге тапсырыс беруші, мердігер, авторлық қадағалаушы, техникалық қадағалаушы және "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК жұмылдырылады. Бұл ретте ұлттық орталық іріктемелі, ішінара тексеруді ғана жүргізеді. Ал, жол құрылысы кезінде толық тексеруді жүргізу инженерлік ұйымдарға жүктелген. Бұған қоса, азаматтарды ерікті қоғамдық қадағалауға тарту мәселесі де пысықталып жатыр", – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Ол Жол активтері сапасының ұлттық орталығының бақылауы мен тексерісі жеткіліксіз екенін мойындады. Ол тіпті іріктемелі тексерісін де толыққанды жүргізе алмайды екен.

"Қазіргі таңда бұл орталық республикалық желіні іріктемелі тексерумен толық қамтып, 200-ден астам нысанды тексерді. Алайда жергілікті желілер бойынша жоспары 89%-ға ғана орындалды: 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді. Сондай-ақ былтырғы жыл қортындысында жергілікті желідегі 2 500-ден астам нысанға тапсырыс беруші 1 ғана инспекциялық тексеру жүргізуге рұқсат берген жағдайлар да кездесті. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік Мәжіліске тиісті заң жобасын енгізді. Оған сәйкес, республикалық бюджеттен қаржыландыру арқылы еліміздегі жүргізіліп жатқан жол құрылысы нысандарының барлығы сапа сараптамасымен қамтамасыз етілмек", – деді көлік министрі.

Оның айтуынша, ұлттық орталық салынып жатқан жолдарда кейінгі 5 жыл ішінде 30 мыңнан астам ақауды анықтады. Шара қабылданып жатқан көрінеді. Дегенмен, үлкен нәтиже бар деп айту қиын. Мысалы, 2022 жылы ақаулар саны 8 159 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 30%-ға төмендеп, 5 741-ді құрады.

Бұдан бөлек, жол сапасын жақсарту мақсатында алғаш рет барлық асфальт-бетон зауыттарына тексеріс жүргізіліпті. Ревизиямен 400-ге жуық АБЗ қамтылды. Соның ішінде 109 зауыттың материалдары ғана жол құрылысында пайдалануға ұсынылыпты. Қалғандары бойынша оларды стандартқа сәйкес келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Марат Қарабаев ұлттық орталықтың мердігер мен техникалық қадағалау ұйымынан өзі анықтаған ақаулар бойынша шара қолдануды талап ету өкілеттігі жоқ екенін атап өтті.  

"Салдарынан, мысалы, министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті республикалық желі бойынша анықталған ақауларды жоюды және қайталамауды қамтамасыз етуді қатаң бақылауында ұстаса, ал, жергілікті желідегі анықталған ақаулар ескерусіз қалуда. Мәселені шешу мақсатында Премьер-министр осы орталық анықтаған ақаулар жойылмаған жағдайда, жол учаскесін қабылдауға тыйым салатын заң нормаларын іске асыруға тапсырма берді. Бүгінде министрлік осы мәселе бойынша бұйрықтарға тиісті өзгерістер енгізді", – деді Қарабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу