Еліміздің мұнай сервистік компаниялары қомақты тапсырыстардан үмітті

4842

Әзірге ірі жобалардағы мердігерліктің қомақты үлесі шетелдік компанияларға тиесілі.

Еліміздің мұнай сервистік компаниялары қомақты тапсырыстардан үмітті

Нарықтан өз орнын алу
Сарапшылардың айтуынша, әлемдік мұнай нарығын алысқа сабылмай, Қазақстаннан да табуға болады. Әлемдік мұнай нарығы алыптарының барлығы осы жерде.

Шындығында да қазіргі таңда біздегі мұнай өндіру Chevron, ExxonMobile, LUKOIL, CNPC сияқты көшбасшылардың қолында. Олардың барлығы бұл жаққа өздерінің жаңа технологиялары мен миллиардтаған инвестицияларын әкеліп жатыр. Бұл кім-кімге де, оның ішінде мұнай сервистік компаниялар үшін де зор мүмкіндіктер беретін нарық. Тап қазіргі уақытта Қазақстанда 170 мыңнан астам адам еңбек етіп жатқан 1000-нан астам мұнай сервистік компания жұмыс істейді.

"Бүгінгі күні Қазақстандағы барлық мұнай-газ сервистік сатып алулардың 75 пайызы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі үш жоба операторларының үлесіне тиесілі. Алдағы уақытта тек осы үш кен орнындағы мұнай өндіруді арттыру – бұл көрсеткішті арттырары анық. Қазір үлкен мүмкіндіктер алдында тұрмыз, сондықтан бізге, қазақстандық сервистік компанияларға осы жобаларға тең дәрежеде қатысуға қол жеткізу керек", – деді Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов 12 ақпан күні Астанада өткен баспасөз-конференциясында. 

Бүгінде 25 жыл ішінде әбден тәжірибе жинақтаған отандық сервистік компаниялар барлық мүмкіндікті жібермеуге тырысып бақпақ. Олар тиімді тапсырыстардың еншілес шетелдік сервистік компанияларға кетіп қалмауына және ірі мұнай компаниялары атынан тапсырыс берушілер оларды шетелдік компанияларға тең серіктес ретінде көруіне қолжеткізбек.

"Жер қойнауын пайдалану саласындағы мұнай сервистік қызмет көрсетудің жыл сайынғы айналымы орташа есеппен жылына жеті миллиард доллар болады. Ал отандық бизнесті мұнай сервиске тарту орташа алғанда 55 пайыз. Алайда кейбір сегмент бойынша қазақстандық бизнестің үлесі 20 пайыздан төмен", – деп Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов еліміздің мұнай сервистік секторындағы қазіргі жағдайды сипаттап берді.

Таразы басы тең келмесе
Нұрлан Жұмағұлов көптеген қазақстандық сервистік компанияның тиімді мұнай сервистік келісімшарттардан тысқары қалып қоюының негізгі себептерін саралап берді. Оның біріншісі  –тендердің жабық түрде өтуі.

"Мысалы, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ бойынша  тұрақтандырылған келісімшарттарды алайық. Бұл операторлардың тендер процесі жабық түрде өтетіні бәріне белгілі. Тендерге тек шақырту бойынша келген компаниялар қатысады. Ал осы үш жобаның үлесіне бір жарым триллион теңге кетеді!", – деді Нұрлан Жұмағұлов.


Ол  Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі жоба операторлары тапсырыстарының (мердігерлік) үлкен бөлігі шетелдік компанияларға кететінін нақтылап берді. Олардың ішінде 250 жаһандық мердігерлік ұйымдар тобына кіретіндер де бар. Бүгінгі күні Қазақстанда осы үздіктер тобына кіретін компаниялар жұмыс істеп жатыр және бүкіл әлемнің шамамен 20 мердігерлік компаниясы аз ақша тауып жатқан жоқ. Еуропа мен АҚШ-тың тағы он компаниясы да қазақстандық мұнай сервистік нарыққа енуге ниет білдіріп отыр.

Екінші басты себеп – бұл қаржылық шарттың да бірдей болмауы, яғни қазақстандық сервистік компаниялардың айналымға қаражаты жетпейді.

"Қазір Теңіз компаниясы бюджеті миллиард доллардан кем болмайтын бірнеше құрылыс жұмысының тендерін өткізіп жатыр. Өздерінің бренді бар шетелдік компаниялар төменгі пайыздық несиеге қолжеткізуі мүмкін. Несие рейтингі бар, олар осыны пайдаланып шетелдік қаржы ұйымдарынан арзан несие ала алады, ал қазақстандық компанияларға тіпті отандық банктен несие алу қиын. Алған күннің өзінде, оның жылдық пайызы 15 немесе 20 болады, ал бұл олардың бәсекелесу мүмкіндігін шектейді", – деді Нұрлан Жұмағұлов.

Үшінші себеп – бұл жер қойнауын жекеменшікке алған компаниялар, олардың ішінде қытайлық мұнай өндіруші компаниялардың үстемдігі зор болып тұр.

"Бір жағынан алып қарайтын болсақ, олардың барлық сатып алулары нарық қатысушылары үшін ашық, ал басқа жағынан қарасақ, барлық ірі мердігерлікті қытайлық құрылтайшылық капиталы бар компаниялар жеңіп алуда. Тендерлік құжаттар қазақстандық компания тіпті қатыспайтындай етіп жасалады", –деді ол.

Оның айтуынша, соңғы уақытқа дейін қытайлық мұнай өндіруші компаниялар көрсетілген қызмет ақысын төлеу мерзімін екі жыл ішінде төлейміз деп көрсетіп келген. Жергілікті компанияның бірде-бірі жұмыс істеп, оның ақысын екі жыл күткісі келмейтіні айтпаса да түсінікті. Тек жақында энергетика министрлігінің араласуымен ғана көрсетілген қызмет ақысын екі ай ішінде төлеу керектігі бекітілді. 

"Біз отандық мұнай сервистік компанияларын мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы туралы мәселені көтергіміз келеді. Бүгінгі таңда біздің жергілікті компанияларға импорттық баж салығын төлеуден босатылған және қаржы алуға мүмкіндігі бар шетелдік компаниялармен бәсекелесу оңай емес", – деп есептейді Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының жоба бойынша басқарушысы Нияз Жұмат.

Сонымен қатар ол мемлекеттің қолдауына сеніп отыра бермей, қазақстандық сервистік компаниялардың қаржылық және адами ресурстарын біріктіру керектігін ұсынып отыр.

"Тек бірлесіп қана жоғары нәтижеге қолжеткіземіз", – деді Нияз Жұмат.

Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодексте жаңа ережелер жазылған. Бұл ережелер шетелдік және қазақстандық компаниялар үшін тең құқық береді. Бұған қоса, жаңа заң бұрғылау мен жобалауда 50 пайыздан кем емес қазақстандық қамтуға қолжеткізу міндетін бекітті.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу