Елорда да карантин режимі сақталып жатыр ма?

4142

Шектеу жеңілдетілгенмен, cақтық шараларын ұмытуға болмайды.  

Елорда да карантин режимі сақталып жатыр ма?

 

Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың мәлімдеуінше, қала тіршілігін  ұйымдастырудың жаңа алгоритмі сақтық шараларына ерекше назар аударуды талап етеді. 

"Коронавирус инфекциясына байланысты бұған дейін енгізілген шектеу шаралары біртіндеп алынып жатыр. Бірқатар нысанды аша отырып, қалыптасқан жағдайды сынақтан өткізудеміз. Барлығы ойдағыдай болса, карантин режимінен шығуға болады", – деді ол.

Сәуле Қисықова коронавирустан емделген адамның ағзасында аурудың теріс әсері қалуы мүмкін екенін айтты.

"Коронавирус инфекциясынан жазылғаннан кейін, адамның бойында оның салдары байқалады. Ең бірінші кезекте ол адамның жасына байланысты. Пациенттің қандай кезеңде емханаға түскені де маңызды. Оның бойында қандай аурудың өршіп кеткеніне де көп көңіл бөлу керек. Әрине, иммундық жүйеге қысым күшейеді. Коронавирустан емделіп шыққан кейбір азаматтар оңалту шараларынан өтеді. Оңалту шарасын өткізудегі басты мақсат – адам ағзасында болған індеттің салдарын жою", – деді басқарма басшысы.

Сәуле Қисықованың дерегінше, елорданың ауруханаларында 1 022 науқас ем қабылдап жатыр.

"10 науқас тұрақты ауыр халде жатыр. Оның екеуі жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. Қалған науқастардың халі  қанағаттанарлық жағдайда", – деді Сәуле Қисықова.

Басқарма басшысының айтуынша, бас қалада вирустың таралу көрсеткіші 2 есе төмендеген.   

"Мамырдың алғашқы аптасында коронавирус инфекциясының 376 жағдайы тіркелді. Ол кезде орташа өсім 6,4%-ды құрады. Мамырдың екінші аптасында 185 адам анықталды. Орташа өсім 2,3% болды. Бұл вирустың таралуы 2 есе төмендеді деген сөз", – деді Сәуле Қисықова.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева 20 мамырдан бастап елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының ашылуына рұқсат беретін қаулы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. 

"Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ведомствоаралық комиссияда 2020 жылдың 20 мамырынан бастап біздің қалада сауда ойын-сауық орталықтарының (оның ішінде ойын-сауық және ойын орталықтарынсыз, фудкордсыз, кинотеатрсыз) және қоғамдық моншалардың (сауналардың бассейнсіз), азық-түліктік емес сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын қайта бастау жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған қатысты қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы дайындалып жатыр", – деді Жанна Пірәлиева.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу