Елорда тұрғындары қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын талқылауда

1632

Астана бас жоспарын әзірлеушілер жасыл желектерді көбейтіп, рекреациялық зоналар жасап, жаңа сквер, саябақтар салуды жобалап отыр. Сонымен қатар, K-3 үшінші айналма жолының құрылысын салу көзделген.

Елорда тұрғындары қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын талқылауда Фото: massaget.kz

"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңның 13-бабына сәйкес Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары жобасымен танысу және талқылау үшін елорда тұрғындары көрмеге шақырылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС көрме залында Бас жоспардың жобалық шешімдері көрме материалдары ретінде көпшілік назарына ұсынылған. 15 қараша күні тұрғындардың қатысуымен "Алматы" ауданы, 16 қараша - "Байқоңыр" ауданы, 17 қараша – "Есіл" ауданы бойынша талқылау жүргізілді. 

Елорда тұрғындарының назарына ұсынылған макеттер жобалау алдындағы шешім. Қаланың бас жоспарын 2023 жылдың төртінші тоқсанында қабылдау жоспарланып отыр. Бас жоспарды әзірлеушілер қала тұрғындарының ұсыныстары мен ескертпелерін мүмкіндігінше қамтуға уәде берді. 

"Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" сарапшыларының мәліметінше қаланың қазіргі шекарасы мен негізгі көлемі 2035 жылы да осы қалпында қалады. Қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуге қала халқының қарқынды түрде өсуі ықпал етіп отыр. 2022 жылдың 1-қаңтарында Астана халқы 1 млн 240 адам болған еді, ал қараша айының басындағы көрсеткіш 1 млн 340 мың адамға жеткен. Тек сегіз айда ғана елорда тұрғындары 100 мың адамға көбейген. 

"Астананың қолданыстағы бас жоспары 2016 жылы жасалған, ол 1,2 млн тұрғынға арналған еді. Ондағы тұрғын үй қоры 37 млн шаршы метрді құраған болатын. 2016 жылғы Бас жоспарда әр адамға баспана 20-21 шаршы метр көлемінде есептелген", - деді "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Қабдуалиев. 

Қаланың жаңа бас жоспары бойынша тұрғын үй қоры 68 млн 250 мың шаршы метрді құрайды. Бұл көлем 2035 жылға болжанған 2 млн 275 мың адамды баспанамен қамтуға жеткілікті болмақ. Дегенмен, бас жоспардың авторлары қала халқының қазіргі өсу қарқынымен бұл сандар да көбейетініне күмәнсіз. 

Осылайша қала тұрғындарының өсуіне қарай, елорданың даму жоспары да екі кезеңге бөлінген, бірінші кезең 2025 жылға дейін. Сарапшылар ол уақытта қала тұрғындары 1 млн 480 мың адам болады деп болжайды. Екінші кезең 2035 жылға болжанған межеге сай келмек. Халық санының өсуімен бірге құрылыс тығыздығы да артып, көлік және инженерлік инфрақұрылымға түсетін салмақ ұлғаяды. 

Дегенмен, қала Қарағанды тас жолы бағытындағы "Метро" Сауда үйі, Мәңгілік ел көшесі, Тұран даңғылының батысына қарай және Тельман тұрғын жайынан оңтүстікке қарай 4 бағытта дамитын болады.

"Асан қайғы, Сарыарқа, Ұлы дала және Бейсекова көшелерін ұзарту мақсатында бірқатар ескі үйлерді бұзу жоспарланып отыр. 2025 жылы 730 гектар алқапты алып жатқан ескі үйлерді сүріп, көшелерді ұзарту жоспарланған. Осы әдіспен 2035 жылға дейін 1362 гектар жерді игеру көзделуде. "Нұрлы жол" темір жол вокзалына қарай "Мыңжылдық" аллеясының құрылысы дамытылады, Талдыкөл  бағытында құрылыстар саны артады. Ал жаңа мешіт маңайындағы 250 гектар жерде, саябақ егіліп,  рекреациялық зона пайда болады", - деді Қуаныш Қабдуалиев. 

Бас жоспар жобасына сәйкес  Көктал, Шұбары, Заречный, "Нұрлы жол" темір жол вокзалы, Оңтүстік-Шығыс  аудандары мен Асан Қайғы көшесінің бойындағы ескі және апатты жағдайда тұрған үйлер сүрілетін болады. 

Қуаныш Қабдуаливтің сөзінше, бұл әдістің арқасында оң жағалауда жаңа политорталық пайда болып, қала ішінде халықтың оң жағалаудан сол жағалауға ішкі миграциясын баяулатуға ықпал етпек. 

Астана айналасындағы агломерация да қаланың дамуына зор ықпал етеді. Қаладан 30 шақырым қашықтықтағы ауылдардан күніне 85 мың адам қатынайды. 

Айта кетсек, елордадан 60 шақырым қашықтықта 50 елді мекен бар, қала маңындағы ауылдардан күніне 11 мың адам қатынайды. Осылайша күніне қалаға кетіп-кететін адам саны 96 мың адам шамасында. Бұл қаланың транспорттық құрылымына ықпал етеді. Көлік кептелістері пайда болады. 

Қазір қалада К-1 және К-2 айналма жолы бар. Алғашқысы шаһардағы көлік инфрақұрылымының дамына елеулі ықпал етсе, ішкі айналма жолдың 60%-ы ғана игерілген, сондықтан да қаладағы көлік қозғалысын қиындатып отыр. Осыған орай К-3 айналма жолын салу көзделген.

Қуаныш Қабдуалиевтің сөзінше, 57-60 шақырым қашықтықтағы үздіксіз қозғалыстағы айналма жол салынады. Ол "Нұрлы жол" темір жол вокзалы, Байқоңыр өндірістік зонасының маңынан өтіп, Нұрғиса Тілендиев даңғылын қиып, Үлкен Талдыкөлді айнала салынатын болады. 

Сондай-ақ, Есіл ауданын Қабанбай батыр көшесінің бойымен екі әкімшілік ауданға  бөлу жоспарланып отыр. 

Қаланың бас жоспарын әзірлеушілер қоғамдық көлікке де баса мән беріп отыр. Автобустарға балама көлік жүргізу жоспарланған. Ол метро немесе БРТ болуы мүмкін. Сол арқылы сол жағалау мен оң жағалауды жалғастыру көзделуде. Темір жол көлігі үшін де Астанада айналма жол салынбақ, ол арқылы жүк тиеген вагондар қатынайтын болады. 

Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарын жасаушылар әлеуметтік нысандардың да көбеюіне мүдделі. 

Қуаныш Қабдуаливтің дерегінше, қала ішінде балаларды балабақшаға, мектепке ары-бері тасып, қозғалысты көбейтпеу үшін, әр ауданда мектеп салу жоспарлануда. 

"Қазіргі таңда қала аумағында 429 мектепке дейінгі мекеме бар, оның 103-і мемлекеттік, 326-сы жеке мекеме. 2035 жылға қарай 185 жаңа мектепке дейінгі мекеме салынады деп жоспарланып отыр. Ал, мектеп санын 2035 жылға қарай тағы 158-ге арттыру көзделуде. Қазір елордада 105 мемлекеттік, 45 жеке мектеп бар. Сондай-ақ, Астана аумағында 39 мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесі бар. 2035 жылға қара тағы 78 жаңа мекеме салынады", - деді "Астана бас жоспары" ҒЗЖИ" ЖШС директорының орынбасары Қуаныш Қабдуалиев. 

Ертең 18 қараша елорда тұрғындары 2035 жылға дейінгі Астананың бас жоспарына сәйкес,  "Сарыарқа" ауданы бойынша талқылау жүргізеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу