Елордада болашақ жүргізушілер наразылық білдіруде

3549

Қалың қар басқан автодромда өнер көрсету күрделі.

Елордада болашақ жүргізушілер наразылық білдіруде

Нұр-Сұлтан бар істе өңірлерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Ол әзірге нашар үлгі көрсетуде. Астаналықтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне қатысты Үкіметке шағымданып жатыр.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы осы түйткіл қашан шешіледі? Елордада қазір бір "спеццон" ғана жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдап жатыр. Оның үстіне онда автоматты және механикалық беріліс қорабына ие бір-бір машинадан ғана бар. Астанада мамандандырылған ХҚКО-ға келетін адамдар тасқыны өте үлкен. Салдарынан машиналар жиі сынып қала береді. Соның кесірінен азаматтар қиындыққа кезігіп, қызмет ала алмай сенделуде", – дейді елорда тұрғыны Айгүл Тастыбаева.

Азаматтардың айтуынша, Нұр-Сұлтандағы арнайы ХҚКО-да 11 ақпаннан бері автоматты беріліс қорабы бар машина істен шығыпты. Нәтижесінде, көлік жүргізу бойынша емтихан тапсыруға бекініп келген адамдар ол ниетін іске асыра алмай, салы суға кетіп, кері қайтуға мәжбүр.

Проблема мұнымен бітпейді: сонымен бірге автодромның қардан дұрыс тазартылмайтынына да болашақ жүргізушілердің көңілі толмайды. Бір аптадай бұрын елордада қалың қар түскені мәлім. "Спеццонның" автодромында жерге түсірілген жол белгілері, таңбалар мен сызықтар көрінбей қалған. Бұл емтиханды дұрыс тапсыруға кедергі келтіріп, жүйке жұқартады.

Бүгінде бас қалада таксиді айтпағанда, қоғамдық көлік түрлерінен тек автобустар ғана қалды. Нұр-Сұлтанда не метро, не трамвай жоқ. ЛРТ көлігі сол бойы салынбай тұр. Ақмола кезінде троллейбустар желісінде жиі апат болып, олар көшенің қақ ортасында сілейіп тұрып қала бергендіктен, бұл көлік паркі түбегейлі жойылды. Жалғыз қалған автобустар паркі жолаушыларды тасып үлгермеуде.

Тиісінше, "нұрсұлтандықтардың аңсарлы арманы – автобустың жартылай бос болуы" деген әзіл-әжуа айтылып жүр.

Көлік қиыншылықтарынан шаршаған елордалықтар қал-қадерінше ақша жинап, жеке көлік сатып алуға, төл "темір тұлпарын" тақымға басуға ұмтылады. Жүргізуші куәлігін алуды қалағандар санының көп болуы да содан.  

Алайда билік жұртшылықтың бұл қызметтерді жылдам әрі жеңіл алуын әлі күнге кепілдендіре алмай келеді.

Нұр-сұлтандықтар мамандандырылған ХҚКО жұмысына былтыр да жаппай шағымданған. Оған пандемия кезінде осы орталықта қалыптасқан алапат кезектер себеп болды. Мысалы, автокөлікті қайта рәсімдеу үшін 10 күн бұрын жазылып, қарекет ету қажет болды. Ұзын-сонар кезекте алтын уақытын шығындап, қажыған адамдарды әлдебір тұлғалардың кезексіз өтіп, тез тапсырып жатқаны тіпті ашындырды.

Бұл ретте белгілі бір ақыға кезексіз тапсырудың "сұр схемалары" барын ақпарат құралдары анықтады. Әлдебір делдалдар 10–30 мың теңгеге кезексіз өтуге мүмкіндік берген: олар кезекті eGov.kz арқылы брондайды. Ресми SMS-хабарлама да келеді. Алайда ол адамды ғимаратқа өздері жеке кіргізіп алады. Осының кесірінен жалпы кезектегілер зардап шекті. Әлгі делдалдар "спеццонның" өз қызметкерлері болуы мүмкін деген жорамал айтылды.

Мамандандырылған ХҚКО бөлімінің басшысы Дәулет Дүйсенбеков журналистерге түсініктемесінде азаматтардың шағымына орай қауіпсіздік қызметі тексеріс жүргізіп жатқанын, жағдай бақылауға алынғанын хабарлаған-тын.

Өткен жылдың қыркүйегінде "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы "астананың мамандандырылған ХҚКО-сында кейбір жүргізуші куәліктерінің заңсыз беріліп келгенін" мәлімдеді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аумағында жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде әшкереленіпті. Сонда азаматтарды оқытпай, теориялық және практикалық емтихан тапсыртқызбай, автомектепті бітіргені және медициналық тексерістен өткені туралы жалған анықтама-куәліктер негізінде заңсыз жүргізуші куәліктерін беруді ұйымдастырған тұлғалар тобы ұсталды. Олардың арасында "спеццон" қызметкерлері жоқ екені мәлім етілді. Сәйкесінше, орталықтың қызметкерлері бұл факт бойынша ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.

Ал ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс тергелуде.

Халықтың кезекке қатысты шағымы ескеріліп, былтырғы қазан айында Нұр-Сұлтандағы "Нұрлы жол" вокзалы кешенінің аумағында екінші мамандандырылған ХҚКО ашылған болатын. Оған да үлкен жүктеме түсіп жатқан көрінеді. Себебі, елордада автокөлік сататын салондар мен орталықтар өзге қалаларға қарағанда көбірек шоғырланған. Сондықтан мұнда тек астаналықтар ғана емес, іргелес өңірлер мен қалалардың тұрғындары да "темір тұлпар" сатып алып, осы жерде куәлігін рәсімдеуге тырысады.

2020 жылы жалпы алғанда, Қазақстанда 1 миллион 369 мың 668 автокөлік есепке қойылды. Соның 190 мыңдайы немесе 14 пайыздайы – жалғыз елорданың еншісінде.

Қалай болғанда, билік мәселені толыққанды шеше алмай, тек салдарлармен күресіп жатқанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Фото: zen.yandex.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу