Елордада ПИК қызметі бір жүйеге түсірілмек

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
2020

Пәтер иелері кооперативтері мен коммуналды қызметтерге тұрғындардың қашан да көңілі толмайды.

Елордада ПИК қызметі бір жүйеге түсірілмек

Азаматтық мәдениеттің жоғары болмауы да ПИК қызметінде тұрғындардың өз мәселесін жеткізе білу, талап ету жолдарын білмей, жауапкершіліктен қашуынан көрініс табады. Сөйтіп әкімдіктен саланы бір жүйеге түсіруге нақты іс күтетіндей.

Қала әкімінің сайтына түсетін шағымның тең жартысы пәтер иелері кооперативі қызметіндегі қаржы есебінде айқындылықтың жоқтығы жайлы. Сонымен қатар тұратын үйлерінің техникалық жағдайының нашарлығына, үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстауда ПИК басшыларының әрекетсіздігіне шағым келтіргендер көп. Бүгінгі Астана тұрғындарын осы тұрғыда көбірек мазалайтыны не жай? Неліктен олардың арыз-шағымы күннен-күнге артып отыр?

Жыл басталғалы екінші рет жиналып қалған осындай шағымдардың түпкі себебін біліп, мәселелерді бетпе-бет отырып шешу үшін Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев бастаған билік пен құқық қорғау саласының өкілдері құзырлы орган қызметкерлері, қала тұрғындары және ПИК басшыларының басын қосып, қоғамдық тыңдау өткізді.

Шаһар басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде еліміздің бас қаласында жалпы ауданы 21 млн шаршы метр аумақта 2431 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан. Онда 419 ПИК қызмет көрсетеді. Олардың басым бөлігінің қызметі елорда тұрғындарының көңілінен шықпай отыр.

"Лотос" ПИК бойынша тұрғын үй кооперативі төрайымының үйдің жағдайын жасауда әрекетсіздігін айтып шағымданды.

"Басқа шарамыз қалмаған соң сізге келіп тұрмыз. ПИК басшысы Татьяна Алексеевнаға мәселемізді айтып барсақ, оны шешудің орнына кімге, қайда барсаң сонда бар деп айқаймен шығарып салады. Дағдарысқа байланысты Еуразия ауданындағы өзге ПИК-тер қызметіне 20-25 теңгеден жинаса, біздікі 35 теңгеден алады. Төменгі қабатта құбыр кесілгендіктен, су қысымы жоғарғы қабаттарға жетпейді. Шатырға жөндеу жасалмады. ПИК басшысын ауыстырайық десек, біздің үйдің тұрғындарының көбісі зейнеткер, олар мына кісіден қорқады", – дейді тұрғын. Әкімнің алдында жауабын берген әлгі ПИК басшысының айтуынша, ол басқаратын кооперативке 12 тұрғын үй қараса, соның ішінде тек осы үйдің адамдарымен ғана тіл табысу қиын екен, оның айтқан сөздері үнемі бұрмаланып кетеді-мыс.

Есіл ауданы бойынша ПИК қауымдастығының төрайымы Рыскүл Терекбаева тұрғын үйлердің төменгі қабаттарының жеке бизнес иелеріне жаппай сатылып кеткендігіне наразылық білдірді. "Ал олар негізі тұрғын үйдің ортақ мүлкі емес пе?! Жертөле мен техникалық қабаттар, есік алдындағы жер телімдерін тұрғындар неге өз қажеттіліктеріне пайдалана алмайды? Оларды иемденген жеке кәсіпкер ортақ мүлікті тоздыруға бар да, оны күтіп ұстау ақысына келгенде қалтасынан болмашы ғана ақша шығарады", – деген Рыскүл Терекбаева заңсыз сатылып кеткен сондай орындарға инвентаризация жасауды сұрады.

"Северное сияние" тұрғын үйінің мәселесіне орай жұмыс комиссиясы құрылып, әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошунге тапсырылған жұмыс жалғасып жатыр. Сол кешен тұрғыны Айжан бұл іске прокурорлар араласып, "Астана энергосбыт" мекемесінің қызметін тәуелсіз сарапшыларды қатыстыра отырып толығымен тексеруді сұрады. Өйткені олар бұл мекеменің қызметінен көптеген шикілікті байқап отыр.

Соңғы жылдары салынып, пайдалануға берілген әп-әсем, жап-жаңа зәулім үйлердің де олқылығы коммуналды мәселелердің қатарын көбейтуге әсер еткен. "Сырты бүтін, іші түтін" "Эдем палас-2" тұрғын үй кешенінде жылу жүйесі дұрыс емес. Тіпті суықтан пәтерлерінде су қатып қалады екен. Кешен жобасында әр кіреберісте 3 лифт қарастырылғанымен құрылыс салушылардан үйді қабылдап алғанда тек екі лифт істеп тұрған. Ал үшінші лифт қазір қойма ретінде жалға беріледі. Бар лифтінің өзі кейде істемей қалып, көпқабатты үйдің тұрғындары, әсіресе, қарттар мен жедел жәрдем шақыратындар қиналып отыр. "Сонымен бірге 4-кіреберістегі караоке барда таңғы жетіге дейін шу толастамай, содан тұрғындар да тыныш ұйықтай алмайды, әбден мазасы кетеді. Жергілікті полиция талай рет оларға бас сұғып, заңға қайшы әрекеттері үшін жауапқа тартқанымен, караоке басшыларына 10-15 мың теңгенің айыппұлын төлеп, қызметін жасай беру тиімді болып тұр", – дейді үй тұрғыны Наталья Данилова.

Осыған орай Астана әкімдігі түнгі уақытта жұмыс істейтін ойын-сауық орындарына бақылауды күшейту мәселесін қарастыратын болды. Мұндай орындардың жұмысы заң бойынша түнгі 23.00-де тоқтауы керек. Енді оларға тыйым салу мәселесі мәслихат деңгейінде шешілмек, егер болмай жатса, заңнамаға түзету енгізілмек.

Ал 2013 жылы пайдалануға берілгелі әлі күнге үйдің құжаттарын ала алмай жүрген Нұрғиса Тілендиев көшесіндегі "Жеті жол" тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуға тарифтің тым жоғары екенін де айтты. Зейнет жасындағы Замира апаның зейнетақысының жартысы тек қана жылудың ақысын төлеуге кетеді екен. Үйдің автономды жылу жүйесіне қосылғандығынан тарифі тым жоғары екенін айтқан әкімдік бұл мәселені бір айда шешуге уәде берді.

Үстінен қылмыстық іс қозғалған құрылыс компанияларының тұрғын үйлеріне сот шешімімен шектеу қойылуы да – тұрғын үйді пайдалану мәселесінде өзімен бірге бірнеше қиындықты ілестіре жүретін өзекті жайлардың бірі.

Кезегімен микрофон алған залдағы тұрғындардың шағымына қарағанда оларды мазалайтын өзге де түйткілді мәселе көп. Бір тыңдауда олардың бәріне кезек жетпеді, сол себепті әлеуметтік желілер арқылы әкімдіктің мекенжайына шағым мен ұсыныс жазылған 1,5 мыңға жуық хабарлама түсті.

ПИК мәселесін түбегейлі шешіп, жұмысын тәртіпке келтіреді деген ұсыныс әкімдік тарапынан айтылды. Ол жоғарыда айтылған айқындылықты қамтамасыз ететін бірыңғай портал құру. Яғни бұл "е-ПИК" деп аталатын жоба ПИК пен тұрғындар арасындағы коммуникацияны жақсарту мақсатында пәтер иелері кооперативінің қызметіне автоматтандырылған шешім енгізуге бағытталған.

Жаңа жобамен тұрғынның "жеке кабинеті" құрылады, ол арқылы электрик, сантехник және т.б. мамандардың қызметіне өтінішті ПИК-ке жолдауға болады. Өтініш ұялы қосымшада қалады, сол жерде электрик белгіленген уақытты өзгерте алады. Сондай-ақ "жеке кабинетте" ПИК хабарламаларын қарауға мүмкіндік болады. Бұл жоба биыл шілде айында іске қосылмақ.

Тұрғындардың мәселесі есепке алынып, ендігі жерде олардың шағымына сырғытпа жауап берілмей, көппәтерлі тұрғын үйлердің реестрі жасалмақ. "Бірінші орынбасарыма прокуратурамен және тұрғын үй инспекциясымен бірлесіп барлық көппәтерлі тұрғын үйдің реестрін жасауды, әрбір үйдің проблемасын анықтап, дұрыс шешімін табуды тапсырамын", – дейді Әсет Исекешев.

Тыңдауда келтірілген мәліметтерге сүйенсек, қала тұрғындарының 70%-ы өз үйлерін жалға беріп тастаған. Бұл да жалдап тұратындардың "уақытша" тұрғын жайларына салғырт қарап, тұрғын үйдің коммуналды ортақ мүліктерін пайдалану мәселесін одан әрі ушықтыра түседі. Қоғамдық кеңес, мәслихат, қалалық, миграциялық қызмет өкілдері, нұротандықтар қатысқан тыңдау қорытындысы келесі айға дейін шығарылып, айтылған мәселе жүйеге келтірілсе, ПИК мәселесі түбегейлі болмағанымен біршама оң шешім шығарыларына сенім бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу