Елордада үлкен құрылыс шеткері аймақтарға көшеді

18112

Әсет Исекешев әзірлеп, Бақыт Сұлтанов қабылдатқан кешенді құжатқа өзгеріс енгізіледі. 

Елордада үлкен құрылыс шеткері аймақтарға көшеді

Үкімет басшысы Асқар Маминге жаңадан миллиардтаған ақша бөлу қажеттілігін дәйектеген түсіндірме жазбасында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов осы қаражат елорданың жинақы құрылысы жөніндегі 2019–2023 жылдарға арналған кешенді жоспарында қарастырылуы қажеттігін айтады. Тиісінше, кезінде Әсет Исекешев әзірлеп, кейін Бақыт Сұлтанов қабылдатқан кешенді құжатқа өзгеріс енгізілмек. 

"Жобаны іске асыруға 135 млрд 452 млн теңге сомасында қаражат қарастыру қажет. Соның ішінде 115 млрд 621 млн теңге – республикалық бюджеттен, тағы 19 млрд 437 млн теңге – жергілікті бюджеттен бөлінеді. Қалған 394 млн теңге – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тартылады. Бұл елорданың шеттегі тұрғын алаптарында тұратын халықты тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін маңызды", – дейді Алтай Көлгінов.

Осынша қаржыны әкімдік келесі жылдан бастап, 2022 жылға дейін жұмсап шықпақ.

Бұл ретте 94,1 миллиард теңгеге жаңадан жол төселеді, инженерлік инфрақұрылым салынады.

24,7 миллиард теңге қала сыртындағы тұрғын үй алаптарында әлеуметтік нысандар тұрғызуға шығындалады.

Тағы 16,5 миллиарды ағаш отырғызу, гүл егу, көркемдеп безендіру және басқа да абаттандыру жұмыстарына қажет көрінеді.

Біріншіден, осы қаржының ең көп бөлігі – 46 миллиард 831 млн теңгесі "Сарыарқа" ауданы еншісіне тиеді деп күтілуде. Нақтыласақ, 17,6 миллиарды – "Агроқалашық", 14,9 миллиарды – "Көктал-1", 14,2 миллиарды – "Көктал-2"-ге берілмек.

Екіншіден, Есілдің сол жағалауындағы астананың жаңа әкімшілік орталығын тұтастай дерлік қамтыған "Есіл" ауданы 42 миллиард 148 млн теңге иеленбек.

Оның ауқымды бөлігі – 32,3 миллиарды бұрын "Ильинка" аталған "Үркер" тұрғын алабына жолданады. Ол маңда шағын қабатты тұрғын үй кешендері қаптап бой көтеретін көрінеді. Олардың барлығына жылу, жарық, су, кәріз желілері бюджет есебінен тартылады. 900 орындық жаңа мектеп, үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 100 орындық жатақхана, өрт сөндіру депосы, төрт-бес сквер салынбақ.

Тағы 4,9 миллиард теңгенің қызығын – "Пригородный", 4,7 миллиардын – "Тельман", 68 миллионын – "Заречный" тұрғындары көруі ықтимал.  

Үшіншіден, 25 миллиард 894 миллион теңгені Есілдің оң жағасындағы ең байырғы "Алматы" ауданы қанжығалайды деп жоспарлануда. Атап айтқанда, 11,7 миллиарды – Оңтүстік-Шығыс ауданына, 8,9 миллиарды – "Железнодорожный", 3,3 миллиарды – "Промышленный", 1,8 миллиарды – "Интернациональный" тұрғын алабын гүлдендіруге жұмсалмақ. Қалған азғантай соманың бар-жоғы 9 миллионы – "Мичурино", небәрі 1 миллионы – "Күйгенжар" тұрғын үй алабына тиетін көрінеді.

Төртіншіден, жақында ғана ашылған "Байқоңыр" ауданына тек 20,5 миллиард қана бөлінеді деп көрсетілген. Тарата кетсек, оның 16,8 миллиарды "Өндіріс", 2,9 миллиарды – "Кирпичный", 797 миллионы – "Қазқалашық" тұрғын алаптарына бағытталады.

Мысалы, "Кирпичныйда" 1996 жылы төтенше жағдай кесірінен жанындағы балабақша ішіне көшуге мәжбүр болған №12 мектепке жеке ғимарат салу үшін 1 млрд 300 млн теңге қарастырылмақ.

Көзделіп отырған 135,4 млрд теңгенің үлкен бөлігі әр тұрғын үй алабында бірнешеуден қаптатып скверлер ашуға, жол салуға, құбырлар төсеуге, көшені жарықтандыруға, аулаларды абаттандыруға, сондай-ақ темір қоқыс контейнерлерін сатып алуға жұмсалады деп жоспарланған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу