Қазақстандықтар мессенджерлер арқылы тараған, елорда көшесіндегі оппа қарда велосипедімен бірге малтығып, ит-сілекпесі шығып, діңкелеген "Аяз Ата" бейнеленген видеоны талқылауда. "Жаңа жыл" мейрамына орай әлдебір сиқыр күтіп отырған жұрттың бірде бірі оның "символына" көмекке келмепті.
Артынша белгілі болғандай, қыс ішінде қолайсыз көлікті таңдаған жан "Аяз Ата" мен "Ақшақарлардың" велошеруінен оралған қатысушылардың бірі екен. Қазақстанның велосипед спорты федерациясы велоклубпен бірге ұйымдастырған бұл жобаның басты мақсаты – "мүмкіндігі шектеулі адамдарды дене шынықтырумен және спортпен ұдайы айналысуға тарту" болыпты.
"Қоғам белсенділері осы санаттағы топтардың өкілдерін велосипедке отырғызғысы келеді. Сонда олардың денсаулығы жақсарады. Қос дөңгелекті көліктің алыс емес қашықтықтарға сапарлау үшін өте ыңғайлы екеніне көз жеткізеді. Біздің велоклубтың мақсаты – велосеруендерге мүмкіндігі шектеулі адамдарды тарту. Біз әйелдердің велоспортын насихаттауға және шектен тыс жүктелген көшелерде экологиялық таза көлік түрі – велосипедтің жылдың жылы кезінен басқа маусымдарда да артықшылыққа ие екенін көрсетуге ниеттіміз", – делінген велоклуб хабарламасында.
Алайда ұйымдастырушылар көп көшесі қарға бөгіп жатқан, ал тазаланған жері көктайғаққа айналған елордада дәл осы кезде велосипед тебу аса қауіпті екенін, тайып құласа, сау адам да мертігуі мүмкін екенін ескермесе керек.
Астаналықтардың 0,75%-ы ғана қолданатын инфрақұрылым
Айта кету керек, астанада веломаусым ресми түрде биылғы 8 қарашада жабылды. Сол кезден бастап, "Astana Bike" велошерингі көшедегі өз "жеңіл" көліктерін жинап алды. Әрине, жекелеген әуесқойлар, сондай-ақ Glovo және басқа тауар жеткізу сервистерінің көлігі жоқ курьерлері "шайтан-арбаны" әрі қарай айдауын әлі де жалғастыруда.
"Astana Bike" жобасына жауапты "City Transportation Systems" ЖШС дерегінше, астаналық велосипедшілер веломаусым басталған 2021 жылғы 15 сәуірден бері 1 миллион шақырымнан астам қашықтықты жүріп өткен. Олардың біреуі осы маусым ішінде 4 600 шақырым жолды еңсеріпті. Бас қалада 154 велостанция орнатылды. Онда 900 велосипед қойылды.
Бұл 8-ші веломаусым болатын велошеринг жүйесі тұңғыш рет Астанада, ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, 2014 жылы іске қосылды. Дегенмен тек кейінгі 2 маусымда ғана велопрокаттың танымалдылығы артқан. Бірақ соның өзінде велошеринг сервисін пайдаланушылардың жалпы саны бүгінде 9 мыңға әзер жетті. Салыстыру үшін айтсақ, елорданың тұрғындарының саны осы кезеңде – 2014 жылғы 833 мыңнан 2021 жылы 1,2 миллионнан астам адамға дейін ұлғайды.
Нұрсұлтандықтарды тіпті велопрокат абонементінің қымбат еместігі де қызықтыра алатын емес. Мысалы, айлық абонемент – 2 500 теңге, тоқсандығы (3 айлығы) – 6 000 теңге, ал бүкіл маусымға – 10 000 теңге тұратыны мәлім. Алғашқы 30 минут айдау – тегін.
Яғни қазіргі кезде мемлекет қолдап отырған веложобаны елорда тұрғындарының 0,75%-ы ғана пайдаланады. Сарапшылар тілімен айтқанда, бұл – "статистикалық олқылыққа" жақын.
Соған қарамастан, елордалық шенеуніктер бұл салаға мол қаражат құюын жалғастыруда. Осы орайда кәсіпкер Қайрат Сұлтанов мәселе көтерді.
"2021 жылы Нұр-Сұлтан бюджетінен жаңа веложолдарды салуға 657 миллион теңге бөлінген. Бұған биыл 36 шақырым ғана веложол салу жоспарланды. Ендеше 1 шақырымының өзі шамамен 19 миллион теңгеге түскен. Бұл не үшін қажет", – деп ол қала басшылығына сұрақ қойды.
Оның айтуынша, "қолданыстағы, бұрын салынған велосипед жолдары, әсіресе, Мәңгілік ел даңғылының тақ саны беткейінде төселген веложолдар өте нашар жағдайда".
"Онымен велосипед тебу қауіпті. Автомобильдерден қорғайтын қоршаудың бір бөлігі бұзылған. "Триумфалды аркаға" жақын жерлерінде ондай қоршау мүлдем жоқ. Веложолдар табанына таңба-белгілері де түсірілмеді. Биылғы "алтын" 36 шақырым веложолдар да солардың тағдырын қайталамай ма? Жалпы біздің қалада велосипедті әрі кетсе, 6 ай ғана пайдалануға болады. Жарты жылдан артық қолдануға болмайды. Сондықтан тұтастай алғанда бұл жобаның орындылығы күмән тудырады", – деген еді Қ. Сұлтанов.
Әкім Көлгінов веложолдарға үлкен үміт артады
Бұл сұраққа елорда әкімі Алтай Көлгінов жауап берді.
"Велосипед көлігін дамыту және ілгерілету – заманауи қалалардың проблемаларын шешудің барынша тиімді тәсілі ретінде жиі қарастырылады. Сол арқылы қала ауасының ластануы, машиналар санының өсуі, жолдардағы кептелістер проблемаларын, сондай-ақ тұрғындардың аз қозғалатын өмір салтыну ұстануымен байланысты мәселелерді шешуге болады. Бұл ретте аталған жоба велокөлік жүйесін табысты ендірген шетелдік қалалардың тәжірибесін ескере отырып, әзірленді. Ол тұрғындардың қозғалудың қолайлы болуы және инфрақұрылымның қолжетімділігі секілді заманауи талабына сай келеді", – деді А. Көлгінов.
Әкім жобада "Нұр-Сұлтан қаласына тән географиялық ерекшеліктер де ескерілгенін" айтады.
"Велосипед көлігі инфрақұрылымының ІІ кезегі көгалдар арасымен өтеді немесе арагідік тротуармен қабыстырылатын болады. Бірақ жолдан 15 сантиметр биіктеу көтеріледі. Аталған веложолдың құнына веложолдың өзі, велосипедтерге арналған тұрақтары бар демалыс алаңдары, мафтар, яғни жол бойындағы қоқыс жәшіктері, велопрокат пункттеріне арналған алаңдар кірді", – деді қалабасы.
Халық қажетсінбегенімен, бұл жобаны мемлекеттік қолдау келесі жылы да жалғаспақ.
Жанат Ардақ