Емханаларда емдемейді, алдайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5977

Көрсетілмеген медициналық көмек көрсетілді деп жазылған.  

Емханаларда емдемейді, алдайды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) емханаларда жұмыс істейтін дәрігерлердің 12 мыңға жуық жалған қабылдауын әшкереледі.

Сорақылықтың соңы медицина ұйымдарына айыппұл арқалатты. Енді, олар көрсетілмесе де, көрсетілді деп тіркелген медициналық көмек құнын 3 еселенген көлемде кері қайтарады.

Түсіндіре кетейік, МӘМС тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру негізінде азаматтарға көрсеткен медициналық көмегі үшін медицина ұйымдарына ақша аударады. Қай емхана медициналық көмекті көп көрсетсе немесе "көп көрсеткен болып тіркесе", соның қаржысы қомақты болады.

МӘМС-пен келісімшарт жасау үшін медицина ұйымдарында ақпараттық жүйе болуы және онда көрсетілген барлық медициналық көмек тіркелуге тиіс. Осыны емханалар дұрыс түсінбеген, я болмаса түсінгісі келмеген. Сәйкесінше, "медициналық көмек көрсеттік" дегенді оңды-солды тіркеп, заңға қайшы іс қылған. Бұл – кейбір емханалар науқастарды емдеумен емес, алдаумен айналысады деген сөз.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары DamuMed қосымшасында өздерінің дәрігердің қабылдауында болғаны туралы жалған жазбалар  жарияланып жатқанын айтып, дабыл қаққанын жазғанбыз. Ол кезде біз емханалар қаржы қарпып қалудың қамын жасап жатқанынан бейхабар едік. Халық бекер шуламаған екен. Ақыры "Көп асқанға бір тосқан" болды.

Жария етілгендей, 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында медициналық қызметтің ақпараттық жүйесіне науқастарға құны 75 415 970 теңгені құрайтын 11 607 амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілді деген дерек енгізілген. Тексеріс барысында науқастарға мұндай көлемде медициналық көмек көрсетілмегені анықталған.

"Медициналық қызметтің ақпараттық жүйесінде пациенттерге арналған модуль бар. Ол көрсетілетін медициналық көмектің ашықтығын қамтамасыз етеді. Модуль арқылы пациенттерге өздеріне көрсетілген медициналық көмекті бақылау және ем алғаны туралы жалған жазба пайда болса шағымдану мүмкіндігі берілген. Бұл үшін пациент медициналық ұйымдар қолданатын медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасын жүктеп алуы керек", – деп мәлімдеді қордың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кез келген азамат өзіне көрсетілмеген медициналық көмек "көрсетілді" деп жазылған болса, 1406 номері немесе Qoldau 24/7мобильді қосымшасы арқылы шағымдана алады.

"МӘМС қоры денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерге ақы төлеу және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге фармацевтикалық қызмет құнын өтеу қағидаларын бекіту туралы денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 29 наурыздағы №138 бұйрығына сәйкес, көрсетілген медициналық қызметтің сапасын автоматты түрде тексеріп тұрады. Көрсетілмеген медициналық қызмет үшін медицина ұйымдарына айыппұл салынады. Былтыр айыппұл көлемі 3 есе өсіп, медициналық қызмет құнының 100%-нан 300%-ға жетті", – деп хабарлады МӘМС қорының баспасөз қызметі.

Бұл мәселе мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың да назарынан тыс қалмады.  Ол денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға сауал жолдады.

"Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің порталдары біріктірілген DamuMed кешенді медициналық ақпараттық жүйесі пациентке бағдарланған медициналық цифрлық экожүйе, аурулардың алдын-алу, анықтау және бақылауды цифрлық түрлендіру, "қағазсыз медицинаны" қалыптастыру секілді міндеттерді атқарады делінді. DamuMed қосымшасының көмегімен үйге дәрігер шақыруға, қабылдауға жазылуға, рецептерді алуға және тағы да басқа қызмекеттерге қол жеткізуге болады. Бұл азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Бірақ соңғы уақытта DamuMed қосымшасындағы ақпараттарда қателіктер, кемшіліктер орын ала бастады. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде осы қосымшаға қатысты алаяқтық әрекеттердің орын алғаны туралы бірқатар жарияланымдар мен жазбалар жүр. Хабарламаларға сәйкес, көптеген адамдар қосымшаға тіркеле алмайды. Өйткені жүйеге ЖСН-ды тергенде, оның әлдеқашан тіркелгені хабарланады. Яғни басқа телефон нөмірі арқылы тіркелген. Қосымшада азаматтардың дәрігерлерге жиі баратыны туралы да ақпарат бар. Тек олардың кейбіреуі жүйеге тіркелмеген, ал тіркелгендерді дәрігерлердің ешқайсысы көрмеген. Скриншоттары бар жазбалар мен түсініктемелерге сүйенсек, көптеген адамдар медициналық жалған құжатқа ие. "Ай сайынғы сынақтан өту", бір баласы бола тұра, аяқ астынан "үш балалы атанып" шыға келген фактілер бар. Ешқандай ота жасалмаса да, "түсік жасату", "қалқанша безін алып тастау" секілді оталардың жасалғаны туралы ақпарат қалдырылған. Мына бір жағдай тіпті қызық. Бір қыздың елден көшіп кеткеніне 6 ай болған екен. Соған қарамастан, ол Қазақстанда медициналық мамандарға барып жүр деп көрсетілген. Сізден DamuMed ақпараттық жүйесінің қызметі мен жұмысын, сондай-ақ айтылған фактілерді мұқият тексеріп, тиісті шара  қабылдауыңызды сұраймыз", – деді депутат.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу