Ең инновациялық елдер тізімінде Қазақстан 79-орында

14418

Дүниежүзілік интелектуалдық меншік ұйымы Жаһандық инновациялық индекс тізімін жариялады.

Ең инновациялық елдер тізімінде Қазақстан 79-орында

Оған сәйкес Қазақстан биылғы жылы 79-орынға түскен. Ал былтыр еліміз 74-орында болатын. Рейтинг 129 елдің арасында өткізілген.

Тізімді жасау барысында мамандар жергілікті өнеркәсіптің ахуалы, білім беруге кеткен шығын көлемі көрсеткіштеріне баса назар аударған. Биылғы жылдың индексі көрсеткендей, әлемдік экономикадағы іркіліске қарамастан инновация қарқынды өркендеп келеді. Әсіресе Азия елдерінде оң өзгерістер байқалады.

Ең инновациялық елдер рейтингінде биыл Швейцария көш бастап тұр. Одан кейін Швеция, ал үштікті АҚШ тұйықтады. Былтыр Қытай алғаш рет 20-лыққа кіріп 17-орынға табан тіреген болатын. Биыл Аспанасты елі 14-орында. Үндістан 57-орыннан 52-орынға көтерілген.

Дүниежүзілік интелектуалдық меншік ұйымының бас директоры Фрэнсис Карридің ойынша, Қытай мен Үндістанның инновация енгізуден елеулі көрсеткішке жетуіне биліктің сауатты саясаты зор ықпал еткен.

 "Өкінішке орай, кейбір елдер инновация енгізу жағынан артта қалып отыр. Бұған бірнеше себеп бар: саяси тұрақсыздық пен жергілікті шиеленістер", —деді Карри.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу