Ең төменгі жалақының өскені экономикаға тиімді ме?

Сарапшылардың айтуынша мұның шағын және орта бизнеске қолайсыз тұстары бар. 

Ең төменгі жалақының өскені экономикаға тиімді ме?

1 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында 2022 жылдың 1 қаңтарында төменгі жалақы көлемі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсетінін айтты.

"Төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері өспеді. Әлемдік кородағдарыс халықтың табысына салмақ түсірді. Сонымен қатар Қазақстан төменгі жалақы көлемі бойынша ТМД-ның көптеген елінен қалып қойған. Сол себепті мен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап төменгі жалақы көлемін 42500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдадым", – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл шешім 1 млн-нан астам адамға әсер етеді,  ішкі тұтынуды арттырып, оң экономикалық әсер беретіні,  жалпыұлттық ішкі өнімді 1,5%-ға арттыратын тілге тиек етті. Президенттің шешімі экономикаға қалай әсер етеді? inbusiness.kz сарапшылардың пікірін біліп көрді. 
 
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша ең төменгі жалақының өсуінің жағымды жағы да, теріс тұсы да бар. 

"Ең төменгі жалақы мөлшерінің өскені айлығы төмен жұмысшылар үшін тиімді. Үкімет елдегі орта жалақы 252 мың теңге екенін қанша айта берсе де, халықтың көп бөлігі одан едәуір төмен еңбекақы алады. Сол үшін орта емес, медианалық немесе модальдік жалақыны ескеріп отыру қажет. Ол көрсеткіштерді Ұлттық банк санап отырады. Мысылы, Қазақстанда қазір медиандық айлық шамамен 150 мың теңгеге тең, яғни осы көрсеткіш жұмысшылардың шын жалақысын анығырақ көрсетеді. Ең төменгі жалақының өсуі арқасында табысы ең төмен жұмысшылар өз жағдайын жақсарта алады, себебі ресми жалақы өскен сайын, зейнетақы жарналары да өседі, жұмысшының несие алу мүмкіндігі көбейеді және жалпы күнкөріс деңгейі жоғарылайды. Алайда жалақысы жоғары жұмысшылар да өз пайдасын көреді, себебі жалақыдан төленетін әлеуметтік салықты есептегенде алатын ақшадан ең төменгі жалақы мөлшері шегеріледі, сондықтан ол өскен сайын, төленетін салық мөлшері азаяды", – дейді сарапшы. 

Ал теріс тұсы біріншіден, ол шағын және орта бизнеске тиімсіз, себебі жалақы артқан сайын оның үстінен төленетін салық мөлшері де өседі. 

"Кәсіпкерлердің шығындары көбейеді, және ол қосымша шығындар шығаратын тауар мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнына қосылады, аяғында бұл бағалардың өсуіне себепкер болады. Сөйтіп, онсыз да елімізде өзекті боп тұрған инфляцияға қосымша серпін беріледі. Сонымен қатар, ресми түрде ондай жалақыны төлей алмайтын кәсіпкерлер айлықты бейресми түрде, конвертпен беруге қайта көшеді, және жұмыссыздық деңгейіне де кері әсер етеді, себебі бұрын 40-50 мыңға адам жалдап, жұмыс орнын қамтамасыз ете алатын кәсіпкер енді кем дегенде 60 мың теңге жалақы ұсынуы тиіс, ал бұл әсіресе микро- және шағын бизнеске қиын болатыны анық", – дейді Мұрат Қастаев. 

Сарапшының айтуынша, төменгі жалақының жоспарланған көтерілуі тым көп, былтыр ғана 42 500 теңгеге дейін өскен төменгі жалақыны биыл және жыл сайын тек инфляция мөлшеріне сай ғана көбейтіп отыру керек. 

Маманның пікірінше нарықтық экономикада жалақыны нарық өзі реттеуі тиіс. Жұмыс орындары көбейгенде, жұмысшыларға сұраныс көбейіп, жалақылар өседі, дағдарыс болғанда, айлық төмендейді. Себебі дағдарыс болып, жұмысшыларына 60 мың теңге төлей алмайтын кәсіпкер жұмыс орындарын сақтап, жалақыны 40-50 мыңға дейін түсіретін еді, ал жаңа заң енгеннен кейін ондай кәсіпкерлер жалақыны төмендетудің орнына адамды жұмыстан шығарады. Бұл ретте сарапшы үкімет жалпы экономиканы дамытып, бизнеске қолдау көрсетуі тиіс, ал бизнес қанша жұмыс орнын ашып, қанша жалақыны төлейтінін өзі шеше алады деген пікірде. 

Саясаттанушы Санжар Боқаев Қазақстанның экономикалық модельді өзгерткені жөн деп санайды. Әйтпесе қалталы адамдар мен кедейлердің әлеуметтік арақашықтығы жылдан-жылға алшақтап, қиын жағдайға алып келуі мүмкін көрінеді.

"2011 жылы біздің орташа жалақымыз 91 мың теңге, ал 2021 жылы 251 508 мың теңге болыпты. Мен қазақстандықтардың орташа жалақысы осынша екеніне сенбеймін. headhunter сайтындағы бос орындарға ұсынылатын орташа жалақы 180 мың теңге екен. Жалпы ресми статистиа бойынша орташа жалақы 10 жылда 2,5 есеге өскен екен. Ал азық-түлік, көлік немесе үй бағасы 3-3,5 есеге өскен екен. Біз иморттаушы экономикамыз, долларға тәуелдіміз, сондықтан орташа жалақыны доллармен есептесек 2011 жылы 626 доллар,  2021 жылы 590 доллар болды. Ал Forbes-тің ТОП-50 тізіміне кірген қалталы адамдардың байлығы 10 жылда 24 млрдтан 37 млрдқа жетіпті. Бұл нені көрсетеді? Байлардың одан әрі байып, кедейлердің одан әрі кедейлене түскеніне көз жеткіземіз", – дейді сарапшы. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу