Ең жолы болмаған Премьер: Мамин Үкіметінен не мұра қалды?

1343

Асқар Мамин – Елбасы тағайындаған соңғы Үкімет басшысы ретінде тарихта қалмақ. Басқа еңбегі байқалмайды.

Ең жолы болмаған Премьер: Мамин Үкіметінен не мұра қалды?

Ақордада өткен бүгінгі шұғыл кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминнің "қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін" және оның өтінішін қабылдағанын мәлімдеді. Осылайша, Ата заңға сәйкес, онымен бірге бүкіл Министрлер кабинеті мен әкімдер отставкаға кетті. Олар жаңа команда жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Үкімет басшысының міндетін атқару (м.а.) Әлихан Смайыловқа жүктелді. Сарапшылар "жаңа Премьер сол болатын шығар" деген ортақ болжам айтуда.

Осылайша, қазақ елінде Алаш Орда өкіметінен бастағанда 27-ші, ал тәуелсіздік жылдарындағы 12-ші жаңа Үкімет пайда болмақ.

Айта кету керек, Асқар Ұзақпайұлы да кезінде, 2019 жылғы 21 ақпанда "Премьер м.а." лауазымынан бастаған болатын. Ал 25 ақпанда Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев №847 жарлығымен А. Маминді Премьер-Министр етіп тағайындады.

Арада екі жыл өтпей жатып, Мамин Үкіметі бірінші рет отставкаға кетті. 2021 жылғы 10 қаңтарда парламенттік сайлау өтіп, жаңа депутаттық корпус жасақталды. Конституция талабына орай Министрлер кабинеті жаңа сайланған Мәжіліс алдында өкілеттігін доғарды.

Рас, 15 қаңтарда Президент Қ. Тоқаев өз жарлығымен А. Маминді Премьер қызметіне қайта тағайындады. Осы арқылы Қазақстанның жаңа лидері ескі Үкіметке сенім білдіріп, "карт-бланш" берген болатын. Алайда Мамин Үкіметі ол сенімді ақтамады.

Сонымен тәуелсіздік тарихындағы 11-ші Үкімет 1 045 күн ғана билік етті. Оның ішінде демалыс (302) және мерекелік (41) күндерді алып тастағанда, бұл Үкімет тек 702 күн жұмыс істепті.

Саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұлов Асқар Маминді "ең бір жолы болмаған Премьер" деп бағалайды.

"Жасыратыны жоқ, бұл Үкімет елге құт болмады. Елді "жеті ағайынды" нәубет жайлады. 2019 жылғы 24 маусымда Арыста, 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында әскери қоймалар жарылды, елге үлкен залал келді, олардың зардаптары әлі күнге жойылған жоқ. 2020 жылғы 5 ақпандағы Қордай ауданын, енді міне, жаңа жылда республиканың біраз өңірін жайлаған жаппай бүліктер мен бейберекетсіздіктер жаһан назарын Қазақстанға аударып отыр. Оны айтасыз, екі жылдан бері еліміз қуаңшылықтан да жапа шекті. Экономика рецессияға ұшырады, халық қымбатшылықтан қиналуда. Тіпті адамзат тарихындағы алғашқы әлемдік пандемия да осы Үкіметтің еншісіне түсті", – дейді саясаттанушы.

2022 жыл – инфляция жылы бола ма?

Inbusiness.kz таяуда, 2021 жылғы 21 желтоқсанда жариялаған "Үкімет отставкаға кетуі мүмкін бе?" атты сараптамамызда Мамин Үкіметі өкілеттігінің доғарылуына инфляцияның шектен тыс шарықтауы да ықпал етуі мүмкін деген болжам айтқанбыз. Солай болып шықты.

Ақордадағы бүгінгі кеңесте ел Президенті ең алдымен "инфляцияға жол бермеу атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі екенін, бірақ оның орындалмағанын" айтты.

"Бұл – ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады!", – деді Президент.

Яғни инфляцияны, баға қымбатшылығын құрықтау жаңа Үкіметке мұраға қалып отыр.

EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев таяуда 2021 жылдың алдын ала қорытындысын шығара отырып, "2022 жыл Қазақстанда инфляция жылы болады" деп жорамалдады. Егер халық көтерілмегенде, Тоқаев тапсырма бергенде солай болатын да еді.

Мысалы, осы Үкімет тағайындалған тұста, 2019 жылдың 1 наурызында Қазақстанда АИ-92 бензині 145-149 теңге, солярка – 192 теңге тұрыпты. Ал қазіргі кезде АИ-92 құны – 185 теңгеге, ал дизельді отын бағасы – 330 теңгеге дейін жетті. Бұл қайта, субсидиялап, арзандатқандағысы. А. Чеботаревтің мәліметінше, ел ішінде өңделетін мұнай бағасын және бензин мен дизель құнын субсидиялау салдарынан 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қорға түсім 700 млрд теңгеге кем түсіпті.

Жуырда сарапшылар бағаның осымен тоқтамайтыныны, Қазақстанда 2022 жылы АИ-92 бағасы 240, ал дизель бағасы 400 теңгеге дейін шарықтайтыны туралы болжамдарын жариялады. 3 мұнай өңдеу зауытының барлығы жаңғырудан өтіп, толық қуатта өнім өндіруге көшкен, әлемде мұнай арзандаған шақта көлік отыны бағасының бұлай қымбаттауы қазақстандықтардың наразылығын туғызды.

Енді бағаның өсуі кейінге шегеріліп отыр. Мемлекет басшысы бензин, дизель, сұйытылған газ, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын көтеруге 6 айлық мораторий енгізді. Бұдан бөлек коммуналдық тарифтерді жоғарылатуға да жарты жылға тыйым салынды. Осының арқасында биыл инфляция біраз азаюы мүмкін.

Бірақ жаңа Үкімет мораторий біткеннен кейін барлық салада бағалардың жаппай, дүрк көтерілуін болдырмауы шарт. Әйтпесе, нағыз наразылық сонда туындауы мүмкін екенін ескермеу әбестік.

Қандай ірі проблемалар "мұраға" қалды?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сала мамандарының жақсы болжамына сүйеніп, озық дамыған елдер жаңа постпандемиялық дәуірде дамудың қамына кірісті. Ал Мамин Үкіметінің пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанның қалай дамитыны туралы егжей-тегжейлі әрі өзектілендірілген стратегиясы болған жоқ. Оны дайындап, жедел жүзеге асыру мәселесі де жаңа Министрлер кабинетіне жүк болмақ.

Әлемдік державалар жер қызуының көтерілуін тоқтату үшін көмірқышқыл газын шығаруға қатаң шектеулер енгізді. Бұл ретте Қазақстан да барлық салада СО2 шығарындыларын азайтуға міндеттеме алды. Биыл ел экономикасының тірегіне айналып отырған базалық салалардағы ірі кәсіпорындар парник газдарын шығару бойынша шектеуге ілігіп, өндірістерін қысқартуға мәжбүр болуда. Бұл бизнес ортада наразылық тудыруда.

Демек жаңа Үкіметке декарбонизация, яғни өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада ету мәселесімен айналысып, оның Қазақстанға тигізетін залалын азайтудың амалын табуға тура келмек.

Әрине, жаңа Министрлер кабинеті үшін басты бір басымдық – газ саласы болмақ. Мамин Үкіметінің "басын жұтқан" бұл алапат проблема келесі министрлер корпусын да тақтан тайдыруы ғажап емес. Себебі оның мәселелері – шым-шытырық. Мысалы, халық бас көтерген Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамы – газбен жүреді. Өзге өңірлерде де көлік иелері "темір тұлпарларын" белсенді түрде көгілдір отынға көшіріп жатыр. Ендеше болашақта жүргізушілердің басым көпшілігі үшін бензиннің емес, автогаздың бағасын түсірту маңызды болмақ! Өйткені декарбонизация аясында Қазақстан электромобильдерге бәрібір жаппай көше алмайды. Қатты аязда олар жүрмейді.

Сонымен бірге тек көлік қана емес, тұрғын үйлер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, электр станциялары, қалалардағы жылыту жүйелері мен қазандықтар да қарқынды түрде газға ауысуда. Бұған декарбонизация үрдісі серпін берді. Тиісінше, жыл өткен сайын көгілдір отынды тұтыну көлемі тек арта береді. Алайда еліміздегі газ өндіру қарқыны оған сай емес.

Оның үстіне газ бағасы нарықтық құнынан төмен деңгейде "қатырылса", бұл сала инвесторлар үшін қызықты болмайды.

Тәуелсіздіктің өткен отыз жылдығында мұнай-газ секторындағы инвесторлар, жер қойнауын игерушілер тек қара алтын өндіруге басымдық берді. Ал көгілдір отынның үлкен көлемі не алауларда босқа жағылды, немесе мұнайды көбірек алу үшін жер қыртыстарындағы қысымды сақтау мақсатында жер астына кері айдалды. Сондай-ақ Президент айтқанындай, газ кенорындарын барлап, игеруде, соның ішінде, Каспийдегі кенорындарының ресурсын ұтымды пайдалану бағытында "іс жүзінде алға жылжу жоқ". Осының бәрі жинақтала келе, елде газ тапшылығының өршуіне соқтырды.

Қалай болғанда, Мамин Үкіметі көптеген проблеманы шешпей, қордалап, жаңа Премьердің командасына мирасқа қалдырғанға ұқсайды. Алдағы күндері Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді деп күтілуде. Проблемалардың толық ауқымы сонда белгілі болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу