"Бір министр кетсе, қырық министр түс көреді"
Сарапшылар біраздан бері қазіргі Үкіметтің өкілеттігі доғарылуы мүмкін екенін болжауда.
Себеп қандай? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022 жылы пандемия аяқталуы мүмкін екенін жариялады. Ал іс басындағы Үкіметіміз постпандемиялық кезеңде Қазақстанның қалай дамитыны туралы егжей-тегжейлі әрі өзектілендірілген стратегиясын жария еткен жоқ. Тек ел экономикасының рецессиядан шығып, азғантай (11 ай қорытындысында небәрі 3,8%) өсім көрсеткеніне мәз болуда. Шаттануға әрине, негіз жоқ. Өйткені Президент осы Үкіметке ЖІӨ-нің жыл сайынғы 5% және одан жоғары, орнықты өсімін қамтамасыз етуді жүктеген. Әйтпесе Қазақстан озық дамыған елдерді қуып жету тұрмақ, жоғары қарқынмен өркендеген өзге дамушы елдердің шаңын жұтып қалады.
"Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару", – деді биылғы жолдауында Мемлекет басшысы. Үкімет ол міндетті де орындай алмады. 2021 жылғы қарашаның қорытындысында жылдық инфляция шамалы баяулағанымен, бәрібір рекордтық 8,7%-ды құрады (10 ай қорытындысында 8,9% болған). Яғни бәрібір Президент межелегеннен екі есе көп. Соның ішінде азық-түлік инфляциясы тіптен масқара 10,9%.
Сондай-ақ Үкімет Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндетті келесі жылы да орындай алмайтын түрі бар. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылдың соңында инфляцияны 6-6,5% деңгейіне дейін ғана түсіру мүмкін болады деген жорамал-жоспарын жария етті. Қалай болғанда, министрлер кабинеті мен Ұлттық банктің инфляцияны құрықтай алмауы кесірінен дерт, дағдарыс, девальвациядан қажыған елдің тұрмысы одан әрі құлдырауда.
Үкімет отставкасына қатысты "үміт оты" жылдағы дәстүр бойынша жыл соңында қоздады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өз еркімен лауазымынан бас тартуы, орынтағын тәрк етуі отқа май құя түсті. Кейбір болжам бойынша Цой мырза келесі жылы Мамин Үкіметі өкілеттігін доғарса, жаңа командаға кіре алмауы мүмкін екенін сезіп, беделін сақтау үшін алдын ала қимылдаған, өзіне жағымсыз болуы ықтимал оқиғалардың алдын ораған көрінеді.
Ал қалған министрлер әзірге креслосына қос қолымен жармасқан күйде. Алайда қоғам өкілдері олардың қайығын шайқалта бастағандай.
Министрдің отставкаға өтініш жазуына негіз бар ма?
Кеше "мәдениет пен спорт салаларының тізгінін қатар ұстаған министр А. Райымқұлованың отставкасын Президент қабылдамады" деген сөз шықты. Мұның мәнісі неде?
Мәселені заңгер, қоғам белсендісі Рауан Нұрахметов көтерді.
"Қазақстанның азаматы ретінде мені осы жайт қызықтырады. Неге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлі күнге дейін отставкаға кету туралы өтініш жазбаған? Егер Сәкен Мұсайбековтың кінәсі дәлелденсе, онда өз еркіммен лауазымынан кетемін дегенді министрдің өзі айтты емес пе? Уақыт өтті, министр уәдесін ұмытты. Ол заң талабын елемей отыр. Оның үстіне біздің бәріміз Токиодағы Қазақстанның биылғы тарихи жеңілісін ұмытқан жоқпыз", – деді Рауан Нұрахметов.
Бұл жерде әңгіме МСМ басшысының биылғы 14 мамырдағы мәлімдемесіне қатысты болса керек. Онда спорт жүйесінде кезекті коррупциялық жанжал бұрқ ете қалған болатын. А. Райымқұлованың орынбасары парақор деген күдікке ілікті. Ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасаған министр өз орынбасары Сакен Мұсайбековтің кінәсі сотта дәлелденсе, қызметінен босату туралы өтініш жазуға сөз берді.
"Бірінші кезекте, Конституцияға сәйкес, кінәсіздік презумпциясы бар екенін, адамның кінәсі дәлелденуге тиістігін атап өткім келеді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мен отставкаға өтініш беремін!", – деп сендірді Ақтоты Райымқұлова.
Ұзаққа созылған сот өндірісі де аяқталды. Вице-министрдің пара алғаны дәлелденіп, 62 млн теңге айыппұл арқалады. Жыл аяқталуға таяу, министр болса тым-тырыс жатқан еді.
Министр ресми блогы арқылы қоғам белсендісіне жауап берді.
"2021 жылғы 15 шілдеде Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Мұсайбеков Сәкен Жүнісбекұлына қатысты үкімін жариялады және оны Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлімінің 1,2-тармақтарында қарастырылған құқықбұзушылық (ірі мөлшерде қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық) жасағаны үшін айыпты деп танып, айыппұл түрінде жаза тағайындады. Үкім 30 шілдеде заңды күшіне енді. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова жоғары тұрған басшылық әрі қарай шешім қабылдауы үшін "Мемлекеттік қызметі туралы" заңының 60-бабының талаптарын сақтады", – делінген түсініктемеде.
Енді міне, министр ханымның ол өтінішін Мемлекет басшысы әзірге құп көрмегені мәлім болуда.
Аталған 60-бап "Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға шығуы және қызметтен шығарылуы" мәселелерін реттейді. Әділін айта кету керек, экс-вице-министрдің ісі Мәдениет және спорт министрінің өз еркімен отставкаға кетуге өтініш жазуына негіз бола алмайды. Өйткені министрдің орынбасары не оған тікелей бағынышты мемлекеттік саяси қызметші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса ғана министр кетуі шарт. Ал Мұсайбековті Антикор парақор деген күдікпен кісендегенімен, сот оны мүлдем басқа баппен, алаяқтығы үшін соттады.
Ведомство басшысы Токиодағы биылғы жазғы Олимпиада қорытындысының тым нашар болып шығуына байланысты Әділет министрлігіне хат жолдапты. Онда ол Үкіметтің 2022 жылғы Заң жобалау жұмыстары жоспарына "Кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын енгізуді өтінді.
Заң жобасының тұжырымдамасы дайын. Ол спорт саласында мемлекеттік бақылауды енгізуді қарастырады. Құжат келесі жылы қабылданбақ.
Ал тура 44 күннен кейін, 4 ақпанда Қытай астанасы Бейжіңде қысқы Олимпиада ашылады. Ондағы Қазақстанның нәтижесі тағы да нашар болса, құрама командамыз жүлдеден жұрдай болып қайтса, қоғамдық пікірден дауыл көтеріліп, спорт министрінің орынтағы қайта шайқалып кетуі ғажап емес.
Жанат Ардақ