Еңбек даулары мен ереуілдерге қатысты жаңа заң түйткілге толы

2478

Елу адамға 1 сағат ғана ереуіл жасауға рұқсат етілуі мүмкін. 

Еңбек даулары мен ереуілдерге қатысты жаңа заң түйткілге толы Фото: yandex.kz

Былтырғы жылдың басынан бері еңбек қатынастарымен байланысты митингтер мен ереуілдер қайтадан жиілеп кетті. Олардың үлкен бөлігі еңбек дауынан жанжалға ұласқан. Бұл тұрғыда тағы бір проблема туындады: ірі компаниялар мен кәсіпорындар жұмысшыларынан арыз-шағым қарша борап жатса да, оған мән бермейді. Себебі наразы жұмыскер сотқа берсе де, мықты заңгерлері, биліктегі байланыстары арқасында жеңіп шығатынын біледі. Жұмысшылардың келісім комиссиясын құру туралы сұрауын да елеусіз қалдырады.

Осының салдарынан Парламент депутаттарының айтуынша, митинг пен ереуілдердің көбі елімізде келіссөздер кезеңін аттап өтіп ұйымдастырылады. Содан заң бойынша олардың бәрі заңсыз деп танылады. Еңбек адамдарының талап-тілектері мен проблемалары шешілусіз қалады. Мұның бәрі келіссөз және бітістіру институттарының жұмысында да, еңбек дауларын реттеуде де олқылықтар көп екенін көрсетеді. Сол себепті Мемлекет басшысы кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің арасында сындарлы диалог орнату міндетін қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек даулары көше мен алаңдарда емес, келіссөз үстелінде шешілуге тиістігін баса айтты.

Осы мақсатта ел Парламенті "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын құптап, Президенттің қол қоюына жіберді.

Айтпақшы, заң шығарушы органдағы талқылау барысында заң атауына жанжал сөзі қосылды. Ауызекі тілде дау мен жанжал синоним екені мәлім. Онда мұның мәнісі неде?

"Егер келісу рәсімдері барысында еңбек дауы шешілмесе, онда ол жанжалға ауысуы мүмкін. Мысалы, былтырғы 2022 жылы 260 мекемеде еңбек дауының қаупі болды, бірақ оның 50-уі жанжалға ұласты. Сондықтан осы заң атауында еңбек даулары мен жанжалдары деп жазылғанда, онда тұрған ешқандай қайталау, тавтология жоқ деп ойлаймыз. Бұған қоса бұл заңда әлеуметтік еңбек жұмыскерлеріне қатысты нормалар реттелмейді. Мысалы, жұмыскерлерге әлеуметтік пакет, қосымша төлемдер және басқасы. Бұл мәселелер заңда емес, негізгі әлеуметтік әріптестік бойынша салалық үшжақты келісімдерде қарастырылады", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Ал еңбек дауларын ереуіл мен митинг түріндегі жанжалға дейін ушықтырмау үшін заң жобасында келісім комиссиясының рөлі күшейтіледі, мәртебесі арттырылады. Жалпы, қарапайым жұмысшылардың бәрі бірдей комиссияның не екенін және қалай құрылуға тиістігін біле бермейді. Оны түсіну жеңілдеу болуы үшін заң күшіне енген соң бірыңғай нормативтік құқықтық акті – Келісу комиссиясының жұмысы туралы шарт бекіту қарастырылған. Комиссияның жұмыс тәртібіне қатысты барлық ақпарат та сонда көрініс табуы шарт. 

Бұл нормативтік құқықтық акт бекітілген соң, әрбір жұмыс беруші өз ұжымын алдымен осы құжатпен таныстыруға, егер еңбек қатынастарына қатысты дау туындаса, оны шешу үшін комиссияны құруға қалай бастамашылық жасауға болатынын егжей-тегжейлі түсіндіруге міндеттеледі. Әйтпесе, компаниялардың заңгерлері жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келіспеушіліктер сот арқылы шешіледі деп доқ көрсетуге жаман үйреніп алған. Соттасуға, адвокат жалдауға қаржысы жетпейтінін түсінген қарапайым жұмысшылар оған қолын бір сілтеп, тегін ереуілді таңдайды.

Келесі түйткіл: еңбек жағдайларына көңілі толмайтынын мәселе етіп көтерген жұмысшыны компания жұмыстан шығарып жібереді. Сонымені "іс біттіге" санайды. Себебі келісу комиссиясы жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында құрылады. Салдарынан, жұмысшылар басына түскен қиындыққа үнсіз көнеді. Тіпті "ереуілге қатысқандардың үлкен бөлігі бұл кәсіпорында жұмыс істемейтін болып шықты" деген ақпараттар айтылып жүр. Өйткені дау шығарғаны үшін жұмысынан қуылғандарға тек ереуілге қатысу қалады. 

Сондықтан жаңа заң арқылы бұрын еңбек қатынастарында тұрған, енді онда істемейтін жұмысшыларға да келісу комиссиясына жүгінуге құқық беріледі.
Келісу комиссиясының шешімдерін орындаудың нақты мерзімдері бекітіледі. Комиссия шешімі жұмыс берушілер, қазіргі және бұрынғы жұмысшылар үшін міндетті болып табылады. 

Ереуіл ұйымдастыру біршама жеңілдейді. Билік наразы жұмысшылар көшелерді толтырмауы үшін жұмыс берушілерді оларды ереуіл өткізетін орынжаймен қамтамасыз етуге міндеттеді. Ереуілді заңды ұйымдастыру туралы шешім қабылдау үшін қазіргідей ұжымның үштен екі бөлігінің келісімін жинау қажет болмайды, бұл үшін көпшілік қолдаса, яғни қолдаушылар саны бір адамға артық болса жеткілікті. 

Қандай шикілігі анықталды?

Дегенмен, депутаттар бастамашы болған жаңа заңның бір қайнауы ішінде кеткенге ұқсайды. Онда шикіліктер бары Сенат отырысында да ашық айтылды. Бірақ соған қарамастан, сенаторлар заң жобасын бір отырыста бірден екі оқылымда асығыс қабылдай салды. 

Мысалы, жаңа заң "бір сағаттық ескерту ереуілі" ұғымын енгізеді. Яғни, наразы ұжым ниетінің салмақты екенін, райынан қайтпай, табандайтынын танытқысы келсе, бір сағатқа ереуілдей алады. Бұл Қазақстанның ойлап тапқан ноу-хауы емес, депутаттар оны Ресейден көшірген. Бірақ көшіру кезінде ресейлік тәжірибенің өзін нашарлатып жіберген көрінеді. 

"Бір сағаттық ескерту ереуілі белгілі бір дәрежеде жұмысшыларға өз құқықтарын қорғауды жеңілдетуі де мүмкін. Алайда заң бойынша бұл ереуілге 50 ғана жұмысшы қатыса алады, одан артық қатысуға рұқсат етілмейді. Статистикалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда ірі кәсіпорындар саны 2,4 мыңнан асады. Оларда ұжым саны 250 адамнан асады. Мысалы, көрші Ресейде бір сағаттық ереуіл өткізу туралы норма сонау 2011 жылдан бері қолданыста. Бірақ Ресейдің өзінде мұндай ереуілге қатысатындардың санына шектеу қойылмаған. Ендеше қазақстандық заңда қатаң лимит енгізу ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымын кемсітпей ме?", – деп алаңдайды сенатор Ләззәт Рысбекова.

Еңбек министрлігі осы шектеуді енгізген бір топ депутаттың жағына шықты. 

"Бұл мәселе жұмыс топтарында да қызу талқыланды. Біз бұл ұсынысты қолдадық. Қысқа ереуілдерге 50 шақты жұмысшы қатысқан жөн деп санаймыз. Бұл біріншіден, кәсіпорындағы өндірістік процеске нұқсан келмеуі, өндіріс тоқтап қалмауы үшін қажет. Екіншіден, бұл тек ескерту ереуілі. Ол еңбек арбитражы, даулы мәселелерді шешу рәсімі аясында ғана қолданылады және бір сағатпен қатаң шектелген. Сонымен бірге ұжым өкілдерінің бәрі жиналатын толыққанды ереуіл өткізу құқығы да сақталады. Яғни, барлық бітістіру рәсімдері артта қалса, мына жағдайда, еңбек арбитражынан нәтиже шықпаса, шағын, орта және ірі бизнес жұмысшылары үлкен ереуіл ұйымдастыра алады. Сарапшылар қатысушылар санын бизнес субъектілерінің көлеміне қарай сатылаудың түрлі нұсқаларын ұсынды. Депутаттар мына ұсынысты ілгерілетті, біз соны қолдадық", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Соның салдарынан, мерзімі де, құрамы да қатаң шектелген ереуілдің бұл түрі сұранысқа ие болмауы мүмкін. Өйткені қатысушыларға арандатушы бір адам қосылса, ереуілшілер дереу тарауға мәжбүр болады.

Тамара Дүйсенованың орынбасарының түсіндіруінше, бұл жағдайда заңсыз ереуіл өткізгені үшін жаза қарастырылған.

"Бұл жағдайда қатысушыларды жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілік туындайды. Сондай-ақ егер мұндай ереуілді сот заңсыз деп таныса, бірақ ереуілдер ары қарай жалғасса, онда қатысушыларға қылмыстық жаза мәселесін де қарастыруға болады", – деп мәлім етті вице-министр.

Экономист Сәлімжан Нақпаев еңбек дауларын реттеуге тиіс заңдағы тағы бір даулы тұсқа назар аудартты: келісу комиссиясында оның төрағасы не айтса, сол болмақ.

"Заңға сәйкес келісу комиссиясы тараптардың, яғни жұмыскерлер мен жұмыс беруші өкілдерінің саны тең болған кезде, тепе-теңдік негізінде құрылады. Тиісінше, комиссия мүшелерінің саны әрқашан жұп болады және даулы жағдайда тараптар шешім қабылдай алмайды. Қос тарап та өз ұстанымында табандайды. Ол кезде заңда төрағаның даусы шешуші болатыны бекітілген. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінсе, төрағаның ұстанымы қандай болса, сол комиссияның шешімі ретінде қабылданады. Алайда комиссия төрағасы әдетте жұмыс берушілер тарапы арасынан сайланатынын бәріміз білеміз. Сол себепті соңғы сөз әрқашан жұмыскердің пайдасына болмайды деген қауіп бар", – деді ол.

Заң авторларының бірі, экс-депутат Екатерина Смышляева ондай қауіп барын жасырмады.

"Мұндай қауіп шынында бар. Бірақ қазіргі кезде келісу комиссиясы ұзақ уақыт бойы шешім шығара алмайтын жағдайлар болып тұрады. Себебі, онда дауыстар тең түсе береді. Сол себепті біз осындай шешімді ұсындық. Бұған қоса біз келісу комиссияның төрағасын ротациялау туралы да норма енгіздік: төраға міндетті түрде екі жылда бір рет ауысып тұруға тиіс. Осы екі норма еңбек қатынастары саласындағы ахуалды түзетуге ықпал етеді деп үміттенеміз. Әйтпесе, шешілмейтін даулар көбейеді", – деді Е.Смышляева.

Екі жыл бойы комиссия төрағасы жұмыс берушілердің шашбауын көтеріп, сойылын соғып, үнемі соның пайдасына шешім шығарып отыруы мүмкін. Ал заң бойынша комиссия шешімін орындауға жұмысшылар міндетті болады. Мұндай әділетсіздік жұмысшылардың ызасын тудырып, еңбек дауларын шешу орнына оны жанжалға ұластыруы да ықтимал. Биліктің ұсынғанының бәріне бас шұлғи беретін Сенат депутаттарының бұл заңды пысықтай түспей, асығыс қабылдағаны қынжылтады.
Бәлкім, өмір және құқықтық тәжірибе жаңа қалыптасатын Мәжілісті жаңа заңға жаңадан түзетулер енгізуге мәжбүр етуі де ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу