Еңбек пәнінің мұғалімдері "еңіреп" жүр

15221

Министрден қиянат көрген педагогтер қоржын арқалап, ел кезіп кетпек. 

Еңбек пәнінің мұғалімдері "еңіреп" жүр

Бала кезде еңбек пәнін ұнатқан адам аз шығар, мықты дегенде орындық не торғай үйшігін жасауға үйретіп шығатын. Мектептегі "өндірістік жарақат" та негізінен осы пәнге тиесілі: саусағына ине не шөңге қадалған, бармағын балғамен соққан, тіпті фрезерлік станокта ағаш өңдеу кезінде қолын кесіп алған оқушылар болды. Кеңес кезінде осы пәнге "коммунизмнің" балғасын солқылдата соғар болашақ жұмысшыларды даярлау миссиясы жүктелетін.

Қазіргі кезде пән әбден дағдарды. Ал пандемия заманында тіпті деградацияға ұшыраған. Мысалы, балалардың қашықтан оқытылуына байланысты бұл пән педагогтерінің табысы кеміпті.

2016–2017 оқу жылы 12 жылдық білім беру бағдарламасы енгізілді. Жаңа бағдарлама көркем-эстетикалық пәндер үшін өзгерістерді ала келді. Нәтижесінде, "Еңбек" және "Бейнелеу өнері" пәндері кіріктіріліп, "Көркем еңбек" деген жаңа пәнге айналды. Оның оқу бағдарламасындағы рөлі кемітілді: мысалы, 5–9 сынаптарда 7 сағат қана бөлінген. Ал бастауыш сыныптарда оған әр сыныпта 1 сағат, оқу жылына 34 сағат қана берілген.

Қазақстан мектептерінің "Көркем еңбек" пәні мұғалімдері атынан Үкіметке хат жазған Мұрат Сламбеков бұған қарсы екендерін айтады.

"Өскелең ұрпақтың ойлау қабілетінің дамуына қол маторикасы, саусақтардың ұшымен жасалатын тапсырмалар оң әсер етеді, бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденіп қойылған нәрсе. Әйткенмен, білімнің негізін қалайтын бастауыш сыныптарда "Көркем еңбек" пәні көп мектепте сынып жетекшісіне берілген. Олар осы сағаттарды математика, сауатты жазу сияқты басқа пәндерді түсіндіруге пайдаланып, еңбек сабағы өз деңгейінде өткізілмейді. "Көркем еңбек" пәніне 1–9 сыныптар арасында аптасына небары 11 сағат қарастырылып отыр", – дейді ол.  

Бұл аз болғанындай, білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 5 мамырдағы №182 бұйрығымен 2018 жылғы ескі бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, "Көркем еңбек" пәнін екі топқа бөлмей оқыту бекітіліпті. Яғни, бұрын еңбек сабағында қыздар жағы киім не кесте тігіп, тамақ пісірсе, ал ұлдар шеге қағып, ағаш өңдеп жататын. Жаңа бұйрыққа сәйкес, қалалық мектептерде сыныптағы білім алушылар саны – 24-тен асса, ал ауылда – 20-дан асса ғана екі топқа бөлуге рұқсат.

"Бұл жерде "Көркем еңбек" пәні топқа бөлмей оқытылса, білім стандартының талаптары орындалмай қалатыны ескерілмеген. Өйткені күнтізбелік жоспарларда да, оқулықтарда да 5–9 сынып аралығында "Көркем еңбек" "Қыз балаларға арналған" және "Ұл балаларға арналған" болып екіге бөлінеді. Ал енді балалардың ерекшелігі мен гендерлік құқықтары ескерілмей отыр. Сонда топқа бөлмей оқыту керек болса, қыз балалар сынып бөлмесінің бір жағында іс машинасымен жұмыс жасауы, екінші жағында ұлдар түрлі жону станоктарымен жұмыс орындауы керек бола ма? Әрі кіріктірілген сабақтың жоспарлары да, оқулық та шығарылған жоқ. Екі түрлі тақырыпты бір сабақта өту мүмкін бе!?" – деп қапаланады Мұрат Сламбеков.

"Бизнесті" бізге берсеңіз, министр

Еңбек мұғалімдері бизнеске қатысты пәнді де олжалағысы келеді.

"10–11 сыныптардағы бұрынғы "Технология" пәні жойылып, орнына "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні енгізілді. Заман талабына сай өте қажетті пән, алайда оның сағаттары біздің еншімізге берілмеді. Әр мектепте оны не тарих, не география пәнінің мұғалімдері қанжығалап кетті. Біз үшін биылғы оқу жылындағы ең келеңсіз жағдай сол, жоғарыдан келген құжаттардың түсініксіз нұсқаулары кесірінен бүкіл Қазақстан бойынша әр мектепте "Көркем еңбек" пәнінің 1 штаты қысқаруға ұшырауы. Әсіресе, ауылда бала саны аз, салдарынан еңбек мұғалімдері мардымсыз сағатпен қалды. Қазіргі пандемия жағдайында көптеген қарапайым отбасын бюджеттен еңбекақы алатын ұстаздар асырап отыр. Осы кезде "Көркем еңбек" мұғалімдерінің жарты ставкасы қысқарып, сергелдеңге түсуде. Қаншама отбасының бала-шағасының нәпақасы кемуде. Оның үстіне банктерге несие төлей алмау қаупі туындаған. Мұны "Көркем енбек" мұғалімдеріне жасалған таза қиянат деп білеміз! Пән мұғалімдері отбасын асырау үшін қоржын сүйретіп, ел кезіп кету қаупінде тұр", – дейді "трудовиктер" жоғарыға шағым хатында.

Олар өздерін толғандырған мәселе оң шешімін табады деп үміттенеді.

Алайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алған бетінен қайтпайтынын аңдатты. Ол "Көркем еңбек" пәнін оқыту кезінде сыныпты бөлмеу туралы ереже бекерден енгізілмегенін айтады.

"Еңбекшілер" ескіше ойламауы қажет

"Мұндай өзгерісті енгізуге екі себеп бар: біріншіден, көп мектепте оқушыларды бөліп оқытуға жағдай жасалмаған. Темірмен, ағашпен жұмыс, аспаздық, тігін және басқасы үшін қажет шеберханамен жабдықталмаған. Соған қарамастан, мектептер оқушыларды ұлдар, қыздар тобы деп бөлген. Оның ақыры қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға алып келді. Екіншіден, заман өзгерді. Ерлердің кәсібі, әйелдердің кәсібі деген ұғым 5–10 жыл бұрын жоғалып кеткен. Аспазшы, кондитер, ресторатор, тігін ісінің маманы, шаштараз сияқты жұмыстар – ерлердің, ал фермер, тракторшы, комбайнер, жүргізуші – әйелдер кәсібі болды", – деді министр.

Өмірдің барлық саласында әйелдер ерлермен қатар ілгері басуда.

"Ендеше мектеп бағдарламасы осыны ескеруі қажет! Жылдам өзгеріп жатқан әлемдік үрдіс – осы. Ең бастысы, мемлекеттік стандарттан бөліп оқыту мәселесі алып тасталған жоқ. Онда тек оқушының таңдауын ескеру қарастырылған. Мектепте тиісті жағдай жасалған болса, оқушылар, ата-аналар қалап тұрса, сынып ұлдар мен қыздарға бөлінуі мүмкін. Мектеп әкімшілігі, мұғалімдер осыны түсінуі қажет", – деп түйді А.Аймағамбетов.

Расында, министрлікке еңбек пәні мамандарының біліктілігін арттырып, бұл пән аясында болашақ шағын және орта кәсіпкерлерді – білікті тігінші, шаштараз, кондитер, ағаш шебері, қолөнерші және басқасын көзбояу түрде емес, іс жүзінде даярлауға көшкені жөн. Әйтпесе, еңбек сабағынан жаңа заманда еш пайда болмайды.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу