Олар "Асыл түлікке" қатысты жеке инвестициялық бағдарлама жасау бастамасын көтерді. Бұл ретте Үкімет беретін қаражатын ұзата бермей, келесі 2026 жылдың республикалық бюджетінің жоспарына енгізуі қажет екен. Ол ақшаға қазақстандық екі мекеме әлемде бар мықты бұқалар мен қошқарларды сатып алуға және соның негізінде отандық асыл тұқымды ұрық өндірісін дамытуға тиіс.
Қазақстанда отандық ұрық жасау мәселесімен "Асыл түлік" АҚ-ы айналысады. Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің 2024 жылғы 29 қазандағы №502 бұйрығымен бюджеттен базалық қаржыландырылатын субъектілердің тізбесіне енгізілді.
Алайда оның ісіне көңілі толмаған, тіпті түңіле бастаған Мәжіліс депутаттары "егер мемлекет тарапынан әрі қарай да инвестиция салынбаса, онда "Асыл түлік" акцияларын саладағы технологиясы мен тәжірбиесі бар шетел инвесторларына беруді" ұсынды.
Бірақ бұған Үкімет қарсы шығып отыр. Бұл жөнінде депутаттарға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров хабарлады. Оның айтуынша, ұрық пен "Асыл түлікке" ақша болады.
Өйткені 2025 жылғы 6 қаңтарда АШМ Қаржы, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне "Асыл түлік" АҚ-ын базалық қаржыландыру үшін 2025-2027 жылдарға бюджеттік өтінімді жолдады. Сомасы "сыпайы" көрінеді, 134 миллион теңге сұратты.
"Бұл қаражат оны ғылыми инфрақұрылыммен, мүлікпен, оның ішінде ғимараттармен, жабдықтармен және материалдармен қамтамасыз етуге, ғалымдардың, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналының еңбегіне ақы төлеуге бағытталатын болады. Қаражат бөлу мәселесін 2025 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде пысықтау жоспарланған. Осыған байланысты, яғни, мемлекет тарапынан қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатқандықтан, "Асыл түлік" АҚ-ының акцияларын шетелдік инвесторларға ұсынуға әзірге ерте деп санаймыз!", – деді министр Айдарбек Сейпілұлы.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев отандық төрт түлік отандық ұрықпен асылдандырылуы шарт деп санайды.
"Шетелден әкелетін ұрыққа субсидия төлеу тоқтатылуға тиіс! Отандық ұрықты менсінбей батысқа қарап "ұлып" тұрған шаруашылықтарды қолдаудың еш қажеті жоқ. Үнемделген қаражат қолдан ұрықтандыру бойынша мамандардың санын арттыру үшін осы саладағы қазақстандық екі мекемеге берілгені дұрыс. Ауылдарда қолдан ұрықтандыруды игеріп, жұмыс істеймін деген жастар көп. Оларды осы екі орталық арқылы оқыту және дайындау қажет", – деді мәжілісмен.
Ауыл шаруашылығы министрі мұндай қадамды құптамайтынын жеткізді. Себебі, 2023 жылы Үкімет тапсырмасымен "СҚО тәжірибесін тираждау" бойынша АӨК саласындағы инвестициялық жобаларға кредит беру бағдарламасы басталды. Оның аясында бюджеттен алдыңғы жылы 11 облысқа 65 тауарлық сүр фермасына кредит беруге 100 миллиард теңге қаражат бөлінді.
Ал, осы 65 заманауи сүт фермасын құру үшін 30 мыңға жуық сүтті бағыттағы ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. Осы орайда АШМ басшысы "бүгінде отандық нарықтың жоғары өнімді, сүтті бағыттағы бұқашықтар мен қашарларға деген зор қажеттілігін отандық өндіріс қанағаттандыра алмайтынын" мәлімдеді.
Асыл тұқымды сиырдың бәрі шетелден тасыла бермейді, өзге елдерден ұрық әкелініп, сол арқылы жергілікті мал асылдандырады. Министр сүтті мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыру кеңінен қолданылатын, ол қауіпсіз, тиімді көбею әдісі саналатынын нықтады.
"Сөз болып отырған қазақстандық қос мекемеде – "Асыл-Түлік" АҚ-ы мен "Асыл" АТО-да бір жынысты дозаны шығаратын қажетті құрал-жабдықтарының жоқтығын ескеру керек. Осыған байланысты қазіргі кезде шет елдерден әкелетін ұрыққа субсидия төлеуді тоқтатуды орынсыз деп санаймыз! Ал, енді қолдан ұрықтандыруға осы екі орталық арқылы үйрету, маман дайындау мәселесіне келсек, "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" заңына сәйкес, бұл мекемелер техник-ұрықтандырушыларды оқыту не біліктілікті арттыру курстарын өткізуге құқылы", – деді Айдарбек Сапаров.
Оның түсіндіруінше, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру үшін сүтті, сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаның ұрығын шетелден сатып алу да ел бюджетінен субсидияланады. Егер бұқа не қошқар ұрығын отандық өндіруші өндірсе, оның өніміне де демеуқаржы берілуге тиіс.
Министрдің нақтылауынша, фермер сатып алған бір жынысты ұрық дозасы үшін – 10 мың, екі жынысты дозаға – 5 мың теңге беріледі.
Бұдан бөлек, жыл сайын шетелден сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара малдар – қашарлар мен бұқашықтар сатып алынады. Былтырғы 2024 жылы Қазақстан өзге елдерден, соның ішінде Ресейден де сүтті және сүтті-етті бағыттағы 11 488 бас ірі қара малды импорттады.
Депутаттардың мәліметінше, шетелдік ұрық деп шынында не саудаланып жатқаны беймәлім. Сондықтан сырттан келетін ұрықтардың сапасы отандық зертханаларда тексерілуге тиіс. Тек содан кейін ғана қолданысқа жіберілсін. Мәжілісмендер мұнда "Асыл түлік" орталығының және өңірлердегі ғылыми-зерттеу институттарының зертханаларын пайдалануды ұсынды.
АШМ дерегінше, ұрық импортымен және елде сатумен асыл тұқымдық және дистрибьюторлық орталықтар айналысады. Бүгінде республика бойынша 13 асыл тұқымдық және 50 дистрибьюторлық орталық бар.
Ұрық импорттау үшін шетелдің уәкiлеттi органы берген ветеринариялық сертификаты және асыл тұқымдық куәлiгі болуы талап етіледі.
Ұрықты аусыл, ірі қара малдың обасы, блутанг, жұқпалы плевропневмония, бруцеллез, туберкулез, паратуберкулез, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, трихомоноз (Trichomonas fetus), кампилобактериоз (Campylobacter fetus venerealis), энзоотиялық лейкемия, лептоспироз, күйдіргі-сібір жарасы сияқты жануарлардың жұқпалы ауруларынан ада территорияларда орналасқан кәсіпорындардан алуға рұқсат етіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік ұрықты отандық зертханада қосымша тексеруді талап етуді артық санады. Оның айтуынша, елімізге әкелінетін ұрықтардың сапасы бойынша мәліметтері онсыз да асыл тұқымдық куәлігінде, ал, ветеринариялық талаптар бойынша мәліметтері – ветеринариялық сертификатында көрсетіледі.
Жалпы, мән берсе, тиісті қаржы бөлсе, мал шаруашылығын отандық ұрықпен жете қамтуға болар еді. Онымен кез келген фермер күн сайын айналысып, қосымша табыс көзіне айналдыра алады.
Мысалы, National Geographic телеарнасы америкалық фермерлердің бұқа-өндірушілерден қолмен ұрық алып, мол кіріске кенелетіні туралы жеке бағдарлама түсірді. Бұл үшін бұқаны қалай дайындап, өнімін қалай алуға болатыны туралы роликтер YouTube-те толып тұр.
Өз кезегінде "Асыл түлік" АҚ мен ғылыми зерттеу институтары асыл тұқымды бұқалардан алынатын ұрықтардан ұрғашы жынысты ұрықтарды бөліп алу технологиясын меңгеруге талпынуда екен.
Бүгінде Қазақстанда бір жынысты ұрықтар сұранысқа ие көрінеді. Осы әдісті қолдану шарттарын зерделеу мақсатында "Асыл түлік" АҚ "Universe 2020" компаниясымен сорттау технологиясын зерделеу жұмыстарын жүргізді.
"Асыл түлік" АҚ мамандары Францияға барып, криоконсервация жабдықтарын шығаратын зауытпен танысты. Биыл "Universe 2020" компаниясының өкілдері "Universe 2020" лицензиялық сортерін жеткізу және қызмет көрсету туралы келісімге қол қою мақсатында Қазақстанға келуді жоспарлауда екен.
Ауыл шаруашылығы министрі елімізде селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізу мен үйлестіруге жауапты органы болып табылатын Республикалық палаталарды малды қолдан ұрықтандыруды дамыту жұмыстарына тартуға болатынын жеткізді.
Депутаттар болса, мұнымен шектелмей, одан әрі баруды – республикалық палаталар тек отандық орталықта дайындалған ұрықтарды сатып алғанда ғана субсидия беруді ұсынды. Бірақ мұндай идеяны АШМ әзірге салмақты қарастырып жатқан жоқ.
Сонымен, "Қазақтың сиыры бөтеннің бұқасының жетегінде кетпесін" деген депутаттық ұранға қатысты Үкіметтің қорытынды байламы қандай? Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымынша, шетелдік ұрықтарға қолжетімділікті шектеу Қазақстандағы малдың генетикалық сапасына кері әсерін тигізуі, өнімділіктің төмендеуіне және мал ауруларының артуына әкелуі мүмкін.
"Қазіргі кезде отандық асыл тұқымдық орталықтардың бәсекеге қабілеттілігі төмен. Атап айтсақ, бір жынысты ұрықтарды шығару технологиясы жоқ. Егер фермерлерді тек отандық ұрықтарды қолдануға мәжбүрлесек, бұл нарықта бәсекелестіктің азаюына әкеледі. Монополияның қалыптасуына, бағаның өсуіне және қызмет көрсету сапасының төмендеуіне себеп болады. Осыған байланысты министрлік тек отандық орталықтардан ұрықтарды сатып алуға субсидия беру мәселесін қарастыруды қолдамайды!", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Бірақ елде ұрық сату түріндегі жаңа бизнес түрінің өркен жаюына министрлік қарсы емес.