Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиі қатынауымыз мүмкін

11847

Басы коррупциялық жанжалдардан арыла алмай жатқан "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы жаңа құзырларға лайық па?

Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиі қатынауымыз мүмкін Фото: sputnik.kz | 2gis | коллаж

Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа пилоттық жобаны қолға алды. Ізашар жоба – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының фронт-офистері арқылы кейбір мемлекеттік қызметтерді электрондық өтініштер негізінде көрсету" деп аталады.

Бір қызығы, осы жоба жүзеге асса, онда Әділет министрлігінің құзыр қоржынындағы біраз өкілеттік ХҚКО-ларға кетіп қалмақ. Солай болса, мұндай жағдайда Статилермен жағаласқан Марат Бекетаев заманынан кейін онсыз да ақпарат айдынын жоғалып кеткен Әділет министрлігін енді қазақстандықтар мүлдем ұмытуы мүмкін.

Өйткені азаматтық хал актілерін тіркету, жаңа пәтер мен ғимаратты, компанияны, мүлік иелері бірлестігі (ОСИ) мен пәтер иелері кооперативін (КСК) және көптеген басқасын тіркеуге қою үшін қазақстандықтар бұрынғыдай Әділет министрлігіне емес, "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясына жүгінетін болады. Бұл министрлікте елді елең еткізетін құзыреттен жаңа партияларды тіркеу қалады. Алайда Әділет ведомствосы 2022 жылдан бері партия ашамын дегендердің ешқайсысына ақ батасын бермей келеді.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясына жетекшілік ететін Цифрлық даму министрлігі жаңа құзырларды іске асырудың алгоритмін де әзірлеп қойды.

"Пилоттық жоба жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы көрсетуге бағытталған. Тиісті алгоритм пилоттық жобаны жүзеге асыруды қарастырады және кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері қызметкерлерінің іс-қимыл тәртібін айқындайды", – делінген Цифрлық даму министрлігінің түсініктемесінде.

Компания, МИБ, мүлік және өзгесі бөгде адамның атына тіркеліп кетпеу үшін фронт-офис, яғни ХҚКО қызметкері ақпараттық жүйе арқылы мемқызметті алушының немесе оның өкілінің жеке басын биометриялық сәйкестендіруден өткізуге тиіс болады.

Әділет министрлігі қағаз құжаттар сұрататыны мәлім. Ал Бағдат Мусин оның бәрін автоматтандыруға ниетті. Мысалы, мемқызметке өтініш те ХҚКО-да тек электронды форматта толтырылады. Алгоритмде жазылғандай, "толтырылған өтініш мемқызметті алушыға немесе оның өкіліне көрсету үшін көмекші мониторға шығарылады". Азамат өтініште қамтылған мәліметтермен танысады және барлық деректермен келіссе, фронт-офис қызметкеріне "Мобильді азаматтар базасында" тіркелген ұялы телефон нөміріне түскен СМС-кодты хабарлауға тиіс. Яғни, тұлғаны растаудың бірнеше тетігі қолданылады.

Депутаттар, әкімдер және басқа да ығайлар мен сығай тұратын Highvill Astana салтанатты тұрғын үй кешенінде өршіген дау-жанжал әділет органдарының бір үйде бірнеше МИБ-ті (ОСИ) тіркей салатынын паш етті. Мүлікті тіркеудегі кемшіліктерге қатысты да мәселелер туындады. Мысалға, бұған дейін әділет органдарының ақпараттық жүйесі жылжымайтын мүліктің мекенжайлық тіркеу кодын (РКА-код) дұрыс қалыптастырмауы салдарынан кейбір азамат өз меншігіндегі баспанасына тұрғындарды тұрақты тіркеуге қоя алмай, сергелдеңге түскенін ақпарат құралдары жазды.  

Осындай олқылықтарға жол бермеу үшін Цифрлық даму министрлігі "Азаматтарға арналған Үкіметтегілердің" дербес жауапкершілігін енгізбек: министрдің бұйрығымен мемлекеттік корпорацияның "электрондық өтініштің дұрыс толтырылуын, сәйкестендіру сапасын қамтамасыз ету" үшін жауапкершілігі бекітілмек.

ХҚКО қызметкері "қызметті алушыны сәйкестендіру бойынша даулы жағдайлардың туындауын болдырмау үшін фотофиксация жүргізеді" және оның нәтижелері электрондық өтінішке тіркеледі.

Туу, неке, қаза – "Цондарға" бастауы мүмкін

Сонымен, пилоттық жоба аясында ХҚКО-ларға берілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі де анықталды. Ол 16 пункттен тұрады:

  • Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу (кепілді, рентаны, пайдалануды тіркеу; қайта салымды тіркеу; қарыз шарты бойынша талап етуді беруді тіркеу; құқықтың ауысуына байланысты емес ауыртпалықты тоқтатуды тіркеу; міндеттемелердің орындалмағаны туралы хабарламаны тіркеу; аукцион, сауда-саттық туралы хабарламаны тіркеу; заңдық талаптардың туындауын және тоқтатылуын тіркеу, басқасы).
  • Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқа-дубликатын беру.
  • Жылжымайтын мүлік объектілері жоспарын, схемасын қоса алғанда, тіркеу органы куәландырған тіркеу ісі құжаттарының көшірмелерін беру.
  • Жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру;
  • Ғимараттардың, құрылыстардың, олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру.
  • Заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу.
  • Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілдігін тіркеу.
  • Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тiркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару.
  • Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген түзетулерді мемтіркеу.
  • Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу.
  • Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру (алғашқы берілген куәліктің бүліну жағдайын қоспағанда).
  • Бала тууды тіркеу: оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу (қағаз құжаттарды ұсыну талап етілетін жағдайларды қоспағанда).
  • Қайтыс болуды тіркеу: оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу (қағаз құжаттарды ұсыну талап етілетін жағдайларды қоспағанда).
  • Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу: оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу (қағаз құжаттарды ұсыну талап етілетін жағдайларды қоспағанда).
  • Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру (қағаз құжаттарды ұсыну талап етілетін жағдайларды қоспағанда).
  • Азаматтық хал актілері жазбаларын жою (қағаз құжаттарды ұсыну талап етілетін жағдайларды қоспағанда).

Жаңа құзырларға лайық болса, жөн

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2020 жылы "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясын "коррупциялық тәуекелдер бойынша лидер" деп атаған болатын. Пандемия белең алып тұрған шақта Антикор сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары мемлекеттік сатып алушылардың рейтингін құрған болатын.

Антирейтингтің көшін "Азаматтарға арналған Үкімет" бастады. Себебі, мемкорпорация бір жыл ішінде 37,7 миллиард теңгеге тендер өткізген, соның ішінде 70%-ын бір көзден сатып алған. Агенттіктің дерегінше, оның сатып алу туралы 10 мыңдай келісімшартының 4 мыңнан астамынан түрлі коррупциялық тәуекелдер анықталды.

Мемкорпорацияның "сүйікті", тұрақты 705 өнім жеткізушісі әшкереленді. Олары сол үшін ұйымға алғыс сезіммен жауап берсе жөн, жоқ, керісінше, бар өнімін қымбатқа берген. Мысалы, көтерме саудада 1 600 теңге тұратын А4 офсеттік қағазын Шымкенттегі мемкорпорация филиалына 4 334 теңгеден өткізіпті. Антикор ұқсас тәжірибе өзге өңірлерде де анықталғанын жеткізді. Әмбебап компьютер сол тұста нарықта 190 мың теңгеден ұсынылған, Алматы облысындағы филиал моноблокты 313 мыңнан, басқа филиалдар 448 мың теңгеден алып отырған.

Содан бері жағдай оңалды деу қиын. 2023 жылдың наурызында ақпарат құралдары "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының басшылығы сыбайлас жемқорлық пен ұрлық үшін айыпталып жатқанын жарыса жазды. 10 наурызда аталған агенттік мемкорпорацияның сол кездегі басшысы Сүйеніш Әбділдиннің, оның орынбасарларының және аппарат жетекшісінің кабинетінде тіркеу жүргізгені, жұмыс компьютерлерін тәркілегені айтылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады, дегенмен, істің фигуранттары кім екенін нақтыламады. Кейін С.Әбділдиннің мемкорпорациядағы ұрлықтар туралы іс бойынша тек куәгер ретінде танылғаны белгілі болды. Корпорациядағы аса ірі көлемдегі ұрлыққа байланысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөліміне (аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Оның соңы немен тынғаны белгісіз.

Соған қарамастан, былтырғы 2023 жылғы қазанда министр Б.Мусин оны қызметінен алып тастап, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының басқарма төрағасы лауазымына Арман Кенжеғалиевті тағайындады. Арман Шоқанұлы әр жылдары Әділет министрлігінде қызмет атқарған. 2021 жылдан бері Бағдат Мусиннің командасына көшіп алды. Корпорацияға ауысқанға дейін Цифрлық даму министрлігінің аппарат басшысы болып жұмыс істеді.  

Яғни, Кенжеғалиевке мемкорпорацияны шырмауықтай шырмаған коррупциядан арылу сыртында, құзырына көшетін жаңа мемлекеттік қызметтердің кіршіксіз, айғай-шусыз көрсетілуін қамтамасыз ету де жүктелмек.

Биылғы 2024 жылы, өткен аптада жаңа жанжал бас көтерді. ХҚКО-ларда жүргізуші куәліктері ақшаға сатылып келген. Мәселен, Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топ бұл "бизнесті" ұзақ уақыт бойы жүйелі жолға қойып алыпты.

Қылмыстық схеманы ХҚКО қызметкерлері "помогайка" деп аталатындармен бірге жүзеге асырған. Соңғыларынан көмегімен Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында клиент іздестіріп, оларға оқытусыз және жүргізу практикасын тексерусіз жүргізуші куәлігін белгілі бір ақыға рәсімдеумен айналысқан.

Жалпы, өз қолында мол құзырлар жинақталғанын пайдаланып, ниеті қарау ХҚКО қызметкерлерінің көптеген қылмыстық схемаға қатысатыны айтылып жүр. Мысалы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры Г.Алдамбергенова және "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы филиалының бөлім басшысы А.Журунов 7 жылға сотталды. Тергеу анықтағандай, сотталғандар бөгде тұлғаларға заңсыз ресімдеу арқылы университеттің 9 гектар жер учаскесін бөліп-бөліп, сатып жіберген.

"Азаматтарға арналған Үкіметтің" ашылмай жатқан қылмыстары қаншама? Демек, жаңа құзырларды берумен бірге коррупциямен күрес күшейтілсе, абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу