Енді картоп фриін жеуді азайтуыңыз мүмкін

814

Картоп тапшылығы қайталануы мүмкін.

Енді картоп фриін жеуді азайтуыңыз мүмкін Фото: canva.com

Үкімет 2025 жылдың басында туындаған "картоп дефицитін" доғара алды. Бірақ бұған кешенді емес, уақытша шаралар арқылы қол жеткізілді. Атап айтқанда, 28 қаңтардан бастап, Қазақстаннан "үшінші елдерге" осы өнімді экспортқа шығаруға жарты жылға тыйым салды.

Бұл жерде "екінші елдерге", яғни, Еуразиялық одаққа мүше 4 елдің тасып әкетуіне тыйым жоқ. Оларға да тыйым салу үшін ұлтүстілік орган – Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық комиссияның "ақ батасын" алуға тура келеді.

Тыйым Қазақстанның Сыртқы сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының шешімі негізінде және Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен енгізілді.

Салдарынан, енді өзбек ағайындарда тапшылық басталды. Gazeta.uz жазуынша, Қазақстаннан келетін импорттың доғарылуы аясында, қаңтар айының соңында Өзбекстанда картоптың ең төменгі бағасы 85%-ға, жоғарғы межесі – 37%-ға өсіп шыға келді. Ең қымбаты – Ташкентте, 1 келісі – 8,5 мың сум (шамамен 339 теңге).

Қазақстанның жыл сайын түрлі дақылдың экспортына шектеу енгізе беруі тұтынушы елдерді импорт алмастыруға итермеледі.

Өзбекстан Президенті жанындағы Статистика агенттігінің дерегінше, 2024 жылы Өзбекстан түрлі дақылдан рекордтық астық жинады. Атап айтқанда, былтыр 16 миллион тоннадан астам көкөніс пен бақша өнімдері, 9 миллион тонна бидай, 3 миллион тонна мақта, 5 миллион тонна жүзім мен жеміс түрлері жиналған.

Өзбекстан картоп егілетін алқаптардың ауқымын да қарқынды арттыруда. Соның арқасында былтыр ғаламат ауқымда, 4 миллион тонна осы түйнекті дақыл алды.

Қазіргі кезде Өзбекстан 290 мың гектарға картоп өсіреді. Бірақ шығымдылығы төмен. Сондықтан Шавкат Мирзиёев жергілікті климатқа бейімделген әрі мол өнім беретін картоп сорттарына бағдарлануды жүктеді.

Кеңес қорытындысында өзбектің Ауыл шаруашылығын қолдау қоры 2025 жылы картоп алқаптарын кеңейтуі үшін диқандарға 400 миллиард сум (шамамен 30,8 млн доллар) қаржы тарататын болды. Бұған қоса, импортталатын бүкіл картоп тұқымы кедендік баждан, алым-салықтан 3 жылға босатылды.

2024 жылғы 11 айда Өзбекстан 52,6 млн долларға 627 мың тонна картопты шетелден сатып алды. Ресми дерек бойынша оның 74%-ын Қазақстаннан экспорттаған. Енді Қазақстан тыйым енгізгендіктен, өзбек импорттаушылары Қырғызстан, Пәкістан, Беларусь сияқты елдерден сатып алуға ауысып жатыр.

Салдарынан, қазақстандық фермерлер шетелдік нарықтарын жоғалта бастады. Осы аптада Kazinform өзбектердің сатып алған картобының ірі партиясын қазақстандық тараптың "Сарыағаш" станциясында ұстап алып, әрі жібермей қойғанын хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі елде туындаған картоп тапшылығына экспорттаушыларды кінәлі етіп қойды. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2024 жылы Қазақстан сыртқы нарықтарға соңғы 10 жылдағы рекордтық көлемде – 605 мың тонна картоп өткізді. Бұл ішкі нарықтағы бағаларға да елеулі ықпал етуі мүмкін.

Ал, сарапшылар бұл тапшылықтың басқа себебін атады. Академик, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, былтыр жиналған картоптың көлемі туралы асыра көрсетілген деректер ақыр соңында елдегі дефицитке және қымбатшылыққа соқтыруы мүмкін. Өйткені биылғы қаңтарда бұқараға арналған "екінші нанның" (картоптың) келісінің бағасы орта есеппен 100 теңгеден 450 теңгеге дейін, бірден 4,5 есеге дейін шарықтады.

Аграрлық сарапшы Қазақстанның бұл дақылға деген жылдық қажеттілігін 2 миллион тоннаға бағалады: 20 миллион тұрғынның әрқайсысы жылына 100 келісін жейді деген норма бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет отырысында 2024 жылы 2,9 миллион тонна картоп жиналғанын, бұл 2023 жылдың деңгейінен 40%-ға көп екенін мәлімдеді. 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша соның 605 мың тоннасы ғана шетелге экспортқа шығарылған.

20 миллион қазақстандық 2 миллион тонна картобын жеп қоятындай бір жыл өткен жоқ. Сарапшылардың бағалауынша, еліміз бір тоқсанда 500 мың тоннадайын ғана тұтынады. Жаңа картоптың қамбаға құйылғанына бір тоқсандай ғана уақыт болды. Демек, жаңа астықтан 2,4 миллион тоннадай өнім қалуы керек еді. Соншасы жоқ көрінеді.

"Бүгінде қолда бар қорлар 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық өтеуге жеткілікті. 2025 жылғы 19 қаңтардағы жағдай бойынша сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда, елдегі картоп қоры 850 мың тоннадан асады. Соның ішінде картоп өсірушілерде – 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтардағы жертөлелерде – 200 мың тоннадан астам", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осыған байланысты сарапшылар "былтыр елде 2,9 миллион тонна картоп жиналды" деген ресми ақпаратқа күмән келтіріп отыр.

"Шынымен солай болса, 900 мың тонна экспорттық әлеует әлі түгесілген жоқ. Онда неге Үкімет картоп экспортын елдің оңтүстігінде ерте астық алынғанға шейін, жарты жылға жауып тастайды?! Нарықта картоп көлемінің жетіспеуі кесірінен ажиотажды сұраныс, дүрбелең туындап, 2025 жылдың басында бағалар күрт өсті. Осыдан сұрақ туындайды: шынымен де АШМ есеп бергеніндей, 2024 жылы елде 2,9 миллион тонна картоп өндірілді ме? Меніңше, өндірістің шынайы көлемі бұдан бірнеше есе аз! Шын мәнінде, шамамен 1 миллион тоннадайы ғана жиналса керек. Қалған 1,9 миллион тонна картоп – жай ғана қосып жазу", – деді Төлеутай Рахымбеков.

Ол мұндай байламды растайтын бірнеше негіз келтірді. Біріншіден, 90-шы жылдары айналасында қалпымен картоп өсіруге маманданған тұтас қуатты "кеңшарлар" жойылды. Орнына өндіріс көлемі тым шағын фермалар мен жеке қосалқы шаруашылықтар келді.

Екіншіден, картопқа арналған суармалы егіс алқаптарының көлемі соңғы 30 жылда 3 миллионнан 1,5 миллион гектарға дейін қысқарды,  

Үшіншіден, көптеген фермерлердің айналымдық қаражаты жоқ. Онсыз сапалы тұқым материалдарын, тыңайтқыштарды, пестицидтерді, техниканы сатып ала алмайды. Мемлекеттен қуатты субсидия ұсынылмайды, биылдан бастап қолданыстағы мемлекеттік қолдауды беру күрделендірілді. Мұның бәрі, сарапшының байламынша, егіншілердің шығымдылығы жоғары, мол астық алуын беймүмкін етеді.

"Елдегі картоп тапшылығы мен баға қымбатшылығының басты себебін де осыдан іздеген жөн. Елде 2024 жылғы отандық картоп астығы сонша көп болған жоқ және ол қазіргі кезде таусылуға таяды. Жетіспеушілік шетелден картоп импорттау арқылы жабылып жатыр", – деген пікір білдірді академик Рахымбеков.

Жалпы, сарапшылар Қазақстанда картоп тапшылығы қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені бүкіл әлем бойынша оның жетіспеушілігі байқалады.

Numbeo.com бүгінде әлемдегі ең қымбат картоп Оңтүстік Кореяда екенін анықтады – 3,6 доллар (шамамен 1,9 мың теңге). АҚШ-та – 2,9 доллар (1,5 мың теңге), Жапония мен Тайваньда – 2,6 доллардай, Еуропада – 1-2,5 доллар аралығында.

Оның үстіне Euronews еуропалық фермерлер шығындарының артуына байланысты картоп өсіруден бас тарта бастағанын жария етті.

"Румынияда картоп өндірісінің қысқаруы жалғасты. Себебі, соңғы жылдары оның тұқымының құны екі есе қымбаттады. Жұмыс күші де барған сайын қымбатқа түсіп, қолжетімсіз болуда. Сондықтан егіншілердің көбісі осы көкөністі өсіруден бойын аулақ салып жатыр. Ұлттық статистика институтының дерегінше, 2024 жылы Румынияда картоп өндірісі соңғы 8 жылдағы ең төменгі межеге құлдырады. Бүкіл Еуроодақтағы картоп фермаларының үштен бірі осы елде шоғырланған", – деп мәлім етті Euronews.

Қазіргі кезде Еуропаның "ең картопты" елі тіпті өз тұтынушыларының қажеттілігін жартылай ғана өтей алатын жағдайға жетті. Салдарынан, бір келі картоптың келісі 5 лейге немесе шамамен 1 еуроға дейін қымбаттады.

Еуропада картоптың шығымдылығы да төмендеуде. Климаттық күйзеліс, құрғақшылық пен аптап ыстық ахуалды нашарлата түсті.

Еуропалық Одақтың басқа елдері де картопты кем өсіре бастады. Еуропаның картоп егістерінің 70%-дайы небәрі 5 елде – Румынияда, Францияда, Польшада, Нидерландыда және Бельгияда шоғырланған.

2000 жылдан 2023 жылды қоса алғандағы кезеңде Еуроодақта картоп өндірісі 27,9 миллион тоннаға немесе 36,7%-ға азайып кетті. Еуропаны Украина фермерлері асырап отыр.

Сонымен бір мезгілде бүкіл әлемде чипсы мен "картоп фридің" көп тұтынылуына байланысты осы түйнекті дақылға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді. Содан болар, Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылдың қаңтар-қарашасында 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Қазақстаннан шетелге картоп экспорты 86%-ға өсіпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу