Енді Қазақстанда жанжалқорлар шымшығаны үшін де жазалануы мүмкін

4209

Әділет министрлігі қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Ол өзгелерге қол көтеруге дайын тұратын адамдар үшін жауапкершілікті күшейтуге тиіс. 

Енді Қазақстанда жанжалқорлар шымшығаны үшін де жазалануы мүмкін

Осыдан біраз бұрын денеге жеңіл жарақат түсіру үшін жаза жеңілдетілгенде, бұл қоғамдық теріс реакция туғызғаны мәлім. Себебі ол әсіресе, үйінде әйелін сабайтын қаскөйлердің жауаптан құтылып кетуіне жол ашатын.

Әділет органдары бұл қадамның басқа да кінәраты барын мойындап отыр. Мысалы, Әкімшілік кодекстің "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" деп аталатын 73-1-бабында "Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" түрі үшін ғана жаза қарастырылған. Іс жүзінде бұл жәбірленуші еңбек қабілетін жоғалтса ғана жәбір көрсетушінің жазалануын көздейді.

Сондықтан жаңа заң жобасы осы баптан артық сөздердің бәрін алып тастап, тек "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" үшін жаза қарастырмақ. Ол үшін 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе төбелесқор 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.

Әділет министрі Қанат Мусиннің түсіндіруінше, қазіргі уақытта азаматтардың денесіне жарақат түсіру фактілерін әкімшілендіру кезінде қайшылықтар туындап, олар зардап шеккен адамдардың наразылығын туғызады. Өйткені адамның таяқ жегенін оның көгерген денесі айғақтап тұрады. Алайда заңдағы олқылық кесірінен іс қозғалмайды. Өйткені ол адам "еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуы" қажет.

Жалпы денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтау "Жәбірленушілерді, күдіктілерді және басқа адамдарды сараптамалық зерттеу әдістемесі" негізінде жүзеге асырылады. Бұл әдістеменің 7-тармағына сәйкес, іс қозғалуы үшін жәбірленуші "жалпы еңбек ету қабілетінен 10%-ға дейін тұрақты айырылуға тиіс".

Бұл ретте көзге ұрып тұрған зақымданулар, соның ішінде терінің сыдырылуы, көгеру, гематома, үстіңгі жара және басқа да зақымданулар "денсаулықтың бұзылуына әкеп соқпайды" деп саналады. Сонымен бірге заң бойынша олар да "денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" ретінде сараланады.

Бірақ бұл еңбек қабілетін 10 пайызға жоғалтуға жатпайтындықтан, мысалы, отбасы шырқын бұзушының әйелінің денесіне келтірген осындай айқын жарақаттары 73-1-бабы аясында жауапқа тартуға жарамайтын болып шықты. Мұны түсіну қарапайым жан түгіл, заңгерге де қиын.

Әділет министрі ұрыс-керіс, тіпті жеңіл төбелестердің көбі негізінен, терінің сыдырылуы, көгеруі, гематома секілді жарақаттармен аяқталатынына, алайда денсаулығына зиян келтірілуі фактісі бойынша жүгінген бұл азаматтар құқық қорғау органдарынан әділдік таппайтынына назар аудартты. Себебі осы жағдайларда дене жарақатын түсіргендер жауапкершіліктен босатылады, оларға тіпті айыппұл да салынбайды. Министрдің мәліметінше, бұл жәбірленуші тараптың теріс реакциясын тудырады.

"Ұсынылып отырған түзетуді қабылдау – қысқа мерзімді бұзылуға немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соқты ма, соқпады ма, оған қарамастан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактілерінің бәрін әкімшілендіруге мүмкіндік береді", – деді Қ. Мусин.

Осы орайда заңгерлер тіпті қаттырақ шымшыған орынның өзі көгеріп кететінін еске салады. Ол еңбек қабілетін болмашы болса да жоғалтуға соқтырмайтындықтан, бұрын ол үшін жаза қарастырылмайтын. Егер заң жобасы қабылданса, қазақстандықтарға барынша абай болуға тура келмек.

Мысалы, былтырғы 29 желтоқсанда журналист Айнұр Қоскина Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеуханды ұрғаны үшін айыптап, сотқа бергені мәлім. Әріптесіміз сұхбат алу барысында экс-қалаулымен бірге лифтіге кірмек болады, алайда Б.Тілеухан оны қатты түйіп қалып, лифтіден күштеп, итеріп шығарған. БАҚ қызметкері әріптестеріне соққыдан қызарған шекесін көрсетті. Бірақ бұл ол кезде "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге" де жатпайтын.

Енді тәжірибе өзгеретінге ұқсайды.

Дегенмен қазіргі тәжірибеде денсаулыққа біршама қауіп төнген жағдайларда да қаскүнемдер жазалана бермейтін көрінеді. Павлодар тұрғыны Бекмұрат Сергей деген көршісінің үнемі мас болып жүретінін, тұрғындарға күн бермейтінін айтады.

"Бір үйде тұрған соң жиі ұшырасып қаламыз. Аузынан үнемі арақтың күлімсі иісі мүңкіп тұрады. Басқа көршілерім де оның тиіскеніне шағымданып, полиция шақыртады. Алайда тәртіп сақшылары шара қабылдамайды, оған күші де, кәсіби біліктілігі де жетпейді. Учаскелік инспектордың төбесінен ежірейе қарап, былапыт сөздермен әбден қорлағанына өзім де бірнеше рет куә болдым. Содан олар одан сескеніп, ығып жүреді. Полиция қорғамаған соң, оның "тентектігіне" тұрғындар тістене төзуге мәжбүр", – дейді шағым иесі.

Бірде Бекмұрат көршісі Амангелдімен бірге лифт күтіп тұрғанда, ашылған лифтінің ішінен Сергей шыға келеді.

"Мен онымен бір қабатта тұрамын. Содан мені көріп, ол 20-25 сантиметрлік үлкен пышағын сермеп, сес көрсете бастады. Түнде айғайлатып ән тыңдағаны үшін полиция шақырғаныма өшігіпті. Кенет пышақпен ішіме соққы жасамасы бар ма?! Бұл деген өлтіруге оқталу ғой. Өмірім мен денсаулығымды қорғау үшін мен қос қолыммен пышақтың жүзіне жармасып, оны қолынан суырып алдым. Бұл ретте екі алақаным да тілінді. Содан кейін оны іштен шалып, жерге атып ұрдым да, қолын қайыра қойдым. Менің шақыруыммен жеткен жедел-тергеу тобы оқиға орнына тексеру жүргізді, қан жапқан пышақты алып кетті", – дейді Бекмұрат.

Әрі қарай оқиға күтпеген бағытта өрбіген көрінеді. Жәбірленуші жәбір көрсетушінің үстінен қалалық Оңтүстік полиция бөліміне бірнеше рет шағым жазады. Алайда полиция қызметкерлері өтінішті қабылдамаған. Оның орнына ізінше Сергейдің "мені ұрып тастады" деген шағымын қабылдап, әкімшілік хаттама толтырған. Соның негізінде Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жәбірленушіге 27 780 теңге айыппұл салған. Бұл ретте полиция тағайындаған сот-медициналық сараптама екі алақанының пышақпен тілінуі және оған инфекцияның түсуі, сондай-ақ сол жамбас терісінің көгеруі түрінде Бекмұраттың денесіне зақым келтірілгенін анықтапты.

Жәбірленуші полиция бөлімі бастығының орынбасарына кіргеннен кейін ғана оның өтініші қабылданады. Арада 3 ай өткенде қылмыстық іс қозғалған. Алайда тағы 2 ай өткенде полиция істі тоқтатқан. Іс бойынша бірде бір куәгерден жауап алынбаған. Бұзақы жазасын алмаған. Бекмұрат "сол жолы пышаққа жармасып, тартып алмағанда, пышақтан өлуім мүмкін еді" дейді. Оның айтуынша, жәбір көрсетуші көршісі оның пәтерінің электр есептеуішін бұзып кеткен, еш себепсіз есігін тепкілеп кететін көрінеді.   

Павлодар қаласы прокуратурасы С.-ға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалды шешімнің күшін жойды. Істің немен тынатыны белгісіз.

Бұзақылық төбелестердің бәрі бірдей терінің көгеруімен аяқтала бермейді. Ұсақ қылмысқа құзырлы органдар салғырт қарай берсе, ол ауыр қылмысқа ұласып кетуі ғажап емес. Заңнамаға түзетулер алда осы бағытта оң қадамдар жасалуы мүмкін екенін көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу