Енді оқушылар мектепте жүріп-ақ бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге ие болады

1073

"Жұмысшы мамандықтары жылының" ізгі жаңалықтары жарияланды. 

Енді оқушылар мектепте жүріп-ақ бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге ие болады Фото: canva.com

Қазақстанда экономиканың барлық саласындағы жұмысшы мамандықтарында істейтін халықтың саны – 1 млн 270,8 мың адам. Бұл – еліміздегі жұмыскерлердің жалпы санының 37,4%-ы. Мемлекет басшысы биылғы 2025 жылды соларға арнады.

Дегенмен, еліміздегі еңбеккерлердің үштен бірін ғана құрағанымен, жұмысшы кадрларға деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Сарапшылардың "оның бәрін роботтар ауыстырады" деген үрейлі болжамы әзірге ақталмай тұр. Өйткені еліміздің цифрландыру мен автоматтандыруда артта қалуы нәтижесінде оларға деген қажеттілік жыл сайын тек артып келеді.

Мәселен, Еңбек министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) болжамына сәйкес, Қазақстандағы өнеркәсіп, құрылыс, көлік секторларында жұмысшыларға деген жиынтықты сұраныс 2024-2030 жылдары 195 мың адамға артады деп бағалануда.

Базалық сценарий бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен фермерлерге деген мұқтаждық тағы 41 мың адамға өсуі мүмкін.

Көбірек сұранысқа ие жұмысшы кәсіптері арасында жүк көліктерінің және автобустардың жүргізушісі, аспаз, дәнекерлеуші (сварщик), сантехник, құбыр төсеуші, жалпы бейіндегі техник-электрик, сылақшы, тракторшы, мото және автокөлік жөндеуші, тігінші және киім реставраторы, фермер және басқасы бар.

Сарапшылардың айтуынша, 4-5 жылын жоғарғы оқу орнында ілім мен мамандық игеруге жұмсаған жастар мұндай қара күшті қажет ететін жұмыстарға қызықпайды. Сондықтан Үкіметке бұл жұмыстарға жас ұрпақты мектеп бітірмей тұрып тарту ұсынылды.

Өйткені мектеп қабырғасында жүргенде бозбалалар мен бойжеткендердің үлкен бөлігі қандай еңбек жолына түсетінін, кім болатынын нақты айқындап үлгермейді. Ал, орта білім беру жүйесінде әлі күнге "кәсіпке бағдарлау және мамандыққа бейімдеу" жолға қойылмаған.

Бірақ тәжірибесі мен жұмыс өтілі жоқ мектеп түлектерін жұмыс берушілердің көбі алғысы келмейді. Сонда қайтпек керек? Кеңес одағы бұл тығырықтан "оқу-өндірістік комбинаттары" (ОӨК) желісін бар жерде жаппай құру арқылы шықты. Бұл комбинаттар оқушыларды оқудан қол үздіртпей-ақ орта мектепте жұмысшы мамандықтарына даярлауға қызмет етті. Тұңғыш ОӨК КСРО-да ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап құрылды.

Екінші Дүниежүзілік соғыста көп халқынан айрылып қалған Кеңес одағы кадр тапшылығы тұйығынан осылай шыға алды. Олар оны әлемдік тәжірибеден алды. Ұлыбритания қазіргі кезде де шәкірттердің әртүрлі кәсіптер бойынша шынайы, практикалық тәжірибе игеруіне баса мән береді. Бұл патшалық оқытудың белсенді формалары мен әдістеріне екпін түсіреді, онда имитациялық бағдарламалар, еңбек тәжірибесі енгізілген. Осы мақсатта білім беру мекемелерінде мини-кәсіпорындар, шағын зауыт-цехтар құрылған.

Германияда мектептерде осы салаға жауап беретін "техникалық бөлімдер" жұмыс істейді, олар кәсіпке бағдарлаумен, әкімшілік және техникалық жұмыстармен айналысады. Өз ісін ашқысы келетін оқушыларға арнайы гранттар ұсынылады.

Жапонияда "оқушылардың кәсіби сынамалары" аталатын тәсіл қолданылады. Спорттағы скауттар, селекционерлер сияқты арнайы мамандар әрбір оқушымен әңгімелесіп, оның неге бейімі мол екенін анықтайды, талантын ашуына, қандай да бір қызметте тәжірибе жинақтауына көмектеседі.

Жалпы, инновацияларымен, озық технологияларымен мәшһүр "Азия жолбарыстарында" оқушылар мектепте жүріп, өз компаниясын ашады, ойы ұшқыр балалар күн сайын дерлік жаңа зат-өнім ойлап тауып жатады.

Сондықтан Мәжіліс депутаты Николай Арсютин жас ұрпақты жаман жолға түспей тұрып, тездетіп еңбек жолына бағыттап жіберу үшін әрбір мектептің атына кадр тапшылығын тартып жүрген шаруашылықтарды, жергілікті кәсіпорындарды және жалпы жұмыс берушілерді бекітуді ұсынды.

Сонда әрбір шәкірттің қандай іске қыры болса, оны сол саланың жұмыс берушілері ертерек қамқорлығына, патронажына алуы керек.

"Мұндай жағдайда тиісті материалдық-техникалық базасы бар шаруашылықтар жоғарғы сынып оқушыларын өндірістік оқытуға қабылдап ала алар еді. Нақтылағанда, оқушылар жазғы каникулы кезінде сол кәсіпорында ақылы не ақысыз тағылымдама-стажировкадан өтуі керек. Бұл ретте мектеп, колледж және шаруашылық арасында үшжақты келісім бекітіледі. Колледжді қосу не үшін қажет? Оның өкілдері арнайы комиссия құрып, дала-егістік жағдайында оқушыдан айталық, машинист-тракторшы мамандығы бойынша емтихан қабылдайды. Сүрінбей өтсе, біліктілік тағайындап, тиісті үлгідегі құжат, диплом береді", – деді мәжілісмен Арсютин.

Осының арқасында жоғарғы сынып оқушылары мектеп бітірген кезде аттестат сыртында нақты бір жұмысшы мамандығын меңгеріп шығады.

Өз кезегінде жұмыс беруші төл маманын даярлап алады, ісін дағдартқан кадр тапшылығы мәселесін шешеді. Сонымен бірге, бұл жастардың ауылда қалып, орнығып, орнын табуына көмектеседі. Ауылдар білікті жас маманға қол жеткізеді. Яғни, барлық тарап пайдаға шығады.

Еңбек кодексі қазіргі кезде жұмыс берушілерге балалармен 15 жастан бастап еңбек шартын бекітіп, жұмыс істетуге рұқсат етеді. Тек оның ата-анасының келісімі мен шарт астындағы қолын алса жеткілікті.

Маңызды жайт сол, Еңбек кодексі бойынша баланың осы еңбек шарты оның жұмыс өтілі-стажы болып есептеледі және ары қарай басқа жұмысқа орналасуына, мансаптық сатыда өсуіне септеседі.

Үкімет бұл бастаманы құп алып отыр және Жұмысшы мамандықтары жылының аясында қолға алуды жоспарлады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова хабарлады.

Оның айтуынша, ел Үкіметі мектептердің жоғары сыныптары деңгейінде, оның ішінде мүдделі жұмыс берушілерді тарта отырып, мамандандырылған "оқу-өндірістік комбинаттарын" (ОӨК) құру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу, осы арқылы "бастапқы кәсіптік біліктілікті алу" институтын енгізу мәселесін әрі қарай пысықтауда.

Тамара Босымбекқызы 2029 жылға дейінгі "Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы" жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

"Міне, соның аясында жоғары сыныптағы білім алушылардың мектеп деңгейінде бастапқы кәсіптік біліктілікті алуына жағдай жасау шаралары қабылдану үстінде. Атап айтқанда бүгінде 8 өңірде – Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Жетісу облыстарында 17 ОӨК жұмыс істейді. Олардың желісі жергілікті бюджет қаражаты есебінен дамытылуда", – деді вице-премьер.

Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларына бастапқы кәсіптік біліктілігін берудің тиімді тетіктерін іріктеу және енгізу үшін 2023-2024 оқу жылында жаңа бастама қолға алыныпты. Осы пилоттық жобаға сәйкес, жоғары сынып оқушыларын колледждер базасында оқыту ұйымдастырылған.

2025 жылдың ақпанында жоба алғашқы түлектеріне қанат қақтырады, 2 051 оқушы бітіріп шығуға тиіс.

Осы мақсатта ауылдық жерлерде орналасқан мектептер үшін қысқа мерзімді курстық даярлықты өткізу бойынша мобильді оқу орталықтары жұмыс істейтін көрінеді.

Оған түскен шәкірттер қоғамдық тамақтандыру, дәнекерлеу ісі, электрмен жабдықтауды ұйымдастыру, есепке алу, аудит және басқа сұранысқа ие кәсіптерді игереді. Курс соңында білім алушыларға "біліктілік туралы куәлік" беріледі.

"Бұдан бөлек, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 2025 жылы колледждердің қатысуымен "One School – One Skill", яғни, бір мектеп – бір дағды жобасы іске асырылатын болады. Мектептер мысалы, ІТ-технологиялар, дизайн, агротехнология және басқа салаларда мамандана алады", – деді Тамара Дүйсенова.

Тұжырымдаманы іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол жоғары сынып оқушыларына бастапқы кәсіптік біліктілікті ("микроквалификацияны") беру үшін қолданыстағы Мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына түзетулерді қарастырып жатыр.

Осылайша, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың сендіруінше, жоғары сынып оқушыларының бастапқы кәсіптік біліктілікті алудың әртүрлі тетіктері жүзеге асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу