Мәжіліс Үкімет әзірлеген жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Құжат әрі қарай да қаралып жатыр.
Оған сәйкес, банк секторы мен ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығын 25%-ға дейін көтеру ұсынылып отыр. Корпоративтік табыс салығы өссе, ипотека да қымбаттай ма? Осы тақырып төңірегінде шолу жасадық.
Ұлттық статистика бюросы биылғы наурызда баспана бағасы қалай өзгергенін жариялады. Бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 5,9%-ға өскен. Ал қайталама нарықтағы пәтерлер бағасы 6,7%-ға көтерілді.
Жылдық мәнде жаңа тұрғын үйлердің бағасы Павлодар (18%), Көкшетауда (15%) айтарлықтай өскен. Қайталама нарықта Атырау (15,8%), Павлодар (12,9%), Ақтөбедегі (12,7%) баспана өзге өңірлерге қарағанда қымбат екені белгілі болды.
Баспаналы болғысы келетін, осы мақсатта ақша жинап жүрген қазақстандықтардың нарықтағы өзгерістерді жіті бақылап отыратыны сөзсіз. Себебі қазірдің өзінде ипотекалық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмен деуге келмейді. Мұны депутаттар да айтып отыр.
Мәжілісмен Бақытжан Базарбектің сөзінше, бүгінде қарапайым халық үшін баспаналы болу қиын. Ол 23 жыл ішінде тұрғын үй бағасы 21 есе өскенін айтты. Депутат жаңа Салық кодексінің жобасында тұрғын үй бойынша жеңілдіктерді алып тастау жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл да нарықтағы бағаға әсер етуі мүмкін, деп алаңдайды ол.
Экономист Сапарбай Жобаев кез келген салық бағаға әсер етеді деген пікірде.
"Бірақ баға бәрібір сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде белгіленеді. Егер де тұрғын үй құрылысына банктердің табыс салығын бұрынғы 20 пайыздың орнына 25 пайыз қойылуы жалпы әсер етпейді десе де болар еді. Себебі ол тікелей салық банктің пайдасына ғана салынады. Бірақ біздегі банктер, квазимемлекеттік кәсіпорындар, құрылыс компаниялары өздерінің пайдасын көбейту мақсатында әр жылы, әсіресе, 2022 жылы зейнетақы қорының артық ақшасын құрылысқа бағыттаған кезде олар 40 пайызға дейін бағаны көтеріп, табысын көбейтіп алды. Сөйтіп олигархтық билік тұрғын үйдің бағасын шарықтатып алып, енді өздері үлкен табыста отыр деуге болады. Ал енді бүгінгі корпоративтік табыс салығына әсері бойынша онша көп емес", - деді ол.
Сарапшы ҚҚС-тың тұрғын үй құнына қалай әсер ететінін түсіндірді.
"Қосымша құн салығы мен жеке табыс салығында прогрессивті етіп жатырмыз. Ол да жалақыға әсер етеді. Тұрғын үй құрылысына, соңғы сұранысқа әсер етпеуі мүмкін. Ал енді қосымша құн салығы бұл тікелей әсер ететін жанама салық. Алайда оның бір-ақ жыл әсері бар. Мысалы, келесі жылы ҚҚС 12 пайыздың орнына 16 пайыз болса, тұрғын үйдің инфляциясы 10 пайыз болса, соның 3-4 пайызы ҚҚС-тың әсері деп айтсақ болады. Тұрғын үйдің бағасы өседі, бірақ халықтың сұранысына әсері аз болады", - деп атап өтті экономист.
Сапарбай Жобаев қазір ипотекалық несие қарапайым халықтың біразына қолжетімсіз екенін баса айтты.
"Себебі 2021-2022 жылдарда баға шарықтап кетті. Халықтың осал санатына баспана қолжетімсіз. Ипотекалық несие алу үшін Отбасы банкке жүгінетіндер көбірек болады. Себебі халыққа үй бәрібір керек, пәтерді жалға алғаннан гөрі, өзінің үйі үшін төлеген жақсы деп көбі ипотекаға жүгінетін болады. Мемлекеттік ипотека бар және коммерциялық банктердің ипотекасы бар. Банктердің ипотекасына сұраныс азаюы мүмкін. Бай-бағландарға айырмашылығы жоқ. Олар үйлерін көбірек алып, өзінің табысын тауып отыр. Осал топқа жататын жандарға бюджеттен жәрдем беру керек. Олардың бәрі үй кезегінде тұр. Мәселе соларда. Арасында бюджеттік ұйымдарда, әкімдікте жұмыс істеп, табысы жақсы адамдар да бар. Олар да кезекте тұр. Оқытушы болса да, бюджеттік ұйымда істесе де, олардың егер де табысы жоғары болса, оларды кезектен шығару керек деген пікірлер де айтылып жатады. Сонда баспанаға мұқтаж жандарға атаулы жәрдем беруге бюджеттің мүмкіндігі болады", - деді сарапшы.
Сөзінше, банктердің ипотекалық пайыздық мөлшерлемелері жоғары, сондықтан халық оларға көп жүгіне бермейді. Пайыздарының жоғары болуына базалық ставка әсер етеді. Банктер оның үстіне маржаны қосады.
Осы тұста салық реформасындағы күтілетін өзгерістер әсерінен баспана нарығы тұралап қалмай ма деген сұрақ келеді.
"Бізде сұраныс өте үлкен. Сұраныс көп болған жағдайда, баға да өсе береді. Бізде жан басына шаққанда 21 шаршы метрден келеді, оны ең болмаса 30-35 шаршы метрге жеткізу үшін 15 жылда жылына 20-21 млн шаршы метр тұрғын үй салу керек. Қазір салынып жатқаны – 17-18 млн шаршы метр", - деді экономист Сапарбай Жобаев.