Энергетик ішкеннен азқазаннан қан кетіп, жүйкесі тозғандар көбейді

Алматылық хирург энергетикалық сусындардың зияны туралы айтты.  

Энергетик ішкеннен азқазаннан қан кетіп, жүйкесі тозғандар көбейді Фото: yandex.kz

Энергетикалық сусындар - кофеині жоғары қуат беретін сусындар. Көптеген адам мұндай сусынды сергу үшін ішеді. Ал ол қауіпсіз бе? 

Энергетикалық сусындарды ішуді ұнататындардың барлығы дерлік бұл сусында кофеин көп екенін біледі, бірақ тәуекелді елемей ішуді жалғастыра береді. Иә, кейбір адамдар кофеиннің болғанын жақсы көтереді, әрі бұл оларға қосымша қуат береді.

Дәрігерлердің энергетикалық сусындарды зиян деуі әзірге еш нәтиже бермеді. Млн-даған адам оның денсаулығына қаншалықты кері әсер ететінін білсе, сусынды ішуді тоқтатар еді. 

Терапевтер, кардиологтар ғана емес, тіпті хирургтар да энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану мәселесімен жиі ұшырасады. Энергетикалық сусынды ішу нәтижесінде хирургиялық патологиясы бар науқастардың көбеюі байқалған.
Баймаханов Абылай Ниятұлы – жоғары санатты хирург дәрігер, №4 қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істейді, ол С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры. 

Хирургтың айтуынша, энергетикалық сусындарды жиі ішкен кей науқастар реанимация біліміне түсіп жатады.


Фото: Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 
"Клиникамыздың жедел хирургия бөлімшесіне күн сайын науқастарды қабылдауды жүргізе отырып, соңғы кездері асқазанның жедел ойық жарасы мен эрозиясынан жедел қан кетудің ауыр түрімен түскен жас жігіттерді байқадым. Сондай-ақ, қабылдау бөліміне іштің түсініксіз ауыруы, жүйке ауруларының қозуы, мазасыздану, жүрек айнуы, дәреті бұзылған жас жігіттер жүгінеді. Бұның бәрі абдоминальды органдардың жедел хирургиялық ауруларын диагностикалауда қиындықтар тудырады, хирургтар мән-жайды анықтау үшін диагностикалық лапароскопияға жүгінетін жағдайлар болады. Барлық дерлік жағдайды талдап, сөйлескен кезде көп адам энергетикалық сусынды күніне 3-4 банкаға дейін ұзақ уақыт қабылдағанын атап өтті", - дейді профессор Абылай Баймаханов. 

Энерготониктің жоғары қышқылдығы және осы газдалған сусындағы шамадан тыс қант мөлшері асқазанның тітіркенуін, ауырсынуын және метеоризмді тудыруы мүмкін. Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин ауыр гастрит тудырады, бұл асқазан, ішекте қабыну, ауырсыну, жаралар мен эрозиялар және қан кету сияқты белгілерді тудыруы мүмкін.

Өздеріңіз білетіндей, энергетикалық сусындардың құрамында кофеин мен таурин бар, олар еш қайтарымсыз дененің резервтік қуат қорын пайдаланады, ал оны шамадан тыс тұтынған кезде адам ағзасына зиян келіп, ағза әбден сарқылады. Энергетикалық тониктің кері әсері анықталды - жалпы әлсіздену және апатия, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесінің күйіне кері әсері және сусынды шамадан тыс ішкен кезде ол гипертониялық кризді, тахикардияны және жүрек аритмиясын тудыруы мүмкін.

"Бүгінде ата-ана мен мемлекет тарапынан жеткілікті бақылаудың жоқтығынан жасөспірімдер кез келген сауда нүктесінен энергетикалық сусынды сатып ала алады. Біздің өскелең ұрпақ энергетикалық сусынның зиянды әсерінен хабардар болуы керек, оны ішу процесін олардың өздерінен басқа ешкім бақылай алмайды", - деп түсіндіреді дәрігер. 

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусынды ішіп көрген, кәмелетке толмағандардың шамамен 3%-ы күн сайын энергетикалық сусынды ішеді әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Кейіннен олардың көпшілігі үшін бұл тәуелділікке айналады. Балалардың 17,5%-ы энергетикалық сусынды аптасына бес-алты рет тұтынады. Сауалнамаға Қазақстанның 20 өңірінен 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам оқушы қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу