Энергия үнемдеуге – 3 млн доллар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2689

Елімізде энергия үнемдеу тұрғысынан тиімді жобаларды жүзеге асыруды көздейтін бизнес өкілдеріне қаржылай қолдау көрсетілмек.

Энергия үнемдеуге – 3 млн доллар

ҚР инвестициялар және даму министрлігі мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры бекіткен келісімнің негізгі мақсаты – осы. Мұндай бастаманы қолға алуға "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 59-қадамында көрсетілген міндеттер түрткі болған.

Сондай-ақ аталған жобаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан үкіметі Ғаламдық экологиялық қордың демеушілігімен атқарып отырғанын атап өткен абзал. БҰҰДБ мен ел үкіметінің бірлескен бағдарламасы "Төменкөміртекті дамуға орнықты қалалар" деп аталады. Бұл бағдарлама 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

"Біздің мақсат – энергия тұтынуды мейлінше төмендету. Сондықтан инвестор тартуымыз керек. Бұл еңсеруге болатын шаруа. Жобаны жүзеге асыруға Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы көмектеспек. Атап айтқанда, БҰҰДБ     3 млн АҚШ доллары көлемінде қаржылай грант бөледі. Кәсіпкерлерді қолдаудың бұл түрі Қазақстанда алғаш рет тесттік режимде іске асырылмақ. Қаржылай қолдау ең алдымен энергосервистік компанияларға беріледі", – деді ҚР инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рустам Ақбердин.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерелдің айтуынша, "Төменкөміртекті дамуға орнықты қалалар" бағдарламасының бірінші кезеңінде Қазақстанның 7 қаласы таңдалып алынған. Дәлірек айтсақ, Қостанай, Лисаковск, Теміртау, Орал, Тараз, Шымкент және Ақтөбе қалаларында қанатқақты жобаларға қатыспақ. Болашақта өзге де қалаларды қамту көзделіп отыр.

"Бағдарламаға шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Сонымен қатар энергосервистік қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де жол ашылып отыр. Мәселен, банктің орташа пайыздық мөлшерлемесі 15%-ды құрайды делік. Мұндай жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасынан қаржылау қолдау алатын кәсіпкер үшін пайыздық мөлшерлеме 5%-ды құрамақ. Бұл көлем Еуропа елдерінде жүзеге асырылатын жобалармен бірдей екенін атап өткім келеді. Сонымен қатар бағдарлама аясында жобалар жүзеге асырылатын қалаларға техникалық қолдау көрсетілмек", – деді Мунхтуя Алтангерел.

Мунхтуя Алтангерелдің сөзінше, жобалар әр тоқсан сайын конкурстық негізде іріктелмек. Техникалық және технологиялық тұрғыдан әлеуетті жобаларға басымдық беріледі. Сондай-ақ жобалар бағдарламаның талаптарына сай келуге тиіс. Парниктік газдың үлесін төмендетуге арналған жобалар экономиканың әлеуетті секторына енгізілмек. Бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылса, Қазақстан қалалары "жасыл экономикаға" көшпек.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұловтың айтуынша, кәсіпкердің қаржылай көмек алуға кепілдігі жеткіліксіз болса, несие сомасының 50%-ына дейін кепілдікке қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бағдарлама осы айдың соңына дейін іске қосылмақ.

"Қаржылай қолдау көрсету шараларына қойылатын талаптарды әзірлеу барысында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының қолданыстағы тетіктері пайдаланылды. Бизнеске тиімді механизм жасалып, барынша жетілдірілді", – деді Абай Сарқұлов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу