Еліміз жұмыртқа бойынша өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51%-дан 35%-ға дейін төмендетті. Соған қарамастан мал шаруашылығы саласының даму қарқыны еліміздің қолда бар әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Мал шаруашылығы өнімдерінің бірқатары бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Атап айтқанда, құс еті, ет және сүт өнімдері бойынша терең қайта өңдеу бар мүмкіндіктер тек өңірлік қана емес, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін әлемдік экспорттаушылардың арасында болуға мүмкіндік береді", – деді ол.
Талдау көрсеткендей, мал шаруашылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы жемшөп базасының жеткіліксіздігі болып табылады.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80%-ды, шырынды азықпен – 40%-ды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету – 50%-ды құрайды, дегенмен тұрақты даму үшін мал шаруашылығы, толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуға тиіс екені баршаға мәлім. Бұдан басқа, жайылымдық жерлердің өнімділігін жақсарту бойынша тиісті жұмыстарсыз, оларды қарқынды пайдалану салдарынан проблемалар бар", – деді министр.
Азық базасының проблемасын шешу мақсатында өткен жылы Министрлік жемшөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі.
"Алайда жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды іске асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ, мал шаруашылығын жемшөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда", – дейді Қарашөкеев.
"Бұдан басқа, мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудағы қазіргі қиғаштықтар, атап айтқанда, шаруашылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу бойынша міндеттемелер мен мотивацияның болмауы, субсидиялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатқа ие селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келді", – деді министр.
Нәтижесінде, жоғары технологиялық өнеркәсіптік бордақылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығындарымен, жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауымен аулалық бордақылау және сою өркендей бастаған.
"Тағы бір мәселе – мамандардың тапшылығы. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ветеринарлардан басқа, зоотехниктер, технологтар, селекционерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, өндірістік құс шаруашылығында кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай байқалады. Сонымен қатар жас мамандарды жергілікті жерлерге бекіту мәселесі өткір күйінде қалып отыр", – дейді министр.
Жасын Қалибек