Ешқандай президентпен кездеспеген "президент"

6064

Ким Чен Ын Оңтүстік Корея делегациясын қабылдады.

Ешқандай президентпен кездеспеген "президент"

Дүйсенбі күні Оңтүстік Корея президенті Мун Джэин Пхеньянға ресми делегация жіберді. Ал, Солтүстіктің лидері Ким Чен Ын Сеулден жеткен мәртебелі меймандарды қошеметпен қарсы алды. Коммунистік мемлекет өкілдерінің сөзіне сенсек, екі жақтың арасында "жүрекжарды" әңгіме болған. Сеул де  "түңілдірмейтін келіссөздер" өткенін мәлімдеп отыр.

Солтүстіктің жас лидері билікке келгелі, алғаш рет Сеулден жеткен лауазымды адамдармен жеке отырып, тілдесіп отыр. Және де бұл жүздесу тараптардың бірнеше жылдан бергі зымырандық сынақтар мен ядролық қауіптен кейінгі байланыстарын жақсартуға ұмтылысын аңғартқандай.

Солтүстік Корея мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, кешкі дастархан басында  Ким "екі ұлтты біріктіру жолында тарихтың жаңа бетін жазу" ниетін білдірген. Ресми Сеулге жүгінсек, кездесу төрт сағатқа созылды.

Аймақтағы жағдайды бақылап отырған кейбір сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Корея Оңтүстікпен қатынасын жақсарта отырып, АҚШ бастаған халықаралық санкциялар мен қысымдарды жеңілдетуден үмітті. Сонымен қатар, Ким Чен Ын осындай диалогтар арқылы экономикалық эмбарголар шымбайына бата бастаған халқы алдында өз образын жақсартудан үмітті.  

11 жылдан кейінгі тарихи кездесу
Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы "жылымыққа" Қысқы Олимпиада (Пхенчхан-2018 – авт.) себепші. Сеулдің ендігі үміті – түбектегі ядролық тайталасты әлісірету мақсатында Пхеньян мен Вашингтонды келіссөздерге ынталандыру.  Ал, өткен айда Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президентіне бірлесіп саммит өткізуді ұсынды. Болжамдарға қарағанда, либерал Мун Джэин Пхеньянға аттануға қарсы емес. Бірақ, ол үшін Мун ең алдымен Оңтүстіктің басты одақтасы әрі әскери қорғаушысы АҚШ пен Солтүстік Корея байланыстарын біршама жақсартуы қажет.

Іргедегі жауы - Сеулден жеткен делегацияны қабылдаған сәтте Кимнің жүзінен ризашылық байқалды. Ол камераның алдында оңтүстіккорялық өкілдермен күлімдеп тұрып суретке түсіп, іле-шала келіссөздерге төрағалық етіп, отырыстың "патриоттық және шынайы атмосферада" өткенін мәлімдеді. Жылы жүздесу нені білдіреді? Бәлкім,  шын мәнінде Ким қас-қағым сәтте Америкаға жетіп баратын ядролық ракеталары жайында Құрама Штаттармен сөйлескісі келетін шығар? "Қазір Вашингтон мен Сеулде талай адам осы сауалға жауап іздеп отыр", - деп хабарлайды "Ассоушиэйтид пресс" агенттігі.

Келіссөздерден кейін Пхеньян бірнеше фото жариялады. Оларда Мао стиліндегі қара костюм киген Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның ұлттық қауіпсіздік мекемесінің директоры және Мун жіберген 10-адамдық делегация жетекшісі Чунь Ю-яньмен қол алысып тұр. Айта кету керек, соңғы рет Сеул Солтүстікке өз делегациясын 2007 жылы жіберіп, сол кезде екі жақ экономикалық және өзге де байланыстарды ілгерілетуге келіскенді. Бірақ, 2008  жылы Оңтүстік Кореяда билікке келген консерваторлар Солтүстікпен арадағы сауда қатынастарын қысқартты. Оған Пхеньянның ядролық қаруды дамыту әрекеттері себепші.

 Америкамен "тең" ядролық держава
Вашингтонмен келіссөздер демекші, Ақ үй Обама әкімшілігі жіберген қателіктерді қайталамайтынын бірнеше рет ескертті. Президент Дональд Трамп мәлімдегендей, бұрынғы диалогтар пен санкциялар Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтата алмады. Сондықтан, Құрама Штаттар Пхеньян атомдық бағдарламадан бас тартқаннан кейін ғана, Ким Чен Ын режимімен келіссөздер үстелінің басына отырмақ. Америкалықтардың ойынша, Солтүстік Корея жанына бата бастаған санкцияларды әлсірету үшін онымен сөйлесуге әзірлік білдіріп отыр. Және де, келіссөздер басталған күннің өзінде, Вашингтон Солтүстік Кореяның ядролық қару кешені толық бұзылғанша оған қарсы "максимум" қысым мен экономикалық шектеулердің күшін жоймақ емес.

Солтүстік Корея болса, диалогты бастау үшін алдын-ала шарт қоюға наразы. Кимнің ойынша, Америка оның елімен "тең" ядролық держава  ретінде сөйлесуі керек. Сонымен қатар, ресми Пхеньянның сөзінше,  АҚШ Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығулар өткізіп, Солтүстікті атомдық арсенал жасауға мәжбүрлеп отырғанда, Вашингтонмен келіссөз жүргізу мүмкін емес.  

Ким Чен Ын ядролық және зымырандық сынақтарды әкесі 2011 жылы қайтыс болып, өзі мемлекет тізгінін қолға алғаннан кейін жиілетті. Былтыр қараша айында құрлықаралық баллистикалық ракета ұшырғаннан кейін ол "атомдық түймешікті" басып қалса, Құрама Штаттардың тас-талқанын шығаратынын жариялады. Ал, АҚШ-тың ресми өкілдерінің сөзінше, осылайша Солтүстік Корея режимі ядролық оқтұмсықпен жабдықталған зымыран жасаудың қауіпті шегіне жетіп отыр.

"Құпия" тұлға
Ким Чен Ын биыл 34 жаста. Ол - әлемнің ең жас әрі халықаралық аренадағы ең саяқ диктаторларының бірі. Осы күнге дейін Ким мырза Қытай мен Куба елшілерімен және Американың баскетбол жұлдызы Дэннис Родманмен кездескені ғана мәлім. Ал, іргедегі Оңтүстік Корея өкілдерімен ол алғаш рет жүздесіп отыр. Бозбала шағында Швейцарияда оқығаны болмаса, Ким Чен Ын билікке келгелі бірде-бір шет мемлекеттің басшысымен кездеспеген.

P.S. Осы материал әзірленіп жатқанда, Кимнің Корей түбегіндегі шиеленісті азайту жолында "іс-қадамдар" жасауға бұйрық бергені белгілі. Оңтүстіккореялық делегация болса, Пхеньянда өткен тарихи кездесудің нәтижесімен Вашингтонға аттануды жоспарлап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу