Ешкі сүтінен дайындалатын балалар тағамы – атыраулық бренд

10877

 Ешкі фермасы жанынан ашылған кәсіпорын 12 түрлі өнім шығарып отыр.

Ешкі сүтінен дайындалатын балалар тағамы – атыраулық бренд

Атырауда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде үлкен сұранысқа ие болған ешкі сүтінің өнімдері Махамбет ауданында өндіріледі. Бұл елімізде ешкі сүтін өңдеуді қолға алған тұңғыш кәсіпорын. Алғашқыда Сербиядан голландиялық асыл тұқымды 500 бас лақ әкелінген. Келешекте шаруашылық шекшек ата тұқымын 2 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұл фермада қазір 300 бас ешкі бар. Олардан тәулігіне 600 литр сүт алынып жатыр. Шаруашылық Алматы ауыл шаруашылығы университетімен бірлесіп, өнімнің жаңа түрлерін, әсіресе балалар тағамын шығаруды қолға алған. Ешкі сүтінің ана сүтін алмастыратын таза да табиғи қасиетін ескерсек, өте пайдалы өнімнің нарыққа шығатын күні алыс емес. Келешекте, жаңа өнім түрі сыртқы нарыққа, атап айтқанда Ресей нарығына шығатын болады.

Ешкі шаруашылығы өте қолайлы салалардың бірі. Олар климатқа тез бейімделеді, тез көбейеді. Жылына екі мәрте төлдейді. "Қойдың сүті – қорғасын, ешкі сүті – ем" деген сөз бар. Ол иммун тапшылығын қалпына келтіріп, көптеген аурулардың алдын алуға пайдалы. 

"Мақсатымыз – ешкі сүтінен балаларға арналған жаңа тағам түрін өндіріп, өнімді ЕАЭО нарығына шығару. Бізде оны қамтитындай сүт көлемі бар. Қазір мал басы 1 мыңнан асты. Біз ешкіні өзіміз сауып, сүтін өңдейміз. Біз сырттан өнім сатып алмаймыз. Біздікі табиғи таза өнім", – дейді шаруашылықтың атқарушы директоры Төлеген Жәшімов.

Асыл тұқымды ешкілер Атырау өңіріне әбден жерсінген. Қазір отарға 250 бас лақ қосылыпты. Шекшек ата тұқымының сүтінен дайындалатын өнім түрлері ағзаға өте пайдалы. Сондықтан, табиғи таза өнімнің сапасына зор мән беретін шаруашылық, аша тұяқтылардың денсаулық жағдайын толық басқарып отыратын микрочип орнатқан. Яғни шаруашылық цифрлық технологияға негізделіп жұмыс жасауда.

"Шаруашылыққа енгізілген жаңа технология жұмысымызды жеңілдетті. Біз 3 бағытта қызмет атқарамыз. Фермаға арнап жасақталған арнайы бағдарлама арқылы бақылау жүргіземіз. Ол соның ішінде зоотехниктердің, зертханашылар мен сауыншылардың жұмысын жеңілдетті. Зертхана мен сауыншылар ешкі тұяғына орнатылған арнайы чип арқылы оның денсаулығын, күніне, айына қанша литр сүт берді, сүттің құнарлылығын және малдың қайда жүргенін бақылап отырады", – дейді асыл тұқымды шаруашылық жетекшісі Тамила Розметова.

Табыс көзін тапқан шаруалар келешекте өндіріс көлемін де ұлғайтуды жоспарлап отыр. Егер мал басы 2 мыңға жетсе, одан тәулігіне – 2 мың литр сүт, 40 түрлі өнім алуға болады екен. Оған толық жағдай да бар. Себебі, фермада шикізатты дайын өнімге дейін өңдейтін желі толықтай автоматтандырылған.

Қыста – қорада, жазда жайылымға шығатын ешкілердің күтімі ерекше. Сүттен көктің дәмі шықпас үшін оларға жемнен бөлек, алма мен сәбіз беріледі екен. Зауыттағы мамандар Италия мен Ресейде білім алып, біліктіліктерін арттырып отырады.

Сүт өнімдерінің құтылары да кәсіпорынның өзінде дайындалады. Мәселен пластикалық капсулалар 80 градус ыстық пеште балқытылады.

"Ешкілердің қазақы ешкілерден ерекшелігі сол, сүтті мол береді. Бұлар күніне 8 литр сүт береді. Таңертен – 4 литр, кешке – 4 литр. Тағы бір ерекшелігі, бұлар тазалықты қалайды. Үш мезгіл үш түрлі жем жейді. Сүттен ірімшік, құрт, сарысу, айран өндіреміз. Әсіресе, ешкінің сарысуын бізден басқа ешбір жерде өндірмейді. Диеталық сусын асқазан аурулары мен қант диабетімен ауыратын адамдарға өте пайдалы", – дейді "Сарайшық" ЖШС директорының орынбасары Гүлім Жұмағалиева.

Ешкінің сүтінен жасалған ірімшік – Атыраудың бренді. Қазақстанда баламасы жоқ. Біз ірімшіктің жасалу технологиясы мен құрамының құпиясын Тамила Розметовадан сұрадық.

"Сауылған ешкінің сүті алдымен қайнатылады. Ол салқындатылған соң, ашытқы қосылып, ірімшікке айналады. Одан кейін салқындатылған бөлмеде, арнайы аппараттардың көмегімен тығыздалып, 12 сағат салқын температурада қатырылады. Дайын болған өнімді бірден қолдануға болмайды. Ірімшік 2 ай бойы 16 градустық салқын температурада сақталып, содан кейін барып жеуге ұсынылады. Ешкі сүтін өңірдегі барлық балабақша, мектеп және ауруханаларға жеткіземіз", – дейді "Сарайшық" ЖШС бас директоры Тамила Розметова.

Ия, ешкі сүті 99 ауруға ем деседі. Жайылғанда емдік шөптерді талғап, теріп жейтін төлдің сүті дәрумендерге бай. Ешкі сүтін Гиппократ құрт ауруымен ауырғандарға ем ретінде ішуді ұсынған екен. Медицина атасының ақылын Атыраудың ақ халаттылары да ұстанып жүр. Дәрігерлердің пайымынша, сары су мен ешкінің айраны артық салмақ тастауға септігін тигізеді. Суық тигенде де пайдасы мол. Қатерлі ісіктің алдын алады. Сонымен бірге, келіншектер жүкті кезінде ешкі сүтін ішсе, баланың сүйектері мен тістері жақсы дамитыны дәлелденген.

"Ешкі сүті құрт ауруының алдын алуға, оны емдеуде таптырмас сусын, ағзадағы токсиндерді шығаруға көмектеседі", – дейді Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігері Алтын Ушумова.

Ешкі сүті әлем елдерінің денсаулық сақтау саласында да кеңінен қолданыс тапқан. Мәселен, Өзбекстанда ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшін сүтті ешкілер арнайы өсіреледі екен. Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез бен рахитке шалдыққандарды ешкі сүтімен емдеу тәжірибесі бар. Итальяндық, канадалық дәрігерлер де бір ауыздан ешкі сүтінің адам денсаулығына оң әсер ететін мойындаған. Ешкінің шипалы сүті атыраулықтардың да сүйікті сусына айналды.

Экологиялық таза өнімге қазірдің өзінде сұраныс мол. Еліміз бойынша тұңғыш қолға алынған асыл тұқымды ешкі фермасы өзге де өңірлердің қажетін өтеп келеді. Сондай-ақ 30 пайыз өнім экспортқа шығарылады.

Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу