"Парламент Мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі – белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі, өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің "өзім білемдікке" салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады. Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы Сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? "Еститін Үкімет" қағидатын ұстануды тапсырған Мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма?", - деді Мәжіліс депутаты.
Ринат Зайытов қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет азаматтарды жеке қабылдауға міндетті екенін жеткізді.
Айтуынша, тиісті заңдарды орындауда мемлекеттік органдар салғырттық танытып отыр.
"Сонда жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Халықтан қашпаңыздар. Сіздерден аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруларыңызды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етулеріңізді, тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Парламент Мәжілісі регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін", - деді депутат.
Ол әр арызданушының материалы мен оларға байланысты шыққан үкімдерді қоса жолдайтынын жеткізді.