Есігін ашпайтын "Эйр Астананың" тірлігі үшін заң өзгертіле ме?

3956

Кейбір алпауыттар тексерумен келген антимонополистерді есігінен де қаратпай қойыпты. Сондықтан ел Үкіметі монополияға қарсы органның нұсқамасын орындамау және тергеуге қатысы бар аумаққа кiруге кедергi жасау үшін жазаны күшейтпек.

Есігін ашпайтын "Эйр Астананың" тірлігі үшін заң өзгертіле ме?

Тиісті заң жобасы әзірленді. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, бұл заңнамалық өзгерістер тергеу объектілерінің жауапкершілігін арттыруға, олардың антимонополиялық органның лауазымды тұлғаларын орынжайына және аумағына енгізбегені үшін жаза белгілеуге бағытталған.

Әйтпесе, меморганның пікірінше, аумаққа кіргізбеу арқылы тергеу объектілері "бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы, соның ішінде картельдік келісімдер жасау кезіндегі бұзушылық фактілерін алдын ала жоюы немесе жасыруы мүмкін".

Ішке кіргізгеннен айыппұл төлеген арзан

Ведомство нақты мысалдар келтірді.

"Мысалы, 2019 жылғы 14 маусымда "Бипэк Авто Қазақстан" АҚ-ы тергеп-тексеру жүргізген антимонополиялық органның лауазымды тұлғаларын өз кеңселері мен үй-жайларына кіргізуден бас тартты. 2019 жылғы 31 қазанда "Эйр Астана" АҚ-ы тергеу жүргізген монополияға қарсы органның лауазымды тұлғаларына компанияның ақпараттық жүйелеріне қол жеткізуге рұқсат беруден бас тартты. Сондықтан Алматы қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (МАӘС) 2019 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен "Эйр Астана" АҚ-ына 4 млн 40 мың теңге айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты", – деп хабарлады ведомство.

Алайда әуе компаниясы осыдан кейін әлгі әрекетін қайталаған.

"2019 жылғы 14 қарашада антимонополиялық органның тексеру жүргізген лауазымды тұлғалары "Эйр Астана" АҚ-ы қызметкерінің дербес компьютерін қарап, электрондық құжаттардың көшірмелерін алмақ болды. Алайда компания меморганның лауазымды тұлғаларын өз объектісінің аумағына кіргізуден бас тартты. Алматы қаласы МАӘС-тің 2019 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен "Эйр Астана" АҚ-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оған 8 млн 80 мың теңге айыппұл салынды", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Меморганның байламынша, заң бұзушыларға, әсіресе ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тексерушілердің өз нысандарына кіруіне рұқсат бергеннен гөрі одан бас тартып, сол үшін айыппұл төлей салу оңай әрі экономикалық тұрғыдан тиімдірек. Себебі айыппұл Әкімшілік кодексте нақты бекітілген. Ал егер қандай да бір алпауыт антимонополистерді ішке кіргізсе және олар өз тексерістерінің қорытындысында оның монополияға қарсы заңнаманы бұзғанын, картельдік заңсыз келісімге барғанын дәлелдесе, онда ол компания кірісінің 5%-ы тәркіленеді. Яғни жаза-санкция әлдеқайда ауыр болады.

Сол себепті Әділет министрлігі алпауыттардың бұл тірлігіне тоқтау салмақ. Осы мақсатта есіктен енгізбеу үшін айыппұл орнына "айналымдық айыппұл" (оборотный штраф) енгізу де ұсынылды.

"Осындай әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауды барынша азайту мақсатында тергеп-тексеру жүргізетін лауазымды адамдарды тергеу объектісінің үй-жайлары мен аумағына кіргізбегені үшін ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуді орынды деп санаймыз. Бұл ретте тексеру объектісінің аумағына жібермегені үшін айналым айыппұлын енгізу көзделеді, бұл Еуропалық одаққа кіретін дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді", – деп мәлім етті әділет ведомствосы.

Еуропа үлгісіне жүгінген жөн

Шынында, Еуропалық одақ Кеңесі регламентінің 23-бабына сәйкес, егер кәсіпорын әдейі немесе немқұрайлы қарап, тиісті комиссияның сұрауына белгіленген мерзімде ақпарат ұсынбаса, толық емес ақпарат берсе немесе жалған мәлімет ұсынса, онда комиссияның шешімімен ол кәсіпорынға "алдыңғы қаржы жылындағы жалпы айналымының 1%-ы мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін". Бұл миллиондаған долларлық сома.

Еуропада кәсіпорын тексеру жүргізуге рұқсат етпей қойса да, дәл осындай айналымдық айыппұл қарастырылған.

Айтқандай, ЕО регламентіне сәйкес, комиссия тексеру жүргізуге уәкілеттік берген лауазымды тұлғалар ғана емес, сондай-ақ оларға ілесіп жүретін тұлғалар да кәсіпорынның кез келген орынжайына, бөлмесіне, жер учаскелеріне және көліктеріне кіруге құқылы.

Ал бізде антимонополистер тексеру объектісіне кіре алмай, тауы шағылып қайтады екен.

Қалай болғанда, Әділет министрлігі өз түсініктемесінде "Эйр Астананы" елде қалыптасқан проблеманы ашып көрсету үшін ауызға алса керек. Бұл жағдай компания беделіне нұқсан келтірмейді.

Өйткені Air Astana тәуелсіз Қазақстанның табысы, ел мақтанышы, экономика ұстыны саналады.

2021 жылы Air Astana компаниялар тобы 6,617 миллион жолаушыны көздеген жеріне жеткізіпті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 79%-ға көп. Соның ішінде Эйр Астананың жеке өзінің тасыған жолаушылар легі 59%-ға ұлғайып, 3,555 млн адамды құрады.

Ал FlyArystan көрсеткіші 109%-ға өсіп, 3,062 млн жолаушыға жетті.

Бұдан бөлек, 2021 жылы Air Astana компаниялар тобы тұрақты бағыттар бойынша 12 072 тонна, ал чартерлік бағыттар бойынша 6 700 тонна жүк тасыған екен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда тиісінше 30% және 45%-ға жоғары.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу