Ескі ереженің әлегі

Қажет Андас Қажет Андас
2176

Жетісулық кәсіпкерлер тоғыз жыл бұрынғы су құбырын қабылдау ережесіне наразы.

Ескі ереженің әлегі

Яғни, "Жетісу су құбыры" компаниясы 2007 жылы қабылдаған ағын суды қабылдау ережесін бүгінгі күннің талап-мүддесіне күшпен қолданып, кәсіпкерлік субъектілерінің қалыпты қызмет көрсетуіне кедергі келтіріп отыр.

Бұл жағдай Талдықорған қалалық мейрамханалар желісінің иесі, кәсіпкер Рустам Хакимовтың су құбыры қызметіне қатысты наразылығын білдірген соң белгілі болды. Осыдан кейін тоғыз жыл бойы түрлі қысым мен заңсыз тексерістен көз ашпай келген кәсіпкерлер өре түрегеліп, өздерінің құқығын қорғаудың жолын қарастыра бастады. Осы келеңсіздік төңірегінде зерделеу барысында біз осы саланың бірқатар маманымен кездесіп, кәсіпкерліктің қадірін қашырып келген көне ереженің көлеңкелі тұстарын бағамдадық.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Рақым Жанысовтың айтуынша, қазір су құбыры өз қызметін "Өндірістік ағын суларды Талдықорған қаласы кәріз жүйесіне қабылдау ережелері" бойынша атқарып келеді. Ережедегі тармақтардың бірінде концентрацияның шекті мөлшерінен асып кеткен ластанған ағын суды жібергені үшін қосымша төлем төлеу қарастырылған.

Тағы бір жағынан, зиянды заттардың рұқсат етілген концентрациясын есептеу кезінде кәсіпорын 2007 жылы бекітілген ережеге сүйенеді. Сол жылы осы ережеге мемлекеттік сараптама мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қорытындысы берілген. Алайда, бұл ереже ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы бұйрығында көрсетілген жаңа талаптарға сәйкес келмей отыр.

Сондықтан көптеген кәсіпкер аталған талаптардың негізділігіне сенбейді. Сондай-ақ, есеп-қисап әдістемесін анықтауға қатысты, рұқсат етілген шекті концентрация қандай нормативті құжатқа сай анықталады және бұл мөлшер санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының аумақтық бөлімшелерінің келісімімен бекітілген бе деген бірқатар сұрақ туындатты.

Қалай десек те, "Жетісу су құбыры" күшін жойған нормативтік құқықтық құжаттар негізінде әзірленген ескі құжаттарды пайдаланып отырғаны айдан анық. Оны дәлелдеудің сан түрлі жолы бар. Бастысы, бұл ережелер мен есептер 9 жыл бұрын жүргізіліп, Талдықорған қаласы бойынша 2007 жылғы анықтамалық мәліметтер негізінде бекітілген.

Мысалы, қолданылып жүрген ағын сулардағы ластайтын заттардың рұқсат етілген шекті концентрациясында май 23.0 мг/литр болса, жаңа норматив бойынша биологиялық тазалауға арналған рұқсат етілген концентрацияда май 50 мг/литр. Тұрмыстық тұтынушылар үшін орташа мөлшер 30-50 мг/литр.

Сондықтан, қолданыстағы шекті концентрацияның ескі нормативі қала кәсіпкерінен қаржыны заңсыз алуға себеп болады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ластанған судың мөлшері тоғыз жылдың алдындағы жағдайымен мүлдем басқаша. Экологияға тигізер зияны да шаш етектен. Ал көр санды адамдар бұл туралы ойланғысы келмейді. Керісінше, тексеріс сайын айыппұл төлеп, шаруасын мандыта алмаған кәсіпкерлердің наразылығы көбейіп келеді.

Айта кетейік, "Жетісу су құбыры" кәсіпорынның тазарту ғимаратының басшысы Алла Квон да жұмыс барысында тоғыз жыл бұрынғы құжаттың қолданылатынын растады. Оның айтуынша, өндіріске жаңа талаптар қойылғанымен, ескі ережедегі көрсеткіштер сол қалпында орындалады.

Алайда 2007 жылдан бері халық саны, қаланың кәсіпкерлік субъектісі, зиянды заттардың химиялық құрамы және басқа да химиялық, техникалық көрсеткіштер өзгергенін ескерсек, есептеудің жаңа әдістемесін қолданудың жаңа тәртібіне көшкені жөн. Ол үшін бүгінгі күннің талабына нақты жауап беретін ағын суларды қабылдаудың жаңа ережесін әзірлеген жөн. Алайда билік пен кәсіпкерлер арасындағы түсініспеушіліктің кесірі бұл мүмкіндікке жуық арада жеткізбейтіні көрініп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу