Ескі жыл несімен есте қалды?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3845

Ел дамуының келесі 25 жылдық кезеңіне қадам бастық.

Ескі жыл несімен есте қалды? Фото: altaynews.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат төрағасы:

– Біз еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алған межелі кезең – 2016 жылды да тарих қойнауына шығарып салдық. Бұл – Қазақстан халқының Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегінің ширек ғасырлық белесін қорытындылаған мерейлі жыл болды.

Жуырда парламент саяси-құқықтық құжат – "Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы" декларациясын қабылдады. Онда еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен жемістері айшықталғанын, азат мемлекетімізді құруға және қалыптастыруға ерен еңбек сіңірген елбасының кемеңгерлік қызметіне тарихи баға берілді.

Биылғы мерейлі жыл ішінде парламентте зор әрі мәнді жұмыстар атқарылды. Жыл басында сайлау өткенше және 6-шақырылымдағы жаңа парламенттің 1-сессиясы басталғанға дейін сенат заң шығарушы орган функциясын бір өзі атқарды, Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеп, 57 заң жобасын уақтылы қабылдады. Осылайша, өзінің конституциялық өкілеттігін абыроймен атқарды.

Тұтастай алғанда, биыл парламент қабылдаған 100-ден аса заң "100 нақты қадам" ұлт жоспарын, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін көздейтін стратегиялық бағдарламаларды іске асырудың заңнамалық негізін толық қалыптастырды. Сенатта халықты толғандырып жүрген өзекті тақырыптарға арналған бірқатар маңызды іс-шара табысты өткізілді. Еуразиялық одақ пен ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жол қозғалысы саласын құқықтық реттеу және еліміздегі биологиялық әралуандылықтың сақталуын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда өткір мәселелер талқыланды, осы бағыттарда жұмысты жандандыру бойынша мемлекеттік органдарға нақты нұсқау берілді.

Сенат 2016 жылды өз қызметінің барлық бағытында жақсы нәтижемен аяқтап отыр.

Елбасы айтып өткендей, біз ел дамуының келесі 25 жылдық кезеңіне қадам бастық. Президент тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған салтанатты жиындағы сөзінде парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойды. Алдағы уақытта осы маңызды мәселе жан-жақты әрі терең зерделеніп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Бақытбек Смағұл, мәжіліс депутаты, "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы:

– Биылғы жыл ұлт тарихындағы айшықты белес – азаттықтың 25 жылдығы аясында өткенін ескерген жөн.

2016 жылғы ең бір елеулі оқиғалар арасынан парламент сайлауын атап өтуге болады. Сондай-ақ мәжіліс тізгінін қайтадан білімі кемел, білігі кенен, тәжірибесі терең саясаткер әрі мемлекет қайраткері Нұрлан Нығматулин өз қолына алды.

Елеулі оқиға ретінде елбасы бастамасымен құрылып, 2016 жылдың мамырынан тамыз айының ортасына дейінгі аралықта жұмыс істеген жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысын атап өтер едім. Комиссия жұмысының арқасында билік пен халықты топтастырар шешімдер қабылданды.

Өз басыма келер болсам, биылғы жыл мен үшін ерекше болды. Үш кітабым – "Қаһарман – Герой", "Қолбасшы күнделігі – Дневник полководца", "Тағдыр тозағы – Ад судьбы" атты үш кітабым басылып шықты. Бұлардың әрқайсысы – ұзақ жылдар бойғы ізденістің, тұла бойды буған толғаныстың нәтижесі.

Биыл он жыл күткен бастамам жүзеге асты. Армиядағы аса маңызды мәселе – сәлемдесу рәсімі. "Сәлем – сөздің анасы" дейді халық даналығы. Ал тәуелсіздік таңынан бертінге дейін біздің армиямызда "Сәлеметсіз бе?" деген сәлем қолданылып келді.

Содан мен 2006 жылдың 8 желтоқсанында Тұңғыш президент, Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып, "армысың!" деген батыр бабаларымыз қолданған байырғы сөзді бүгінгі заманға сай жаңғыртып, әскердегі сәлемдесу рәсіміне пайдалануға ұсыныс жасадым. Бұл бастамаға мемлекет басшысының әскери жиын-кездесулерде жауынгерлермен "армысыңдар, айбынды сарбаздар!" деп амандасуы арқау болған еді. Бұл ұсынысымды президент әкімшілігі қолдады.

Ақыры биылғы жылғы 2 ақпанда елбасы жарлығы шығып, "Қазақстан қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының "Ішкі қызмет жарғысында" әскери сәлемдесу өзгерді. Осылайша, биылдан бастап, салтанатты шерулерде "армысыздар, айбынды сарбаздар!", күнделікті әскери қызметте "армысыңдар, сарбаздар!", "армысыздар, офицер мырзалар!" деген сәлемдесу енгізіліп отыр. "Армысыз!" – әскери сәлемнің әрін де, нәрін де келтіретін, айбынын асқақтатып, айбарын арттыратын, әрі барлық этнос өкілдерінің (!) де айтуына оңай, бәріне бірдей етене, еркін ырғақты сөз. Әйтпесе, "Сәлеметсіз бе?" деп сызылған солдат оңа ма?!

Биыл сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің "Ар-Намыс кодексінің" тең авторы атандым.

Данияр Әшімбаев, саясаткер:

– Кетіп бара жатқан жыл маңызды биліктегі кадрлық ауыс-түйістермен ерекшеленді. Ұзақ жыл отырып, енді ауыспастай көрінген Үкімет отставкаға кетті, президент әкімшілігінің басшысы өзгерді, күш құрылымдарында басшылар ауысты, жаңа министрліктер құрылды. Бірақ бұларды да соншалықты "айрықша мәнді оқиғалар" деп атау қиын. Өйткені 2016 жылы саяси күштер, әртүрлі билік органдары мен билік айналасындағы топ-группировкалар арасындағы теңгерім-баланс белгілі бір тепе-теңдікті сақтады. Рас, кейде әткеншектей тербелгені байқалды: жыл бойында қандай да бір күштер күш алды, артынша әлсіреді. Басқалары да бірде көтеріліп, кейін еңсесі басылып отырды. Дегенмен, олардың барлығы ағымдағы құбылу аясынан шықпады, биліктегі күштердің ара-салмағын өзгертердей дараланбады. Бәрі алда болар.

Биылғы жылы мемлекеттік аппараттың әрі қарай төмендеген тиімділігі, әсіресе нашарлаған экономикалық жағдай аясында аса қатты байқалды. Басқарудағы кемшіліктер мен олқылықтарды жауып кететіндей бұрынғы миллиардтаған мұнай долларының ағыны жоқ. Биліктің кез келген шешімін қоғам сынап отырды. Біз мұны жер кодексі үлгісінде байқадық. Тіпті міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін де кейін шегеруге тура келді. Ел үкіметі сатуға салынатын салықтан бас тартты. Үштілділікті дендей енгізу жұмыстары бір орнында қалшиып қалды.

Мемлекеттік мүлікті жаппай жекешелендіру де, заңсыз табылған қаржыны заңдастыру науқаны да күткендегідей нәтиже әкелмеді.

Жалпы 2016 жылды ерекше серпінді жыл деп атау қиын. Жағдай айтарлықтай нашарлаған да, жақсарған да жоқ. Мемлекеттік аппарат тиімділігінің төмендеуі, жемқорлықтың артуы, радикалды көңіл-күйлердің өршуі, қоғамның әлеуметтік жіктелуі – көп жылдан бері белең алған құбылыстар тек жаңа мән мен жаңа аспектілерге ие болды. Президент биылғы салтанатты, қорытынды сөзінде Ата заңды өзгертуге дайындығын білдірді, демек алдағы жыл жаңалықтар әкелуі мүмкін.

Данияр Ақышев, ұлттық банк төрағасы:

– Меніңше биылғы жыл валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтауымен ерекшеленді. Әйтпесе доллар құны 400-ден асады деген болжамдар айтылған. Мен ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындалған 2015 жылғы қарашадан бері айырбас бағамы өте қатты құбылды. Сөйтіп 2016 жылдың ақпан айының соңына дейін теңге тағы 25%-дық девальвацияны бастан кешті.

Кейін валюта нарығындағы ахуал қалыпқа келді. Бұған бірінші кезекте қолайлы сыртқы факторлар ықпал етті: мұнай бағасы өсті, Қазақстанның сауда серіктестері саналатын елдердің валюталық нарықтарындағы жағдай тұрақталды. Сондай-ақ ұлттық банк ахуалды тұрақтандыру бойынша бірқатар қадам жасады. Қазір біз айырбас бағамының қалыптасуына араласпаймыз. 2016 жылдың қыркүйегінен бері ұлттық банк валюталық нарықта интервенция жүргізбейді.

Тағы бір оқиға ретінде ел экономикасын долларсыздандыруды атап өтуге болады. Халықтың және кәсіпорындардың шетелдік валютада сақтайтын салымдарының үлесі төмендеді.

Менің ойымша бұл үрдіс әрі қарай жалғасады.

Леонид Гусев, Ресей сыртқы істер министрлігі МГИМО Халықаралық зерттеулер институты талдау орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Кетіп бара жатқан жылдың посткеңестік кеңістіктегі ең басты оқиғасы – Өзбекстандағы президенттің ауысуы болды. 2 қыркүйекте инсульт салдарынан Ислам Кәрімов өмірден өтті. Халықаралық сарапшылар дәл осы мемлекеттен дәл осы мәселеде қауіп күткен. Бірақ биліктің ауысуы у-шусыз, тосын оқиғаларсыз, есеңгіреусіз өтті. Менің ойымша Шавкат Мирзиеев басқарған Өзбекстан Ресеймен, Қазақстанмен ынтымақтастығын жалғастырып, Батыс және Шығыспен қатынасын дамыту бағдарын ұстанады.

2016 жыл сондай-ақ Қазақстан парламентінің сайлауымен, осы елдегі үкімет басшысының ауысуымен ерекшеленді. Жақында Қазақстанда сыртқы істер министрі лауазымында Қайрат Әбдірахмановтың Ерлан Ыдырысовты ауыстырғанын білемін. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер және сауда министрлігі құрылуы мүмкін екенін хабарлап отыр. Осы жылы Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Орталық Азиядағы есте қалар оқиғалар арасында Қырғызстанда Қытай елшілігі аумағында ұйғыр экстремистерінің ұйымдастыруымен теракт болғанын атап өтуге болады. Қуанышқа орай бұл оқиға өңірдегі тұрақтылыққа кері әсерін тигізбеді. Түрікменстан мен Тәжікстандағы жағдай, жалпы алғанда, тұрақты қалпын сақтап отыр.

Қорыта айтқанда 2016 жыл Орталық Азия өңірі үшін тыныш әрі тұрақты жыл болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу