Эстрада театры, бомбапаналар, алтын, уран: Степногорды қалай түлетпек?

3023

Ел Үкіметі он жыл бұрын қолға алынып, ұмыт қалған моноқалаларды дамытудың жаңа шараларын бастады. 

Эстрада театры, бомбапаналар, алтын, уран: Степногорды қалай түлетпек? Фото: Википедия

Бірінші Президенттің тікелей тапсырмасымен, Мәсімов Үкіметі 2012 жылғы 25 мамырда "Моноқалаларды дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы" №683 қаулысын қабылдап, тиісті бағдарлама өмірге жолдама алған. Арада екі жыл ғана өткенде Кәрім Мәсімов 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен сол бойы орындалмаған бағдарламаның күшін жойып, орнына "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын" бекітті. Оған сол кезде рекордтық қаражат – орталық және жергілікті бюджеттерден шамамен 1,7 триллион теңгедей ақша шашпақ болды.

Өзін-өзі ақтамаған бұл бағдарламаның күшін Бақытжан Сағынтаев Үкіметі 2018 жылғы 16 қарашадағы №767 қаулысымен жойды. Бірақ жасампаздық танытып жатпай, сол аттас "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын" құптай салды.

Қазақстанның "Әділет" НҚА-лардың ақпараттық-құқықтық жүйесі бұл құжаттың әзірге күшінде екенін көрсетеді. Алайда шынында оны қаржыландыру тоқтатылған.

Енді Смайылов Үкіметі моно, соло деп айқындауыш тақпай, еліміздегі 90-ға жуық қаланың ішінде әбден көнеріп, өркениет көшінен арттап қалған, ауыл-кент деңгейіне дейін құлдырап бара жатқан шағын қалалардың әрқайсысын жеке-жеке дамыту жолдарын қарастыруда. Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияровтың мәліметінше, Қазақстанда 27 моноқала және 43 шағын қала бар. Оларда жалпы саны 2,5 миллион халық өмір сүруде.

"Бұл елді мекендерді базалық инфрақұрылыммен қамту шаралары "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында жүзеге асады. Мәселен, оларда 1,8 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылады. 2020 жылы 15 моно және 5 шағын қалаға 10 млрд теңге бөлініп, қалаішілік жолдар мен инфрақұрылымдардың 26 жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде, 670 жұмыс орны ашылып, 200 шақырым автомобиль жолы мен инженерлік желілер жаңғыртылған. 2021 жылы республикалық бюджеттен 17 миллиард теңге бөлініп, 23 қалада 62 жоба жүзеге асырылды. 400 шақырым жол мен желі жөнделіп, 1 мың жұмыс орны құрылды. 2022 жылы 28 қалаға 25,8 млрд теңге бағытталып, 54 жоба іске асты. Тиісінше, 2012–2022 жылдары моно және шағын қалаларға жалпы сомасы 103,9 млрд теңге жұмсалды", – дейді Нұрлан Құдияров.

Енді бұдан да көп сома жалғыз ғана қалаға – Степногорға жұмсалмақ.

Степногордың соры да, сүйеуі де бір

"Ақмола облысының Степногор қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының" жобасы әзірленді. Ол алда Үкімет қаулысымен бекітілмек.

"Кешенді жоспарды іске асыру 106 млрд 967,1 млн теңге қосымша шығындарды талап етеді. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 28 млрд 517,9 млн, жергілікті бюджеттен – 16 млрд 201,3 млн теңге бөлінеді. Қалған 62 млрд 247,9 млн – жеке инвестициялар болады. Бұл қалада білім, денсаулық сақтау, мәдениет объектілерінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, спортпен шұғылданатын халық санын ұлғайтуға, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті арттыруға, жол төсемі сапасын 100% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге, орталықтандырылған сумен 100% қамтуға мүмкіндік береді. Тұрақты жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі артады. Шағын және орта бизнестің жаңа субъектілері ашылып, жеке инвестициялар тартылады", – деп хабарлады түсіндірме жазбасында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Степногор қаласы – Ақмола облысының индустриялық орталығы. КСРО заманында кеңестік егжей-тегжейлі карталарда да қазақстандық бұл қала көрсетілмейтін. Одақ оны сырт көзден жасырып, жабық ұстады. Себебі, бұл маңда уранның мол қоры табылды. Жергілікті кеніштер уран сыртында, алтын, палладий, платина, молибден қоспаларына бай. Қызыл империя 1955 жылы онда "Комбинат №4" деген құпия кодтық атаумен комбинат салуды бастады. Кәсіпорын бүкіл КСРО қорғанысын қамтамасыз ететін ядролық қаруды жасау және өндіру үшін қажетті материалдарды: ураннан бастап, металдар мен химиялық элементтерді өндіруге тиіс еді. Осыдан-ақ оның империя үшін орасан зор стратегиялық маңызын байқауға болады. Демек, оның жабық қала мәртебесін алуы бекер емес. Қаланың өзі 1959 жылы құрылды.

Степногор қаласының әкімшілік бағынысына 8 елді мекен берілген: 4 кент, 3 ауыл, 1 ауылдық округ. Шаһардың және іргелес аумақтардың жалпы ауданы 290 мың гектар. Бұл аумақта 2023 жылғы қаңтардағы дерек бойынша 68,5 мың адам тұрып жатыр. Соның ішінде еңбекке жарамды экономикалық белсенді тұрғындар саны – 37,5 мың адам.

Қалада бұрынғы өндіріс орындарының үлкен бір бөлігі сақталған. Негізінен солардың үлес қосуымен Степногор 2022 жылы 413,6 миллиард теңгенің тауарын өндірді. Сөйтіп, бүкіл Ақмола облысының өнеркәсіптік өндірісіндегі оның үлесі – 27,9%-ды құрады.

Өнеркәсіп құрылымында ең көп үлес өңдеу саласына тиесілі: 75,3%. Өйткені метал өңдеу, химия өнімдерін шығару да сол салаға жатады. Бұған "Степногор тау-кен химия комбинаты" ЖШС, "Степногор БЖК" АҚ, "Астана-Нан Кемикалз" ЖШС Степногор филиалы, "SSAP" ЖШС, "Альфа Органик спирт зауыты" ЖШС, "Sareco" ЖШС, "Степногор машинажасау зауыты" ЖШС, "Целингормаш" ЖШС, "Промзащита" ЖШС кәсіпорындары кіреді.

Бірақ нағыз алпауыттары өндіріс саласында: Индустрияландыру бағдарламасы аясында 2021 жылы "Ақсу Teshnology" ЖШС жылына 6 тонна алтын өндіретін фабрикасын пайдалануға берді. Ал "Алтыналмас" АҚ, "Қазақалтын" ЖШС тау-кен өндіру саласының көшбасшылары болып табылады. Қалада 2022 жылы құрамында алтын бар 7 миллион 361,4 мың тонна кен шығарылып, електен өткізілген.

2022 жылдың басынан бері Степногор жаман атымен республикалық ақпарат құралдарының басты тақырыптарына ілікті: бұған жергілікті жылу орталығындағы қайталана берген апаттар себеп болды. Энергетика министрлігі анықтағандай, қаланың жылу және электр энергиясының жалғыз көзі – Степногор ЖЭО. Бұрынғы стратегиялық өлкенің бүкіл қуат жүйесі жеке қолдарға өтіп кеткен.

"Қаланың электр желілерінің жалпы ұзындығы – 466,3 шақырым. Электр желілері – жеке меншікте: "Степногор-Энерготранзит" ЖШС иелігінде. Қаланың жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 247,5 шақырым. Жылу желілері де жеке меншікте: "Степногор-Теплотранзит" ЖШС қарауында", – деп хабарлады меморган. Осы орайда энергетикалық проблемалар бұл бесжылдықта шешілуі қажет шұғыл мәселелер қатарына кірзігіліп отыр. Жергілікті монополист 2026 жылдың соңына дейін Степногор ЖЭО-сын күрделі жөндеуді аяқтауы шарт.

Қала сыртында әкімнің қосалқы басқару пункті құрылады

Ақмола өңірі – ауыл шаруашылығына маманданған. Степногор айналасында "Қазақстанның жылыжай технологиялары" ЖШС жылыжай кешендерінде көкөністер, ал "ГРЭС "жылыжай кешені" ЖШС филиалы гүлдерді өсіреді. Олардың өнімі елорданың сөрелеріне де жетеді.

Степногордың бесжылдықта шешілуі қажет проблемалары келесідей: біріншіден, инженерлік желілерінің тозығы жеткен. Оның үстіне, барлық желілері. Соның ішінде су құбырларының тозуы – 40%, кәріз желілерінде – 65%, жылу желілерінде – 81,6%, электрмен жабдықтауда – 60%.

Екіншіден, экологиясы бұзылған, улы шаңы бұрқырап, кен өндірілетін өлкелерде халық аурушаң болып келеді. Жығылғанға жұдырық дегендей, қаланың өзінде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы өткір тұр. Орталық қалалық аурухана да қатты тозған. Үшіншіден, степногорлықтар жол азабын тартып келеді. Қаланың автомобиль жолдары реконструкциялауды, орташа жөндеуді талап етеді. Төртіншіден, тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмаған. Инфрақұрылым керек. Бесіншіден, өңірдің өнеркәсіптік мамандануына байланысты экологиялық проблемалары ушығып барады.

Ал Кешенді жоспарды іске асырудан 2027 жылы күтілетін нәтижелер келесідей: біріншіден, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы азайтылады. 68,5 мың адам үздіксіз сумен қамтамасыз етіледі. Екіншіден, кадрлық әлеуетті арттыру және көрсетілетін медициналық қызметтерді жақсарту шаралары қабылданбақ. Үшіншіден, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 74%-дан 90%-ға дейін жеткізіледі.

Төртіншіден, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 40%-ға дейін артады. Бесіншіден, өнеркәсіп өндірісінің көлемін 550 млрд теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Соның ішінде 70%-дан астамын өңдеу өндірісі еншілемек. Өнім шығарылымын 71 миллиардтан 90 млрд теңгеге дейін көбейту, жұмыспен қамтылғандар санын 12 мың адамға дейін жеткізу, жұмыс істеп тұрған субъектілер санын 3,5 мыңнан 3,8 мың бірлікке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Ең бастысы, Үкімет атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын азайтуға, қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындардың жауапкершілігін көтеруге уәде етті.

Жалпы, кешенді жоспар барлық көздерден қаржыландырылатын 85 іс-шарадан тұрады. Арасында мысалы, бесжылдық ішінде қала ауылдарын дамыту және құрылысын жүргізу схемалары әзірленіп, жүзеге асырылады. "Қазақалтын Technology" ЖШС үш жыл ішінде 24 миллиард теңге инвестиция салып, Ақсу кентінің алтын өндіру фабрикасын қайта жаңартпақ. Степногор таукен химия комбинаты Гидрометаллургиялық зауытты қайта жаңартудан өткізеді, кеңейтеді. Кепілдендірілген түрде жылына 6 мың тонна уран өңдеуді қамтамасыз ету үшін резервтік қуаттар құрылады, уран өндірісі жылына 7 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. "SSAP" ЖШС 5 млрд теңге инвестиция салып, 2025 жыл соңында Аммоний сульфатын өндіру зауытын іске қосуға ниетті.

Өңірдегі ірі кәсіпорындар шағын және орта бизнес субъектілерімен тауарлар мен қызметтерді жеткізу бойынша ынтымақтастығын кеңейтуге міндеттеледі. Олардың бәрі жалпы саны кемінде 100 шарт бекітіп, өз айналасында орта, шағын кәсіпкерлікті дамытуға тиіс болады. Картоп егістігін кеңейту, көкөніс сақтау қоймасына арналған үй-жайларды жаңғырту сияқты ауыл шаруашылығы жобалары қолдау табады. Өңірде сумен жабдықтау жобалары іске асырылмақ.

2025 жылға шейін қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу қарастырылған. Келесі жылы қаланың "Горняк" мәдениет сарайының ғимараты және оның жанындағы "Эстрада театры" күрделі жөнделеді. Степногор қаласында 2 автомобильге арналған өрт депосы салынады.

"Қаланың қауіпсіздігі" бөлімінде Степногорда бомбапаналар құру жоспарланып отыр. Бомбанапаналарды құру азаматтық қорғаныс санатына жатқызылған, соғыс уақытында жұмысын жалғастыратын ұйымдарға жүктеледі. Оларды пайдалануға беру актісіне 2025 жылғы 4 тоқсанда қол қойылмақ. Ақмола облысының әкімдігі бұл іске 1 миллиард теңге бөледі. Сол кезде қалада зымыранның ұшырылғанынан сақтандыратын дабылдатқыш жүйелер де дайын болуға тиіс екен. Одан бұрын, келесі жылы Қалалық хабарлау жүйесін басқару пульті енгізіледі.

Бетін аулақ қылсын, бірақ соғыс кезінде шаһар басшылығы жұмысын жалғастыруы үшін 2025 жылғы 4 тоқсанда "Қала әкімінің қала сыртындағы қосалқы басқару пункті" (орысша нұсқасында "загородный запасный пункт управления акима города Степногорск") құрылуға тиіс. Бұған 900 миллион теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 4 тоқсанда "Қала әкімі басқармасының қалалық қосалқы пунктін" (городской запасный пункт управления акима города Степногорск) құрылмақ, оған да 900 млн теңге қарастырылған. Ал 2025 жылғы 4 тоқсанда 1 дана "Азаматтық қорғау басқармасының жылжымалы пунктін" (подвижной пункт управления гражданской защиты) сатып алуға 800 теңге сұралып отыр. Жалпы, қазіргі алмағайып, тынышсыз заманда бұл бағыттағы қам-қарекетке өзге қалалар да кіріссе жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу