Еуразиялық одақ "бөліне" бастаған ба?

11995

Халықаралық сарапшылар Ресей, Беларусь, Армения басшыларының Қырғызстандағы саммитке бармай қалуын талқылап жатыр. 

Еуразиялық одақ "бөліне" бастаған ба?

Коронавирус, күрес, дағдарыс, соғыс, алас-күлеспен жүріп, қоғамдық пікір ұмытып кеткен болар, шынында, Еуразиялық экономикалық одақ кезекті атаулы межеге келіп жетті. Нақтылай кетсек, оған 8 жыл толып отыр. Сонау 2014 жылғы 29 мамырда, Қазақстанның елордасында, Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей көшбасшысы В.Путин және Беларусь басшысы А.Лукашенко "Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартына" қол қойды.

Осы күн ЕАЭО-ның "туған күні" есептеледі. Тиісінше, бұған дейін жыл сайын барлық президенттер мүше мемлекеттердің бірінің астанасында жиналатын. Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің саммитін өткізетін. Қаздай тізіліп, суретке түсетін. Бірлескен мәлімдеме не декларация қабылдайтын. Биыл пандемияның беті қайтып, карантин жойылғандықтан, одақ елдерінің лидерлері сол дәстүрмен кезекті саммитке жиналады деп күтілді. Оның үстіне таяуда, 16 мамырда ғана Мәскеу ҰҚШҰ елдерінің президенттерін саммитке жиғаны мәлім.

Бұл жолы одақ құрылтайын өткізуге қырғыз елі қызу дайындалды. Себебі, 2022 жылғы 1 қаңтарда ЕАЭО төрағалығы Қазақстаннан Қырғызстанға көшті.

Ақыры не болды?

Қазақстан лидері Қасым-Жомарт Тоқаев түркі тілдес ағайын әрі туыстас көршіні қолдау үшін Бішкекке ресми сапар жасады. Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов бірнеше қызықты жайтқа назар аудартады.

"Байқауымша, Ақорданың ресми сайты да, қазақстандық ресми ақпарат құралдары да Қ.Тоқаевтың Бішкекке сапарын және оның қырғыз әріптесі Садыр Жапаровпен келіссөздерін бірінші орынға қойды, соған екпін түсірді. Екінші орынға адамзаттың кемеңгері, һәкім Абайдың Бішкектегі ескерткішінің ашылу рәсімі мен ҚазҰУ-дың филиалының ашылу рәсімі шықты. Бұлардың бәрі біз үшін маңызды, қос елдің бауырластығын паш ететін, халықтарымыздың рухын көтеретін, жақындастыра түсетін символға толы шаралар. Ал Еуразиялық одақтың кезекті атаулы межесі осы іс-шаралардың көлеңкесінде қалды. Екіншіден, одаққа мүше бес елдің үшеуі Қырғызстандағы саммитке баруды жөн деп таппапты. Тіпті ең басты кеңес отырысына онлайн-форматта қатысты. Сорақысы сол, Ресейге айына бес рет жүгіретін Беларусь басшысы бұл жиынға тіпті онлайн режимде де қатыспады, мұны премьері Головченкоға жүктей салыпты", – дейді саясаттанушы.

Оның пайымдауынша, қайта мұнысы жақсы болды. Одақтың түркі қанаты саналатын қос елдің көшбасшысы қордаланған мәселелерді сырт көзден таса, оңаша отырып талқылады.

Үшіншіден, шетелдік сарапшылар да, журналистер де Қазақстан лидерінің бір тосын мәлімдемесіне назар аударды.

"Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ. сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Бір жайтты ерекше атап өткім келеді: Қазақстан тек Қырғыз елімен ғана осындай тығыз байланыс орнатты!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саясаттанушының тұспалдауынша, осы арқылы Қазақстан лидері одақтың бірде бір елі республикамызбен дәл қырғыз еліндей, нық сенім мен толық түсінушілікке құрылған ынтымақтастыққа қол жеткізе алмағанын меңзеп өткенге ұқсайды.

"Әрине, дәл қазір одақ жайрап қалады деу популизм болар еді. Қасым-Жомарт Тоқаев та одақ органдары мәселелердің шешімін созбалаңға салады деп сынға алғанымен, ұйымның болашағы жоқ демеді. Қайта ЕАЭО кеңістігіндегі өзара сауда-саттықты арттырудың перспективасына тоқталды. Әйткенмен одақтың үш елі (Ресей, Беларусь, Армения) түрлі санкциялар қыспағында қалып тұрғанда, сауда-саттықты қалыпты дамыту мүмкін емес, тіпті зиянды. Қайталама санкцияларға ілігіп қалуы мүмкін. Әлемдегі ең көп санкцияға тап болған Мәскеу бұл ұйымды шектеулерді айналып өтуге, яғни "прокладка" есебінде пайдаланғысы келеді. Ал Тоқаев әрбір мемлекет төл ұлттық мүддесін көздегені жөн дегенді айтты. Біздің ұлттық мүддеміз – экономикамызды, кәсіпкерлерімізді санкцияға іліктірмеу. Демек, Тоқаев Путиннің қысымына сынбай, табандылық танытатын сияқты", – дейді саясаттанушы-ғалым.

Шын мәнінде, соңғы уақытта Кремль өзі кіретін ұйымдарды саяси мәселелерді ілгерілететін алаң ретінде пайдалануға жаман үйреніп алды. Халықаралық қоғамдастықтың оны БҰҰ құрылымдарынан, Еуропаның ұйымдарынан сыртқа шығарып тастағаны да содан болса керек. Сол себепті қазақстандық кейбір сарапшы ЕАЭО да сондай алаңға айналып кете ме деп алаңдаушылық білдірген. Президент Қ.Тоқаев "Қазақстан еуразиялық интеграцияның іскерлік әрі прагматикалық негізде дамығанын" қалайтынын ашық ескертті.

Айтқандай, жиында қырғыз Президенті Садыр Жапаров ұлтүстілік орган – Еуразиялық экономикалық комиссияның құзырын кеңейтуді ұсынды. Қ.Тоқаев оны қолдамады. Қырғыз әрине, біздің ең жақын еліміз, бірақ ұлттық мүдде мен тәуелсіздік бәрінен қымбат.

"ЕЭК – үкімет емес, ол жай атқарушы орган. Біз оған елдеріміз қол қойған шарт негізінде, жарғыға сәйкес тиісті өкілеттіктерді тапсырдық. Одақтың дамуы барысында туындаған қиындықтарды драматизациялаудың қажеті жоқ", – деп шорт кесті Қазақстан көшбасшысы.

Одақтың "шинелі" қақырай бастады ма?

Бүгін Бішкекте Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиыны өтуде. Оған да үш елдің басшысы бейнебайланыс форматында қатысты. Алайда осыдан бір айдай бұрын ресейлік ақпарат құралдары Қырғызстанға одақтың барлық елдерінің басшылары, соның ішінде РФ басшысы да сапарлап баратынын хабарлаған еді.

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович үш елдің басшысы тек соңғы сәтте барудан бас тартқанын жеткізді.

"Біз саммит дәстүрлі, офлайн, бетпе-бет форматында өтеді деп дайындалғанбыз. Алайда дәл соның қарсаңында мемлекет басшылары отырысқа тек бейнеконференцбайланыс режимінде ғана қатысуға шешім қабылдады", – дейді ЕЭК алқасының басшысы.

Осының алдында Кремль Тоқаев пен Путиннің "Еуразиялық одақтан Қазақстанның шығуы мәселесін" талқыламағанын мәлімдеген болатын. Ресейлік журналистердің осыған қатысты сұрағына РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қысқа ғана: "Жоқ!" деп жауап берді.

Әйтпесе, саммиттен бір күн бұрын еуропалық, тіпті ресейлік басылымдар "одақ күйреуі мүмкін" деген ауанда сараптамалар бере бастады. Мысалы, ресейлік "Независимая газетада" саяси шолушы Виктория Панфилованың "Евразийский экономический союз затрещал по швам. Украинский вопрос изменил формат саммита" деген мақаласы шықты.

Одақтың жартылай онлайн, жартылай офлайн саммитінде президенттер ЕАЭО аясындағы интеграцияны 2025 жылға дейін дамытудың стратегиялық бағыттарын және басқа да өзекті мәселелерді талқыға салады. Сонымен қатар мүше елдер басшылары 2022-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат бағдарларын бекітіп, одақтың сыртқы серіктес елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандыру мәселесін пысықтайды.

Бұл мәселелер бойынша қандай ұйғарымға келетіні де маңызды. Өйткені РФ Ғылым академиясының Посткеңестік зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Станислав Притчиннің айтуынша, одақ елдері 2025 жылы ортақ қаржы нарығын құру үшін заңнамаларын өзара бірыңғайландыруға тиіс еді. Қаржы нарығын реттеудің ұлтүстілік органы Алматыда орналасады деп белгіленген. Барлығын соғыс бұзған көрінеді.

"Жағдай күрделі. Одақ болашағына қатысты мәселелер "үлкен сұрақтың астында" тұр. Ресейдің одақ бойынша серіктестері қазір оның нарығын немесе онымен ынтымақтасудан келетін табысты жоғалтудан қорықпайды, олар Батыстың санкцияларынан қорқады. Мәселен, Ресей қаржылық санкцияларды Орталық Азия және Армения арқылы айналып өту тетіктерін қарастырды. Айталық, ресейліктер осы елдерден банк карталарын рәсімдей бастады. Бірақ батыстық төлем жүйелері тарапынан бұған жол берілмейтіні туралы алғашқы сигнал түскені сол, жағдай күрт өзгеріп сала берді. Бүгінде тіпті Орталық Азия мен Арменияда жұмыс істейтін, оқитын ресейліктерге де Master Card және Visa карталарын ашу қиын болып кетті", – дейді Станислав Притчин.

Жағдайдың неге мұндай сипат алғанының себебін Ресей өз тірлігінен іздегені жөн. Бұл енді Қазақ елі бас қатыратын мәселе еместей.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу